22 000 педагог қазақ тіліндегі ІТ жобалармен танысты

22 000 педагог қазақ тіліндегі ІТ жобалармен танысты

​Қазақ тілін үйретуге және насихаттауға бағытталған ІТ жобалар 22 000-ға жуық білім беру мекемелері қызметкерлеріне таныстырылды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен өткен ел аумағындағы білім беру мекемелері қызметкерлеріне қазақ тіліндегі ІТ жобаларды таныстыру шарасы аяқталды. Жобаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен 14 облыстың педагогтары қатысты. Ағымдағы жылдың 11 қазаны мен 2 қарашасы аралығында жоспарланған онлайн таныстырылымға жалпы саны 22 000-ға жуық білім беру мекемелері қызметкерлері қатысты.

-Қазақ тілін онлайн оқытуға арналған жобаларға қызығушылық жоғары. Себебі біз ұсынған ІТ жобалар балабақшадан бастап, ЖОО мен ерікті тіл үйренушілер үшін өте тиімді. Сайттардан түрлі әдістемелерді оқып, үйреніп, практикада қолдануға болады. Біз ІТ жобалар қызметін уақыт талабына сай жаңартып, жандандырып отыратын боламыз,- дейді «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Мөлдір Бақытқызы.

Айта кетейік, онлайн форматтағы таныстырылымда:

- Qazlatyn.kz көпфункционалды конвертері;

- Қазақ тілінің деңгейлі оқытуға арналған Tilqural.kz веб-сервисі;

- Мемлекеттік тілді 6 тілде үйренуге мүмкіндік жасайтын Abai.institute жобасы;

- Қолданбалы «Sozdikqor.kz» платформасы;

- «Balatili.kz», «Emle.kz», «Atau.kz», «Tilmedia.kz», «Termincom.kz» сайттары мен «Тіл әлемі» порталының қызметтеріне толық анықтама берілді.