ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ КУРСЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ КУРСЫ

Қазақстан Республикасы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде 2021 жылдың 17 ақпанынан бастап, қазақ тілін үйренемін деуші қызметкерлерге Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ғалымдары С.Сапина, С.Кенжемұратова қазақ тілін үйрету курсын бастады. Курстың негізгі мақсаты мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілін оқып-үйренуге деген қызығушылықтарын арттыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Тыңдаушылар деңгейі арнайы әзірленген тест тапсырмалары арқылы анықталды. Барлығы 57 адам оқып жатыр.

Курс қазақ тілін оқытудың талаптарын анықтайтын ҚР СТ 1926-2015, ҚР СТ 1928-2015, ҚР СТ 1929-2015, ҚР СТ 1925-2015, ҚР СТ 1927-2015 және ҚР СТ 1926-2015 Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандарттарына, «Қазақ тілін оқытудың бірүлгі бағдарламасына сәйкес жасалған қазақ тілін оқытудың отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ бойынша қазақ тілін деңгейлеп оқытудың бағдарламасын, оқу құралын, лексикалық минимумын» негізге ала отырып, ҚАЗТЕСТ оқулықтары, «Til-qural», «Sozdikqor», «Emle.kz» онлайн платформалары, «Қазақ сөзі – 500» , «Қазақ сөзі – 900», «Қазақ сөзі – 1200», «Қазақ сөзі – 1500» және т.б. инновациялық оқу құралдарымен оқытылуда.

Оқыту барысында әлемдік тіл үйрету әдістемесі ғылымында қалыптасқан және қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориясы мен практикасында тиімділігі дәлелденген әдістемелік талаптар басшылыққа алынуда. Оқу материалдары әр деңгейге сәйкестендіріліп, лексикалық минимумдарды және сөйлеу әрекетінің төрт түрін игеруге бағытталып берілуде.

Сонымен қатар тілдік материалдар қызығушылыққа, шығармашылыққа ұмтылысты жандандыратын инновациялық технологиялар, әдіс-тәсілдер арқылы ұсынылып, оқыту контенті тіл үйренушінің өмірде кездесетін тілдік жағдаяттармен салыстыра, салғастыра, байланыстыра алатындай мазмұнда нәтижеге қол жеткізуге бағытталған.

Осыған сай аталған уақыт аралығында агенттік қызметкерлері А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша сөйлеу дағдысын жетілдіруде. Қызметкерлердің күнделікті сабаққа деген белсенділіктерінен, ұсынылып отырған тақырыпқа деген қызығушылықтарынан, мемлекеттік тілді үйренуге деген ынтасын көруге болады.

Әсіресе, В2 тобының тыңдаушылары сөйлемді дұрыс құрау, өз ойын жүйелі жеткізу, жазылым дағдысын қалыптастыру, жұмыс барысында пайдаланатын құжаттардың жазылуын жете меңгеру деңгейіне жетсе, С1 тобындағы тыңдаушылар алқалы жиындарда жүйелі сөйлеудің ерекшеліктері мен шешендік өнердің қыр-сырына қызығушылық білдіріп отыр, үлкен көлемдегі романдар мен шешендік сөздерді, Абайдың қарасөздерін оқып, талдауды бастап кетті.