АУДАРУ немесе АУДАРМАУ: Жаңа сөздер қатары қалай толықты?

АУДАРУ немесе АУДАРМАУ: Жаңа сөздер қатары қалай толықты?

​Карантин басталғалы «онлайн жұмыс», «офлайн жұмыс» деген түсінік қалыптасты және күнделікті қолданыстағы қарапайым сөзге айналды. Осы сияқты қоғамдық үрдіс, ғылым-білімнің дамуы, технология жаңалықтары мен жаһандану сөздік қорымызға там-тұмдап еніп жатыр. Олардың бірқатары қазақшаға аударылса, енді біразы сол қалпында қабылданып кетеді.

Жалпы ғұлама ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбановтардың еңбегіне сүйенсек, терминді аударудың ең басты шарты – оның мағынасын дәл беру. Біз осы шартты сақтап жүрміз бе? Халықаралық терминді аударғанда қандай өлшемшартты ­басты назарға алу қажет? Олардың емле ережесін қайдан көруге болады? Осы сауалдарға жауап іздеп, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына хабарластық.


2021 ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ ТЕРМИНДЕР АУДАРЫЛДЫ?

Ш.Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бас­қармасының басшысы, ф.ғ.к. Бақытгүл Ысқақтың айтуынша, былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы жасанды интеллект, ­фармацевтика, сәулет және құрылыс саласы бойынша жаңа терминдерді бекіткен. Олардың қатарында білеу (брус), бұранда (винт), көздеуіш (визир), сегіздік (восьмеричный), сомын (гайка), үйфон (домофон), өнертабыс (изобретение), шын теріс (истинно отрицательный), шын оң (истинно положительный), меңзер (курсор), шығыр (лебедка), баптау (настройка), бейсан (нечисло), жаңарту (обновление), оңтайландыру (оптимизация), жүгірткі (ползунок), шиыршық (спираль), жота (хребет), сүмбі (шомпол), өршу (эскалация) деген сөздер бар.

Жалпы қай салада болса да, бірізден­дірілмеген терминдер баршылық. Кейбір терминдердің жазылу тәртібі, ережесі әлі шықпаған. Мысалы, жоғарыда айтқан «офлайн» сөзіне бір немесе екі «ф» әрпімен жазу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Терминология басқармасының басшысынан осы мәселені де сұрадық.

«Шеттілдік терминдер біздің тілімізге орыс тілі арқылы еніп жатқандықтан, түпнұсқа тіліндегі (offline) екі ф-мен емес, офлайн сөзінің жазылуын бір ф-мен жазылу ұсынылады, мысалы office – офис, offshore – офшор, offside – офсайд сияқты», – деп түсіндірді Бақытгүл Ысқақ.


ТЕРМИНДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУ ЕРЕЖЕСІН ҚАЙДАН ҚАРАЙМЫЗ?

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты орфографиялық сөздікті жаңартып, қайта шығаруды жоспарлап отыр. Одан бөлек, сөздердің дұрыс жазылуын «Еmle.kz» сайтынан, терминдердің жазылуын «termincom.kz» сайтынан қарауға болады. Сайтта қай сөздің қай жылы бекітілгенін де табуға болады. Әрине, барлық сөз қамтылмаған. Десе де, талғажау етуге болады.


БАРЛЫҚ ТЕРМИН АУДАРЫЛУЫ КЕРЕК ПЕ?

Бақытгүл Ысқақтың айтуынша, термин­дерді аудару немесе аудармау мәселесі әлі күнге дейін шешілмеген.

«Қазіргі инновациялық технологиямен бірге тілімізге ағылшын тілінен күн сайын жаңа терминдер еніп жатыр. Біз тек жаңа өнімдерді ­тұ­тынушы ел болғандықтан, жаңа терминдерді де өніммен бірге сол қалпында қабылдаймыз. Ақпарат ағынымен келіп жатқан жаңа атау, тер­миндердің бәріне балама табу мүмкін де емес. Сондықтан ондай терминдер аудармасыз сол қалпында қабылданады, мысалы: гаджет, ноутбук және т.б.», деп түсіндірді ол.

Терминология басқармасының басшысының сөзіне сүйенсек, Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология ­комиссиясы отырысына бекітуге ұсынылатын терминдердің кейбірі баламасыз шет тілінде не орыс тілінде және қазақша аудармасымен екі нұсқада беріледі. Комиссия мүшелері мұндай терминдерді талқыға салып, қазақша аудармасы сәтсіз, қолданысқа түсуі екіталай болса немесе аудармасы терминнің дефинициясын толық ашпайтын болса, онда басқа тілдегі нұсқасын мақұлдайды. Мысалы, газ тәріздес дәрілік формалар немесе газ тәріздес дәрілік түрлер нұсқасынан газ тәріздес дәрілік формалар мақұлданған. Сол сияқты гипер-сүзгілеу немесе жоғары сүзгілеу арасынан – гипер-сүзгілеу; дайын дәрілік форма немесе дайын дәрілік түр арасынан – дайын дәрілік форма; дезодорация немесе иіссіздендіру нұсқасынан – дезодорация; денатурация немесе жарамсыздану нұсқасынан – денатурация; дисперсиялау немесе ұсақтау арасынан – дисперсиялау; логистикалық сервис немесе логистикалық қызмет нұсқасы арасынан логистикалық сервис сөзі таңдалған.

Терминдерді ғалымдар бекіткенімен, оның көңілге қонғанын алып, тілге «томпақтау» келгенін сүзгіден өткізбей қою – халықтың еншісінде. Сондықтан тіл мамандары халықты бұл мәслеге де атсалысуға шақырады.