​Интернет-ресурстардағы мемлекеттік тілдің қолданысы сарапталды

​Интернет-ресурстардағы мемлекеттік тілдің қолданысы сарапталды

«Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу жобасы аясында ағымдағы жылы 180 мекеменің ресми сайтына сараптама жүргізілді. Мониторинг нәтижесінде 89 мекеме өздерінің ресми сайттарына түзету енгізген. Бұл ақпарат бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Мемлекеттік тілдің ресми интернет-ресурстардағы қолданысы» тақырыбындағы республикалық онлайн семинарда айтылды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын орталық және жергілікті атқарушы органдардың және оларға бағынысты ведомствалық ұйымдардың, ұлттық компаниялардың (акционерлік қоғамдардың), екінші деңгейдегі банктер мен әуе компаниялардың, жоғары оқу орындарының интернет-ресурстарындағы мемлекеттік тілдің қолданысы мен сауаттылығына мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша:

- Қазақстан Республикасында тілдік ахуалды талдау және оған мониторинг жүргізу жобасы 2021 жылдың сәуір айында басталды. Жоба аясында тәуелсіз сарапшылар тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып, назар аударарлық проблемалар анықталды. Мониторинг нәтижесінен байқағандарыңыздай, өткен жылмен салыстырғанда ресми интернет ресурстарда мемлекеттік тілде ақпараттың берілу деңгейі, сауатты жазу жоғарылаған. Бұл жобаның басты жетістігі деуге болады, - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасының орынбасары Айнұр Аюпқызы кіріспе сөзінде.

Онлайн семинарда интернет-ресурстарына жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша төмендегідей кемшіліктер орын алғандығы айтылды:

1. Ресми сайттардың негізгі беті орыс тілінде ашылады.

2. Қазақтілді контенттің орыстілді контенттен көлемінен біршама аз болуы. Ресми сайттарға мемлекеттік тілдегі ақпараттардың дер кезінде, яғни ақпараттардың уақытында орналастырылмауы анықталды.

3. Бірқатар ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың ресми сайттарында мемлекеттік тілдегі ақпараттар тікелей аудармамен, корректорлық түзетусіз және орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателермен берілген.

4. Кейбір әкімдіктер мен банктердің ресми сайттарында бюджет туралы ақпараттар, статистикалық мәліметтер, құжаттардың басым бөлігі орыс тілінде жүктелген.

- Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңына сәйкес мемлекеттік тілге басымдық берілуі тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Нұр Отан партиясының кезектен тыс ХХ съезінде: «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақтамасақ – елдігімізге сын», - деп, қазақ тіліне байланысты нақты міндеттерді атқаруды тапсырған болатын. Сондықтан Тіл саясаты комитеті қолдау көрсете отырып, мемлекеттік тілдің қолданылым аясын кеңейтуге күш салады, - деді шара модераторы, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпаратттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы.

Онлайн семинар барысында М.С. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті, Жоғары гуманитарлық мектебінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Мөлдір Елжанқызы, филолог Жансая Күнтуғанқызы ресми интернет ресурстардағы қателерді ортаға салып, дұрыс нұсқасын, шешу жолдарын ұсынды.

Сондай-ақ, мемлекеттік тілді интернет-ресурстарда кеңінен қолдануға үлес қосқаны үшін:

  • ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі - gov.kz/memleket/entities/mii
  • «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі - https://baiterek.gov.kz/kk/
  • Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (https://www.nationalbank.kz/kz) ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің алғысхатымен марапатталды. Онлайн шараға жалпы саны 110 мекеме өкілі қатысты.