Тілді төрге оздырған ел өркендейді

Тілді төрге оздырған ел өркендейді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында Түркістандағы «Farab» кітапханасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Маңызды жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің ­депутаттары, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ­зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл ­жанашырлары, өңірлерден 57 ­делегат қатысты.

«Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақта­луына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айтқан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның ая­сында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуат­тады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тілдің жойылатынын дәлел ре­тінде келтіріп отыр. Осыған қарап, әлем­дегі 7 мыңға жуық тілдің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтты...».

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ЕЛДІ БІРІКТІРУГЕ

АЙНАЛДЫРАТЫН КҮШ

Оқырманның есінде болар, Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылған еді. Ал 1992 жылы Алматыда өткен II құрылтайға ­Елбасы арнайы қатысып, сөз сөйлеген болатын. Бұл құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебе иеленді. Қоғамды әр жылдарда басқарған академиктер, белгілі тілтанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбаевтардың ерен еңбегімен көзіқарақты жұрт таныс. Ерден Қажыбек басшылық еткен аздаған уақытта да қоғам мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетпеуді көздегені рас.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңуі – мемлекеттіліктің нығаюы. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуға тиіс екенін мәлімдеген болатын. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деген еді Президент.

Алқалы жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді.

– Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақта­луына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғал­ған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айтқан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның ая­сында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуат­тады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тілдің жойылатынын дәлел ре­тінде келтіріп отыр. Осыған қарап, әлем­дегі 7 мыңға жуық тілдің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтты...

Бұл құрылтайды Түркістанда өткізуі­мізде мән бар. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде дамып келеді. Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар. Елорданы көріп жүрсіздер, бұл жолы Түркістанның жаңа келбетін көрсін, қуансын деп құрылтайды осында ұйымдастыруды жөн көрдік.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ­бастамасымен бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституцияға сәйкес қазақ тіліне Мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Алайда бүгінгі қоғамда кейбір азамат­тардың Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республи­касындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма бола тұра, келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді негізге алып, «бізде екі мемлекеттік тіл бар» деген жаңсақ түсінікте жүргені де байқалады. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойды. Қазақстан халқына арналған Жолдауын­да айтылғандай: «Ата Заң бойын­ша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі».

Салыстырар болсақ, 1991-1992 жылдары балабақшаның 25 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Қазіргі уақытта балдырғандардың 76 пайызы қазақ тіліндегі топтарда тәрбие мен білім алуда. Ал мектептерде қазақ тіліндегі оқушылардың үлесі бар болғаны 33,6 пайыз болса, бұл күнде ол 65,6 пайызға жетті және бұл динамика ілгерілеу жолында. Бір кездері Алматыда бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі, қазіргі астанада ана тілімізде білім беретін бір ғана мектеп болғанын ешкім ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Сол сияқты колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны едәуір көбейіп, қазір 65,3 пайызға жетті. Яғни білім берудің барлық салаларында қазақ тілі басымдыққа ие болды. Мемлекеттік органдар арасындағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 2008 жылы 50 пайыз болса, қазір қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі шамамен 94%-ды құрайды. Әрине, құжаттарды орысша дайындап, соңына қазақша аудармасын ілестіріп жіберетін көзбояушылықтың барын да ашық айтуымыз керек. Алдағы уа­қытта іс-қағаздарының мемлекеттік тілде дайындалуын қадағалауды күшейткен дұрыс. Бұл мәселеге қоғам да атсалысуға тиіс. Ұлттық жоба аясында 23 миллион тіл үйренушісі бар «Лингуалео» (LinguaLeo) білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курстарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасын құру жұмысы қолға алынып отыр. Бүгінде корпустағы сөз қолданыс саны 14 миллионға жетсе, 2025 жылы 40 миллионға жеткізу жоспарлануда, – деді Қырымбек Көшербаев.

Сондай-ақ ол қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Президент Әкімшілігі мен ел Үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Құрылтайда латын графикасына көшу мәселесі де елеусіз қалған жоқ.

