​Тіл реформасы: жаңару өрісі

​Тіл реформасы: жаңару өрісі

Ұлттың рухани дамуы – оның тілімен, мәдениетімен тікелей байланысты екені баршаға мәлім. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің дамуын жаңа сатыға көтеретін «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын жүзеге асыруға қатысты құжатқа қол қойды. Аталған ұлттық жобадағы тіл мәселесіне арналған тараудың маңызды бөлімі – жазу реформасына қатысты. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшірілуі осы реформаның негізі дер болсақ, жаңа жазудан не күтеміз, оның бізге берері не, ол тілімізді қалай жаңғыртпақ деген сауалдар көпті мазалайтыны анық.Рухани жаңғырудың өзегі де, арқауы да – тіл. Қандай реформа болсын, оның жүзеге асуы үшін мазмұны да, соған орай түрі де өзгеруі керек. Біз тілдің мазмұнын сөз байлығымен, ал оның түрін – әліпбимен, емлемен, тілдің грамматикасымен байланыстырамыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан тілдің құрылысын өзгерту мүмкін емес. Дегенмен саяси идеология ықпалымен әліпбиімізге енген жат таңбалардан арылып, соған орай емлеміздің кейбір тұстарын жаңартуға міндеттіміз. Латынграфикалы әліпбиге көшу осы өзгерістерге мүмкіндік беретін фактор іспеттес.

Қазіргі қоданыстағы 50-ден астам түркі тілдері жазуының 57 пайызы латын әліпбиінде, 25 пайызы араб жазуында, 17,7 пайызы кирилл әліпбиінде екен. Түбі бір түркі тектес халықтардың ішінде кирилл әліпбиін қолданатын елдер қатарында Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары ғана бар. Аздан көпке ұмтылу, қолайсыздан қолайлыға қарай талпыну, дамыған елдердің қатарына ілесу табиғи қажеттілік пен заңдылық дер болсақ, әлбетте, латын әліпбиіне көшу – заманмен үндесетін қадам.

Латын әліпбиі – біздің жазу тарихымызда болған жазу үлгісі. Қазақтың ғылымы мен өнеріне, мәдениетіне еңбек сіңірген талай тұлғалар осы әліпбимен сауатын ашқан, шығармашылық жолын қалыптастырған. Айталық, аса көрнекті жазушы, ұлт қайраткері Шерхан Мұртаза, қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаев, қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтар, ғылымның барлық саласындағы қаншама академиктер осы әліпбиде хат танып, еңбектерін жазған. Бұл әліпби – қазақ үшін таңсық жазу әлемі емес, таныс жазу үлгісі, кеңестік кезде білім алған аға буын өкілдеріне де, қазіргі бізге де соншалықты таныс әліпби. Мысалы, математика мен геометриядағы, физикадағы символдар мен формулалар латын әліпбиінде. Демек, адамның логикасын қалыптастыратын сандық амалдарды, жаратылыстың күйі мен сапасын танытатын өлшемдер мен мөлшерлерді осы әліпбиде санамызға сіңірдік. Сондай-ақ химия пәніндегі элементтердің периодтық жүйесіндегі 100-ден астам атаулардың бәрі тағы да латын таңбалары арқылы санамызда орнықты. Оған география мен биологиядағы шартты белгілерді қосыңыз. Сонда кешегі һәм бүгінгі әрбір мектеп оқушысы бұл әліпбимен жете таныс деуге негіз жеткілікті. Байқап отырсақ, латын әліпбиі қазіргі жаһандану жайлаған заманда тұрмысымызға да, жұмысымызға да, қоғамдық орындарға да әбден енді. Үйдегі тұрмыстық заттардан бастап көшедегі жарнамаларға дейін осы әліпбиде. Өміріміздің сәт сайынғы, сағат сайынғы салтына айналған қалта телефонымыз латын әліпбиінсіз жұмыс істей алмайды. Астымыздағы көлігіміз, үстіміздегі киіміміз, алдымыздағы асымыздың атаулары да осы жазу үлгісінде. Сондықтан, бұл әліпби ресми шешім шығармай-ақ өмірімізге еніп алған. Жаһанданудың қарқыны мен екпіні бәрімізді шарпуда. Одан тыс тұру, қалыс қалу тіптен мүмкін емес. Қоғамдағы әліпби реформасы бастапқыда пікір алуандығымен, полярлық ойлардың айтылуымен сипатталса, қазір ғылыми уәждер мен тұжырымдарға негізделген қорытындыға келді. Осы ретпен қарасақ, бүгінде қазақ әліпбиін түзу мәселесі ғылыми және әдістемелік мазмұнға ойыса бастады. Ұлттық жоба аясында Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі мен емле ережесі жобалары қаралып, бекітілгеннен кейін, латын графикасына көшу жұмыстары кезең-кезеңмен іске асырылатын болады. Емле ережелерінің негізінде Үлкен орфографиялық, Үлкен орфоэпиялық сөздіктер, Үлкен грамматикалық анықтағыш, топонимикалық сөздік, антропонимикалық атаулар анықтамалығы, қазақ тілінің орфографиялық, орфоэпиялық анықтағыштары, сөйлеу мәдениеті бойынша анықтамалық, практикалық стилистика және пунктуация бойынша құралдарды әзірлеу, басып шығару жұмыстары қолға алынады.Жаңа әліпбиді және емле ережесін меңгерту мақсатында жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының, оқыту орталықтары оқытушылары мен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру курстарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, мемлекеттік тілді оқыту бойынша IT өнімдерді әзірлеу, қолданысқа енгізу қызметтері де Ұлттық жобада қарастырылған. LinguaLeo платформасында қазақ тілін оқыту курстарын әзірлеу, машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған «Til-Qural» веб-сервисін жетілдіру, балаларға арналған ойын түріндегі мобильді қосымшалар, қазақ тіліндегі мәтінді дауыспен енгізу қосымшасын, қазақ тілінің заңдылықтарын тексеруге арналған «Qazgramma» көпфункционалды бағдарламалық кешенін әзірлеу жұмыстары жүзеге асырылады. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің дәуірлік мәселесі мен маңызы ұлттық жаңғырудың өрістеуімен тікелей сабақтас. Біз тәуелсіз ел ретінде замана көшіне ілесіп, өркениет төрінен орын алғымыз келсе, еліміз бен халқымызға не қажет, не игі соларды жүзеге асырғанымыз жөн. Тіл реформасы бұл – сана реформасы, жаңғырудың амалы, сонысымен де маңызды.


Лиза ЕСБОСЫНОВА,

«Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «ТілҚазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ

бас директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі