Шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциациясының төрағасы болып Нұртөре Жүсіп сайланды

Шетелдегі қазақтілді БАҚ ассоциациясының төрағасы болып Нұртөре Жүсіп сайланды

Бүгін «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанынан «Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясы» құрылды.

Іс-шараға Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің Басқарма басшысы Мақсат Бекболатұлы Мажитов, «Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Мақпал Жұмабай, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов пен отандық және шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистер қатысты.

«Бүгінгі іс-шараға қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Барлық шетелде шығатын қазақтілді ақпарат құралдарының ортақ алаңын қалыптастру жұмысы аясында сайт ашу және жас мамандарды дайындау және басқа да ұсыныстар берілді. Осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізіледі. Бүгінгі ассоциацияның құрылу мақсаты шетелдегі қазақ тілін сақтап қалу»,– дейді Нұртөре Жүсіп.

Кездесу барысында «Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясының» ережесі таныстырылып, бекітілді. Сондай-ақ, алдағы жұмыс жоспары талқыланды.«Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының үздік материалдары енген жинақ шығару, қазақтілді жас журналистер арасында конкурстар өткізу, отандық бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы байқауға шетелдегі қазақтілді басылымдар мен журналистерді қатыстыру жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ жылына бір рет ассоциация өкілдерінің бас қосуы ұйымдастырылады», – дейді Мағауия Қанапияұлы.

«Шетелдегі қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясының» төрағасы болып Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сайланды.

Бүгінде жалпы 88 қазақтілді БАҚ пен қандастарымыз қолданатын әлеуметтік желідегі топтардың дерекқор базасы жасалған.