– Бұл орайда Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу міндеті белгіленгені мәлім. Аталған міндетті орындау елімізде тіл реформасын жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Бізге қазақ тілін реформалау қажет, егер қаласаңыз, тілімізді жаңғырту керек» деген еді. Жаңа әліпбиге көшу, тіл реформасын жүзеге асыру – еліміздің ішкі саясаты саласындағы аса маңызды тың жоба. Үкімет осы бағыттағы ұйымдастырушылық жұмысты зор жауапкершілікпен атқаруға тиіс. Басқаша айтқанда, қазақ тілі өзінің табиғи, тұмса қалыбына қайта оралуы үшін осындай реформа жасауымыз керек. ­Президент мемлекеттік тілді оқып, үйренудің, қазақ тілін ғылым мен мәдениет тіліне айналдырудың аса маңызды екенін баса айтты. Бұл орайда тілді үйретуде білім саласының орны ерекше, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, тіл саласында проблемалар да бар. Мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты даулар, түсінбеушіліктер орын алып жатқанын да көріп отырмыз. Бұлар негізінен қызмет көрсету саласына, көрнекі ақпарат, жарнамаға байланысты өрістеп жүр. Қазақша мәтіні қате немесе тек бір тілде ғана орналастырылған көрнекі ақпарат, жарнама қоғам тарапынан үлкен сынға түсіп, мемлекеттік органдарға түсетін шағымдар көбейді. Мәселен, тек 2019 жылдың өзінде 12 900 адам шағымданған. Шағымдарға жүргізілген талдау барысында жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық қателердің көп жіберілетіні анықталды. Осыған орай «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Парламентке енгізіліп, бүгінгі күнде ­Сенатта қаралып жатыр.

Жиын барысында Мемлекеттік хатшы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұ­мысына жаңа серпін беру мақсатында жеті міндетті жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.

Біріншіден, қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейту және оның қо­ғамдағы рөлін арттырудағы маңызды рө­лін ескере келе, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордаға көші­­рі­луі және өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электронды ресурстарын дамыту маңызды. Қоғамның маңызды қызме­тінде мемлекеттік тапсырысты игеруге мүм­­кіндігі болғаны жөн. Бұл мәселеге Үкімет және жергілікті атқару органдары көмек­тесуге міндетті.

Екіншіден, Қоғам еліміздегі саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып ықпалды ұйымға айналуы керек. Сонымен бірге мәслихаттардың және қоғамдық кеңестердің жұмысына араласып, халық сайлаған мемлекеттік органның мүмкіндіктерін қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне бағыттағаны абзал.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының қазақ тілін қолдау саясатын кеңінен насихаттап, латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Сонымен бірге «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тіл тақырыбынан бөлек ұлттық жаңғыру, рухани даму, ұлттық мүдде мен намыс мәселелері бойынша да жұмыс жүргізуі керек.

Төртіншіден, қазақ тілінің қолданылу мәселелері қоғамда үлкен өзектілікке ие және қызу талқылануда. Әртүрлі қоғамдық ұйымдар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдағы рөлін арттыруды белсенді талап етуде. Осы саладағы қоғамдық ұйымдар бытыраңқы, яғни олардың жүйелі, әрі бірыңғай ұстанымдары жоқ. Сондықтан аталған ұйымдарды «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төңірегіне біріктіру қажет. Бұл өз кезегінде аталған ұйымдармен тіл саласындағы заңнама мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша түрлі оқыту-ұйымдастырушылық іс-шаралар өткізуге және заң аясында жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Бесіншіден, тағы да нақтылап айтарымыз, нарық заманында қоғамның қалыпты жұмыс істеуі үшін қаржыландыру мәселесі шешілгені жөн. Бұл мемлекеттік тапсырыстар және гранттар негізінде жүзеге асырылады деп ойлаймын.

