Мән мен мағына

Мән мен мағына

​Қазақ тілінде өзінің негізгі, бастапқы, түпнұсқалық мағынасынан гөрі кейін пайда болған, кейде тіпті әлдекімдердің қалауымен, өктемдігімен, еріксіз таңып салуымен қатарға қосылған екінші-үшінші мағынасында қолданысқа еніп кеткен бірқатар сөздер бар. Бүгін соның біреуіне арнайы тоқталамыз.

Діл (парсы – дил). 1. Жүрек.. 2. Рухани дүние. 3. Ақыл-ой, пікір. Демек, бұл сөздің «адам денесінің бұлшық етті мүшесі», «жан дүние, рухани әлем», «ақыл-ойдың қалыбы, пікірлер мен көзқарастар жиынтығы» деген үш түрлі түпнұсқалық мағынасы бар. Өте ертеде парсы тілінен енген бұл сөз көне түркі тілінде де қолданылған. Сондықтан да «Көне түркі сөздігіне» ол «жүрек, жан, ой» деген анықтамамен енгізілген. Қазір «дил» лексемасы Ирандағы түркі тілді афшар, қаджар, қашқай, шахсевен және халадж жұрттары арасында да қолданылады. Бізбен қоңсы отырған өзбектер мен қарақалпақтар да, сондай-ақ Кавказдағы құмықтар мен ноғайлар да оны осы тұрғысында пайдаланады. Бұл сөз бізде архаизм ретінде бұрынғы қазақ ақындарының жырларында («діл») кездесіп қалады.

Сөздің орайы келгесін айта кетейік, дітке алынып отырған «дил» деген ұғымды бірқатар түркі халықтары басқа пішіндерде бейнелейді. Мысалы, түріктерде ол – калп (kalp), әзербайжандарда – үрәк (ürək), түрікмендерде – үрек (ýürek) , қырғыздарда – жүрөк, татарларда, башқұрттарда, ұйғырларда – йөрәк, шуваштарда – чĕре, сахаларда – сүрэх, хакастарда – чӱрек, қырымлыларда – юрек, къальп, қарашайларда – джюрек, малқарларда – жюрек. Сондай-ақ, өзбек сөздік қорында – юрак (yurak), қарақалпақта – жүрәк, ноғай мен мен құмықта юрек деген нұсқалары да бар.

«Дил» сөзін түркілер арасында түріктер, әзербайжандар, түрікмендер, гагауздар, былайша айтқанда, оғыз-түркілер «тіл» мағынасында қолданады.

Соңғы бірқатар жылдардан бері бізде «діл» лексемасын «менталитет» терминінің баламасы тұрқында пайдалану кең етек алып кетті. Шын мәнінде, менталитет деген не? Менталитет – француз тілінен аударғанда «mentalite» атауын беретін, «ойлау қабілеттілігі, дүниеге деген көзқарас, рухани жан дүние» деп аталатын сөздер бірлігі. Бұл ұғым әрбір ұлттың өз түсінігі мен пайымына қарай сараланады. Ол – эмоционалды және рационалды болып келетін өте күрделі психологиялық қасиет. Себебі оның ортақ бірлігі жоқ. Әр елде, әр ұлтта, әр жеке тұлғада өзінше қалыптасқан.

Философ С.Б.Переслегин аталмыш термин түсінігіне үңіле келіп, оған: «менталитет – өмірлік құндылықтар мен тұлғалық қасиеттерді қарастырушы, ең керекті (стратегиялық, тактикалық, өмірлік мәні бар, өмірге қажеттілік) түсініктердің жиынтығы» деген нақты анықтама береді. Ал қазақ ұғымындағы «менталитеттің» астарында елдің салты, дәстүрі, гендік ерекшеліктері жатыр. Мұнда әрбір адамның бойында болатын, тектен берілетін, қанға сіңген қасиеттерді дәріптейтін, белгілі бір қатаң шеңбер аясында өмір сүруге жетелеуші табиғи күш бар. Ол – әрбір адамның болмыс-бітімі. Ал «діл» лексиконы осы ұғымның бір бөлшегін ғана көрсете алады. Себебі ділдің түркі ұғымында ең алдымен лингвистикалық (ділдік, тілдік) нысанға жататынын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол ­себептен бұл мәселені қазір бірқатар философ, лингвист ғалымдар көтеріп жүр.

Тағы да сөз ыңғайында өзге түр­кілердің бұл проблеманы қалай шешіп жатқанынан құлағдар етейік. Өзбек, әзербайжан, қырғыз, түрікмен, шуваш, татар, башқұрт, саха, хакас, алтай, тыва бұған босқа бас қатырып жүрген жоқ, олар «менталитет» деген халықаралық терминнің жалынан ұстап, айырылмай отыр. Түріктер ғана оның «зихниет» (zihniet) деген вариантына жүгінеді. Бұдан басқа, әзербайжандарда бұл кәли­маның өте сирек ұшырасатын «зех­нийәт» (zehniәt) деген синонимі бар.

Қорытып айтқанда, діл деген – менталитет емес.