Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті

2021 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режімде «Шеттілдік терминдерді игерудің халықаралық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Комитет төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзінде кірме терминдерді игеру мәселесінің тек қазақ тілінің ғана емес, тілдік құбылыстарды игеру барысында бірқатар елдерге донор тіл болып отырған орыс тілінің де, үлкен халықаралық тілдердің де өзекті мәселесі екенін айта келіп, латыннегізді жаңа әліпбиге көшу барысында шеттілдік терминдерді таңбалау, игеруді бір жүйеге түсіріп алу қажеттігін атап өтті.

Конференцияда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәбира Сағынбекқызы Исақоваға (Ақтөбе қаласы, Қазақстан) «Қазақ тіліндегі шеттілдік терминдердің игерілу мәселесі» тақырыбында баяндама жасап, елімізде қалыптасқан терминологиялық ахуалға талдау жасап, кірме терминдердің игерілу мәселесіне қатысты құнды ойларымен бөлісті.

Ресей халықтар достығы университетінің академигі, Еуропа жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Ирина Советовна Карабулатованың (Мәскеу қаласы, Ресей) «Шеттілдік немесе ұлттық терминология: қазіргі әлемнің геосаяси сын-қатері ме?» тақырыбындағы баяндамасына конференцияға қатысушылар қызығушылық танытты.

Түркі тілдерінің тарихы мен ондағы диалектілер және тармақтар туралы баяндаған Башкент университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сүйер Екердің (Анкара қаласы, Түркия) баяндамасы «Түрік тіліне батыс тілдерінен енген терминдердің тарихына шолу» деп аталады. Баяндамашы оғыз, қыпшақ және қарлұқ бұтақтарына жататын тілдердің арасындағы туыстық, ұқсастық мәселесіне қатысты тың деректер келтірген.

Ал Әжнияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының докторы Алима Кудияровна Пирниязова (Нөкіс қаласы, Қарақалпақстан) «Қарақалпақ тіліндегі кірме терминдердің емлесі» тақырыбындағы баяндамасында терминологиялық жұмыстарды реттеу және жандандыру мәселесіндегі тәжірибелерімен бөліседі.

Қазан федералды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Альфия Шавкетовна Юсупованың (Қазан қаласы, Татарстан) «Татар тіліндегі шеттілді терминдер», Өзбек тілі, әдебиеті мен фольклоры институты Социолингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Ёрқинжон Рахмоналиевич Одиловтың (Ташкент қаласы, Өзбекстан) «Жаһандану кезеңіндегі өзбек тілі терминдерінің игерілу мәселесі», Комрат мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының докторы Иванна Дмитриевна Банкованың (Комрат қаласы, Молдова Республикасы) «Гагауыз тіліндегі лингвистикалық кірме терминдер» тақырыбындағы баяндамаларында осы тілдердегі лингвистикалық жағдай қозғалып, кірме терминдерді бейімдеуді қабылдаушы тілді байыту, сөздік қорын молайту тұрғысынан қарастыру қажеттігі талқыланса, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминологиялық орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Сәрсенбай Қуантайұлы Құлмановтың (Алматы қаласы, Қазақстан) баяндамасы жоғарыдағы баяндамашылардың ойларын жалғастыра түсті. Баяндамашы қазақ, түрік, әзербайжан, өзбек және башқұрт тілдерінің материалдары негізінде түркі тілдерінде шеттілдік терминдердің игерілу ерекшеліктеріне тоқталды.

Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нағима Мәсімақынқызы Әшімбаева (Алматы қаласы, Қазақстан) «Шеттілдік терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеу жолдары» тақырыбындағы баяндамасында соңғы жылдары шеттілдік терминдердің қазақ тіліне қарқынды ену себептерін айта келіп, қабылдаушы тіл болып отырған қазақ тілінің терминжасам әлеуетін нақты мысалдар арқылы көрсетуге ұмтылады.

Негізгі баяндамашылармен бірге терминология саласының жетекші ғалымдары, конференцияға қатысушы сала мамандары құнды пікірлерімен бөлісіп, латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген нұсқасы мен емле ережелердің жобасына қатысты ұсыныстар берілді.

Іс-шараның қорытындысы ретінде Қарар қабылданды.