Алтыншыдан, шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ тілін меңгеруін қоғамдық деңгейде қолдау. Осы бағытта «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Отандастар» қорымен өзара іс-қимылын нығайтып, олардың бірлескен белсенді қызметін ұйымдастыру қажет.

Жетіншіден, біздің ойымызша, жаңа атап өткенімдей, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында болғаны жөн. Бұл Қоғамның елдің даму тынысын сезіне отырып жұмыс істеуіне ықпал етеді. Жеме-жемге келгенде мемлекеттік тілге қатысты биліктің де, Қоғамның да мүддесі бір, – деді Қырымбек Елеуұлы.

ҚОҒАМНЫҢ ОРТАЛЫҚ

КЕҢЕСІ АСТАНАҒА АУЫСТЫ

Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалды. Қоғам филиалдарының басшылары да баяндама жасап, өз ұсыныстарын білдірді. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Түркістан төріндегі құрылтайда делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы сайланды. Ал оның вице-президенттері қызметіне Анар Фазылжанова мен Максим Рожиннің кандидатурасы бекітілді.

Берік Әбдіғалиұлы мемлекеттік тілді тұғырына толық қондыру бағытында жұмыс күшейетінін жеткізіп: «Қазақ тілінің мәселесін қазақ тілді ортада ғана талқылай бермей, орыс тілді ортада да талқылап, мемлекеттік тілдің маңыздылығын кей ағайындарға түсіндіру керек. Қазақстанның әрбір азаматы қазақ тілін білуге міндетті», – деді.

Жиында қоғамның құрылтайлар аралығындағы басшы органы – Орталық кеңестің жаңа құрамына ҚР Парламентінің қос палатасының депутаттары мен филиал төрағалары және зиялы қауым өкілдерінен құралған 47 адам сайланды. Ал Орталық кеңес басқармасының жаңа құрамына 18 адам сайланып, қызметке кірісті.

Құрылтай барысында өңірлерде қоғам филиалдарының жұмысы күшейтіліп, бас кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілетіні айтылды. Бас ұйым мен филиалдардың жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ жиын барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А.Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен ­марапатталды. Оларды Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев арнайы марапаттап, қазақ тіліне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

Маңызды басқосуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий ­Шиповских әлеуметтік желілер мен ғаламторда қазақша контентті көбейтіп, жастар сұранысын қанағаттандыру керек деген пікірін білдірсе, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы мен тіл жанашыры Асылы Осман мемлекеттік тілді толық тұғырына қондыруға кері әсерін тигізіп отырған факторларға тоқталып, қазақ тілінің болашағы үшін нақты жұмыстар атқарылуы керек екенін айтты.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев құрылтайды:

– Тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен тұрақтылығының кепілі – қоғамдық келісім. Оны сақтау мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатымен тікелей байланысты. Ұлттық даму, экономикалық жетістіктер, мемлекеттің имиджі сияқты аса маңызды факторлардың негізінде тұрақтылық тұратынын өздеріңіз жақсы білесіздер. Тіл мәселесі де осы қатардағы маңызды құндылық, мәнді мәселелердің бірі. Сол себепті мемлекет бұл бағытта радикалды емес, эволюциялық өзгерістерге айрықша мән беруге міндетті. Геосаяси жағдай бізден осыны талап етеді. Оны ескермеуге болмайды. Кезінде Олжас Сүлейменов айтқандай, «Кең даланы асқақтатып, тауларды аласартпай» әрекет еткеніміз дұрыс. Данышпан Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені ұлттық тұтастығымыздың ұраны десек, бірлігіміздің бәсі, берекеміздің арқауы – тіліміздің төрде болуына әрқайсымыз атсалысып, азаматтық борышымызды атқарғанымыз абзал, – деп қорытындылады.

Түркістан облысында 2 күнге созылған құрылтайға қатысушылар Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, бабалар рухына тағзым етті. Осы сапарда делегаттар тіл жанашырлары әрі қоғам қайраткерлері Өзбекәлі Жәнібеков пен Өмірзақ Айтбаевты еске алды.