Қазақ тіліндегі стартаптарға қолдау көп

Қазақ тіліндегі стартаптарға қолдау көп

Цифр­лық даму, инновациялар мен аэро­ға­­рыштық өнеркәсібі министр­лі­гі Astana Hub-пен бірлесіп Qaz Startup Battle қазақ тілін және қазақ тілін­де­­гі контентті дамытуға бағыт­тал­ған IT-стартаптар арасындағы бай­қау өткізді. Аталған байқау елорда­да QAZFORUM қазақ тілінде он­лайн-контент жасаушылардың V фо­­ру­мының шеңберінде ұйым­дас­ты­рылды. Же­­ңімпаздар 3 500 000 теңгеге ие бол­­ды.

Qaz Startup Battle байқауына 13 жас IT-компания қатысып, Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бастаған қазылар алқасына өз IT-шешімдерін ұсынды.

Ұсынылған қызметтердің арасында қазақ тілін үйрететін онлайн-курстар, бизнеске арналған тілдік технологиялар қызметі, қазақ тіліндегі аудиокітаптар сынды жобалар болды. Байқау қатысушылары өз IT-өнімін дамытуға жұмсалатын 2 000 000 теңге (1-орын), 1 000 000 теңге (2-орын) және 500 000 теңге (3-орын) кө­ле­мін­дегі ақшалай чектер үшін бәсекеге түсті.

«Бізге қазақ тілі технологиялардың тілі емес деген стереотипті бұзу керек. Өткен аптада Digital Bridge форумының шеңберінде біз қазақстандық стартаптар арасында Astana Hub Battle өткіздік, ал бүгін қазақ тілін және қазақ тіліндегі кон­тент­ті дамытуға бағытталған IT-стар­тап­­тарды марапаттадық. Осындай бас­тама­ларды қолдаудың маңызы өте зор», деді Б.Мусин.

Технологиялық стартаптар байқа­уы­ның жеңімпаздары:

1-орынға Qlang деп аталатын қазақ және басқа тілдерді меңгеруге арналған мар­кетплейс әрі онлайн-платформа ие бол­ды.

2-орынды ҰБТ балдарын сараптап, тү­лек­ке өз оқуын жалғастыруға ЖОО ұсы­на­тын Joo.kz сервисі иеленді.

3-орынды Қазақстанның барлық облы­сын­дағы жүкті әйелдерге арналған қа­зақ тіліндегі мобильді қосымша – On Moms жеңіп алды.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының 500 000 теңге ақшалай чек түріндегі 2 арнайы сыйлығына TED Project ман­сапты жоспарлау веб-платформасы мен Speech Lab бизнеске арналған тілдік технологиялар сервисі ие болды. «Біздің технопарк үшінші жыл қатарынан Astana Hub Battle технологиялық стартаптар арасында жүргізілетін байқауды ұйымдастырып келеді. Бұл іс-шара көпшілік қауымға өз IT-өнімдерін ұсынуға ниет білдірген жас дарындардың басын біріктіреді. Осы жылы бұл байқау Qaz Startup Battle түрінде өзінің жұмысын жалғастырды. Бүгін Astana Hub экожүйесінде қазақша контентті дамытуға бағытталған ықыласқа лайықты технологиялық шешімдердің бірқатары бар екеніне көз жеткіздік», деп атап өтті Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.