Үндістан: Тіл төңірегіндегі тартыс

Үндістан: Тіл төңірегіндегі тартыс

Өткен аптада Үндістандағы оңшылдар елдегі алдыңғы қатарлы компанияның бірін мерекелік жарнамада урду тілін қолданғаны үшін жарнамаларын алып тастауға мәжбүрледі. Бұған себеп ретінде елде урду тілі мұсылмандар тілі ретінде қабылдануы айтылуда.

Биліктегі партия қарсы

FabIndia компаниясы Үндістандағы ең үлкен мерекелердің бірі – Дивали фестиваліне арнап дайындаған жар­намаға Jashn-e-Rivaaz деген атау қол­данады. Бұл урду тілінде «дәстүрлер мерекесі» деген мағына береді.

Премьер-Министр Наренда Модиге тиесілі Bharatiya Janata Party (BJP) партиясы бұл идеяға аса қуанбады. Негізі­нен аталған партия халық арасында исламофобия әрекеттерімен танымал.

Оларды қолдаушылар да табыла кетті. Әлеуметтік желілерде «Дивали дәстүрлер мерекесі емес» деген жазбалар пайда болды.

FabIndia – киім-кешек, үй заттары мен азық-түлік сататын дүкендер желісі. Оның мемлекет бойынша және шетелдерде жүздеген дүкені бар. Ен­ді әлгі жарнама салдарынан компания экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Өйткені жарнама шыққан күннен көп ұзамай BJP мен басқа да ұлтшыл топтар әлеуметтік желіде компанияны сөз етіп, брендті үндістандықтардың діни сезімін жаншыды деп айыптады.

«Хиндутва» жобасы урду тілін мұсылман тілі ретінде қарастырады. Урду­ды толыққанды тіл санамау мұ­сыл­­ман қоғамдастығын марги­нали­зация­лаудың үлкен жобасының бөлігі болып табылады, іс жүзінде оны физикалық түрде жояды», деді Нью-Делидегі Джавахарлал Неру университеті саяси зерттеулер орталығының профессоры Ниведита Менон.


Ресми 22 тілдің бірі

Урду тілі Үндістанның солтүстігіне Ұлы Моғолдардың билігі кезінде қолданылған. Тіл мамандары мен тарихшылардың айтуынша, урду мен хинди бастапқыда Дели аймағының диалектісі саналатын «Хади Болидан» шыққан. Ол сонымен қатар парсы, түрік және араб тілдерінен құралған.

Британдықтар субконтинентті отарлағанға дейін урду және үнді тілдері біріктіріліп, ортақ «хиндустани» деген атауға ие болды. Бұл хиндус­таниді британдық лингвист Джон Гилкрист екі үлкен категорияға жіктеп, анықтаған. Негізінен парсы және араб тілдеріне ұқсас сөздер урду тілі ретінде анықталып, ал санскритке ұқсас сөздер хинди деп белгіленді.

Ал «Хиндутва» Үндістанды этностық үнді мемлекетіне айналдыруды көз­дейтін ғасырларға жалғасқан үнді­лердің үстемдік қозғалысына жатады.

Ғасырлар бойы Үндістандағы үнділер, мұсылмандар және сикхтер урду тілінде кеңінен сөйледі. Урду тілінде жазған қаламгерлер қатарына Мунши Премчанд, Раджиндер Сингх Беди, Фирак Горакхпури және Гүлзарды жатқызуға болады.

Бүгінгі таңда урду Үндістан Консти­туциясы ресми деп таныған 22 тілдің қатарына кіреді.

Урду поэзия мен әдебиеттен басқа, Батыс Мумбай қаласында орналасқан Үнді киноиндустриясының негізі Бол­ливудқа үлкен әсер етті. Урду тілін­де көптеген сценарист фильм сцена­рийлерін, фильмдерге арналған әндер мен диалогтер жазды.


Үндістан халқына ортақ құндылық

FabIndia жанжалынан кейін көптеген әлеуметтік медиа қолданушысы әйгілі Болливуд диалогтері және әндерімен бөлісіп, хинди тіліндегі сөздерді урду сөздерімен алмастырып, жарнамадағы сөздердің әсері халыққа кері әсерін тигізбегенін көрсетуге тырысты.

Бірнеше Болливуд фильмдерін жазған сценарист Джавед Сиддики урду Үнді киноиндустриясында басқа тілдерге қарағанда жақсы ықпалға ие екенін, дегенмен соңғы бірнеше онжылдықта трендтің өзгергенін айтады. Оған қоса Д.Сиддики Үндістанның танымал мәдениетіндегі урду әсері қашанда сақталатынын айтты.

«Сіз кез келген әнді урду тілінде «жүрек» мағынасын беретін «dil» сөзінсіз, «мохаббат» және басқа сөздерсіз жаза алмайсыз. Хинди тілінде сөз жоқ деуге келмейді, бірақ урду тіліндегі фонетика мен музыка басқа тілде табылмайды», деді сценарист.


Қос тілдің бөлінуі қашан басталды?

Үндістанның субконтинентіндегі Ұлы Моғолдардың 400 жылдық билігі ке­зінде әкімшіліктің ресми тілі парсы тілі еді.

«1857 жылдан бастап хинди мен урду арасында, әсіресе қазіргі Уттар-Прадеш штатында 1900 жылға дейін созылған дау туды», дейді Алигарх мұсылман университетінің тарих профессоры Мохаммад Саджад.

М.Саджад «отарлық мемлекет» күшейт­кен тілдік алшақтық жазуға негіз­делгенін айтады. Урду парсы-араб әріп­терінен алынған насталикті қолда­на­ды, ал хинди деванагари жазуын қолданады.

Кристофер Ролланд Кинг өзінің «Бір тіл, екі жазу: ХІХ ғасырдағы Үнді­станның солтүстігіндегі хинди қозға­лысы» кітабында хинди мен урду «лингвистикалық тұрғыдан емес, саяси және мәдени тұрғыдан екі түрлі тіл болып саналады», деп жазды.

Деванагариді хинди үшін ресми қаріп ету талаптары артқан сайын, 1900 жылы британдық әкімшілік бұл қаріпті соттарға міндетті түрде қолдануға бұйрық берді. Содан бері хинди Үндістанның солтүс­тігіндегі үнділермен, ал урду тілі мұсыл­мандармен байланысты болды.

Урду парсы-араб алфавитін Үнді­стан­­ның Бостандық қозғалысының көптеген жетекшісі британдық билікке қарсы күресте қолданды. Лингвист Ганеш Н.Деви 1942 жылы қазіргі Батыс Бенгалия штатының атақты Бостан­дық күресшісі Субхас Чандра Босе британ­дықтармен күресу үшін әскер құрғанда, оны «Азад Хинд Фаудж» деп атағанын айтты. Урду тіліндегі «Азад» еркін немесе тәуелсіз деген мағына білдіреді.

Үндістан тәуелсіздік алғаннан бері урду тілінде сөйлеушілердің саны аза­йып, хинди тілінде сөйлейтіндер тұрақты өсті дейді сарапшылар. Билеуші BJP хиндиді Үндістанның ұлттық тіліне айналдыру туралы бірнеше рет айтқан, бірақ әлі күнге дейін негізінен оңтүстік пен шығыстың қатаң қарсылығына ұшырап келеді.