ӘДІСТЕМЕЛІК ТҰРҒЫДАН Ш ДЫБЫСЫН ТАҢБАЛАУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЖӨНІНДЕ

ӘДІСТЕМЕЛІК ТҰРҒЫДАН Ш ДЫБЫСЫН ТАҢБАЛАУДЫҢ ТИІМДІЛІГІ ЖӨНІНДЕ

Латын графикасына көшу рухани жаңғыру аясында жүзеге асырылып жатқан, ұлттың және тілдің болашағы үшін маңызды ісшара екенін ұмытпауымыз қажет. Кейбір адамдар бұл мәселені қазақ әліпбиіндегі әріптерді ағылшын әріптерімен ауыстыра салу деп түсінеді. Бұл – қате түсінік, әліпби мәселесімен тіл мамандары, әдіскерлер, ғалымдар айналысу керек деген ойдамыз. Дегенмен қазіргі қазақ тілінің болашағына жанашырлықпен қарап, әліпби нұсқасын ұсыну арқылы тілдің дамуына өз үлесін қосқысы келетін азаматтар көп.

Әрине, олардың да талпынысы да құптарлық. Осыған орай, ұсынылған әліпбилерді жіті қарап, өз пікірімізді тіл маманы ретінде ұсынуды қоғам алдында тұрған міндет және жауапкершілік деп түсінеміз. Әліпбиі басқа ұлттар үшін емес, әліпбиі реформаланып жатқан ұлттың игілігі үшін, сол ұлттың мүддесіне қызмет ету үшін жасалады. Әліпбиді басқа ұлттың санасына бейімдеп, олардың дұрыс қабылдап, оқуы үшін жасау міндетті емес. Ағылшын тілі үндіеуропа тілдерінің қатарына жатса, ал үндіеуропа тілдерінің қатарына жатпайтын, алтай тілдерінің тобы, оның ішінде, түркі тілдерінің қатарындағы қазақ тілінің лингвистикалық табиғаты бөлек болып келеді. Сондықтан да табиғаты бөлек екі тілдің біреуін екіншісіне икемдеуге еш негіз жоқ деп ойлаймыз.

Ұсынылып отырған жетілдірілген әліпбиде Ш дыбысын седиль диакритикасы арқылы Ş таңбасымен берілді. Седиль – әзербайжан, өзбек, түркімен, түрік, француз, албан, чуваш және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылатын диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен тіл алды ызың, қатаң дауыссыз Ш дыбысын таңбалау үшін жиі қолданылады әрі халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандарттық тұрпатына сәйкес келеді. Сондай-ақ, Ш дыбысын Ş таңбасымен беру «бір дыбыс – бір әріп» принципін сақтауға да толық негіз болды. Мысалы: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş.

Оған қоса «Ş» таңбасына қойылған седиль диакритикасы түркі дүниесіндегі түрік, әзірбайжан, түркімен халықтарының жазуында тиімді қолданылып келе жатқаны дәлел бола алады. Мәселен, түрік тілінде şarkici (әнші), şüphe (шүбә) şehir (қала); әзірбайжан тілінде nəşr (басылым), şəklin (сурет), şіş (ісік); түркімен тілінде bäş (бес), şenbe (сенбі), şäher (қала). Берілген мысалдарда әріпасты седилдің көзшалымға қолайлығын, екіншіден, әріпасты бір ғана таңба болатындығы ескерілген.

Осыған дейінгі ұсыныс-пікірлерде айтылған Ш-Ş (седиль) таңбасы ғалымдар тарапынан қолдау тауып, оқылым үдерісін жеңілдететін дыбыс ретінде бағаланған болатын. Оған үстіміздегі жылы «Дауыссыз Ш дыбысының таңбалық мазмұнын» түсіндіру бойынша өткен сынама сабақта әріпасты (ш) диакритикасының жазылым мен оқылымдағы жүйесіне байланысты берілген тапсырмалардың өзі дәлел бола алады.

Мәселен, тапсырмада кездескен мына мысалдар оқу барысында тілге орамды, айтуға жеңіл болғанын көпшілік баса айтқан болатын:

Şañyrağyñ şattyqqa tolsyn!

Şyqqanyñ şyñ bolsyn!

Ūlyñ bolsyn onşaqty,

Qyzyñ bolsyn monşaqty.

Мұның өзі берілген әріптің таңбалық мазмұнын меңгертуде қиындық келтірмейтінін аңғартады. Сондықтан қуатсыйымдылығы мен уақытсыйымдылығы төмен әліпби – ол өзге тілділерге емес ол тіл иелмені санасына лайық, тілге икемді әліпби, яғни бір дыбыс, бір әріп принципін ұстанған әліпби, оның құрамында бір дыбыс – екі әріп деген принципке құрылған таңба болмағаны абзал.

Бұл ретте Ахмет Байтұрсынұлының «әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертеді» деген сөзін әсте естен шығармаған дұрыс.

Салима Кенжемұратова,

ф.ғ.к.,доцент

Айнұр Нұрбекова,

магистр