ТЕРМИНОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

ТЕРМИНОЛОГИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН  РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР ӨТТІ

2021 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режімде «Терминологиялық база: тәжірибе және технология» атты республикалық әдістемелік семинар өтті.

Комитет төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөніндегі тапсырмасын жүйелі түрде орындау үшін терминологиялық базаны дамыту қажет екендігін атап көрсетті. Осы ретте ол аталған мәселені тиімді шешуде «termincom.kz» сайты негізінде кез келген тілдік бағыт үшін іздеуді қамтамасыз ететін және терминдердің ақпараттық, лингвистикалық, техникалық сипаттамасын ашып көрсете алатын терминологиялық база жасау қажет екендігіне назар аудартты.

Семинар барысында заман талаптарына сай ұлттық терминдер базасының құрылымы мен қызметі, оны әзірлеу жолдары, халықаралық тәжірибе талқыланды.

Іс-шарада «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілік департаменті директорының орынбасары, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы «Терминдердің электронды мәлімет қорын жасау – терминқорды басқару мен оны тиімді пайдаланудың маңызды тетігі» тақырыбына тоқталып: «Терминологиялықмәліметқорды әзірлемес бұрын терминдерді біріздендіріп, жарыспалылық, көп варианттылықты азайтып, терминдерді стандарттау қажет»,- деп атап өтті. Бұдан кейін сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, ф.ғ.д. Сәбира Сағынбекқызы Исақова терминологиялық база жасаудың халықаралық тәжірибелерін сараптау барысында Франция терминологиялық базасының кейбір үлгісін қазақ тілі терминологиялық базасын жасауда қолдануға болатынын айтып өтті. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Нұрлан Құныпияұлы Шүленбаев «Қазақ тілінің терминологиялық базасы: тәжірибесі, бағдары, әлеуеті» баяндамасында терминографиялық еңбектердің база жасаудағы маңыздылығын айта келе, салалық сөздіктердегі кемшіліктерді атап өтіп, база жасауда аталған мәселені ескеру керектігіне назар аударды.

Сондай-ақ аудармашы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Айнұр Толыбайқызы Баекеева «Digital Library басқару жүйесі негізінде терминологиялық база құрастыру тәжірибесі» баяндамасында: «Digital Library басқару жүйесі негізінде жасалған тезаурустың сала мамандарына беретін басты артықшылығы – салалық терминнің нақты бір саладағы семантикалық және функционалдық жағы нақты анықталады, олардың қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі лингвистикалық баламалары бекітіліп, нақты сол терминге қатысты барлық ақпарат тізбегіне қол жеткізе алу мүмкіндігін береді» дей келе, база жасауда осы тәжірибе ескерілсе деген ұсынысын айтып өтті.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақпараттық технология басқармасының басшысы, ф.ғ.м. Мөлдір Бақытқызы «Электрондық терминологиялық қордың мүмкіндіктері» тақырыбындағы баяндамасында терминологиялық база жасауда «termincom.kz» сайтындағы терминологиялық қордың мүмкіндіктері жөнінде баяндап,пайдаланудың тиімді жақтары мен жетілдіру жолдарын ұсынды.

Іс-шараның қорытындысы бойынша қазақ тілінің электрондық базасын жасаудың тұжырымдамасын әзірлеу, салалық электрондық кітапхана құру, «termincom.kz» сайтына орналастырылған және елімізде жарық көрген басқа да терминологиялық сөздіктер негізінде терминдердің корпусын (тезаурусын) жасау, «Мектеп терминологиясы» айдарын ашу сияқты тұжырымды ұсыныстар қамтылған қарар қабылданды. Бұл қарар тиісті жұмыстар жүргізу үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, ұлттық компанияларға, ғылыми мекемелерге жіберіледі.

Семинар соңында қатысушыларға электрондық сертификат, баяндамашыларға алғысхат тапсырылды.