КӨСЕГЕ

КӨСЕГЕ

Көсеге – зат. көне. қыздың шымылдық ішіндегі төсек-орны. Оны бүркеп, көлегейлеп тұрған үлкен перде – «шымылдық», ал шымылдық ішіндегі қыздың орны – «көсеге» делінген (А. Нүсіпоқасұлы.., Ағаш бесік., 2, 10). Қыз бойжетіп ұзатылғанда, көсегесін жасауымен бірге алып кетеді (Бұл да, 10).

✳️Қыздың шымылдығы немесе шымылдық ішіндегі төсек орны. «Шымылдық ішіндегі қыздың орны көсеге деп аталған». (А.Нүсіпоқасұлы)

Көсегең көгерсін, көсегең көгеріп, көрпең ұлғайсын, өркенің өсіп, кемеліңе кел.

✳️«Құт», «береке», «өркен» тәрізді атаулармен мәндес, игі ниетті танытатын сөз.

Көсеге сөзінің көгеру сөзімен бірге айтылуында да белгілі зандылық бар сияқты. Өйткені түркі халықтарының тіл дәстүрінде көк (түс), көгеру, көктеу сөздері өзінің негізгі мағынасымен қатар, өcіп-өнудің, өркендеудің, дамудың символикасы ретінде ауыс мағынада да қолданылады.

Ал көсеге сөзімен көгеру, көктеу сөздерінің тұрақты тiркес ретінде қалыптасуында белгілі семантикалық, логикалык байланыс, заңдылық бар. Ол заңдылықты біз қазақ тіліндегі «көсегең көгеріп, көрпең ұзарсын»,
ұйғыр тіліндегі «Жиғлимаң, қиз, жиғлимаң, тоюң болур, Алтун бөшүк, көшүгә, өйүң болур» (Жылама, қыз, жылама, тойың болар, алтын бесік, көсеге, үйің болар) тәрізді мысалдардан байқауымызға болады.

Мысалы: хакас тілінде кӧзеге (кӧзенъе перде, шымылдық)
✳️Көсеге сөзінің басқа мағынасы бар - орнын қоршап тұратын шымылдық мағынасында қолданылады.

Тува тілінде де көжеге - шымылдық, перде,
моңғол тілінде хешиг - шымылдық, штора.

В.В. Радловтың еңбегінде де алтай түріктерінің көбінде-ақ бұл сөздің «шымылдық, перде, қоршау» мағынасында кездесетіндігі көрсетілген.

Мысалы: сағай, койбол тілдерінде - көзәггә, қызыл тілінде көжәгә, телеуіт тілінде көшәгә т.б.

Т.Жанұзақов. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі, Б.Қалиев. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі.