ӘЛІПБИДІ ҮЙРЕТУДІҢ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМДАРЫ

ӘЛІПБИДІ ҮЙРЕТУДІҢ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМДАРЫ

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру туралы Елбасы жарлығы шығып, әліпби нұсқаларын халыққа түсіндіру, насихаттау шарасы қолға алынғаннан бастап, мемлекеттік тілді үйретіп жүрген оқытушылар латынға негізделген әліпбиді тиімді оқыту мәселесі төңірегінде түрлі инновациялық жобаларды өмірге әкелді. Сөйтіп, қосымша диакритикалық таңбалар арқылы жазылатын әріптерді жазып үйрету, оқылым дағдысын жетілдіру тәжірибесі біршама қалыптасып үлгерді деп айтуға болады.

Тіл мамандары үшін ұйымдастырылған насихат шаралары, онлайн семинарлар жаңа әліпби құрамымен таныстыруға бағытталды. Тәжірибе жинақтау үшін бұл ісшаралардың барлығы маңызды деген ойдамыз. Өйткені әдістеме тәжірибе негізінде жетіледі, тәжірибе барысында әліпбиді оқытудың ұтымды және ұтымсыз жақтары айқындалады. Бекітілген әліпби нұсқасы мен мақұлданған емле ережелерді үйретудегі атқарылатын ісшаралар жұмысымыздың нәтижелі болуына ықпал етері сөзсіз.

Жетілдірілген әліпбидегі диакритикалы әріптердің тіл заңдылығына сай орынды қолданылуы біршама әдістемелік мәселелердің жылдам шешілуіне ықпал етеді. Әдістеме ғылымында диакритиканың кез келгенін, мәселен, умлаут, бревис, седиль, макрон және тағы басқаларын үйретудің тиімді жолдары көп болса да, оқыту ұстанымдарын басшылыққа алу қажеттілігін естен шығармаған абзал.

Өз заманында талапқа сай әліпби түзген ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек....», - дейді. Иә, әріптерді тез танып, таңбалау үшін әліпбидің ұтымды болуы керек. Осы орайда әліпбиге байланысты ғалымдардың соңғы кездері жарыққа шыққан мақалаларын зерделеу нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін анық көрсететін басқа да диакритиканы таңдау мүмкіндігі бар екеніне көзіміз жетті. Нәтижесінде, жіңішке дауысты дыбыстар үшін умлаутты, диграф орнына седиль диакритикасы бар таңбаны, жуан еріндік дауысты дыбысқа макрон диакритикасын, ұяң дауыссызға бревисті қолдануға болатындығы жайлы ғалымдар пікірі бір арнаға тоғысып, аталған диакритикалық таңбалар әліпбиден өз орнын алды. Ендігі жерде диакритикалы әріптерді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін ойластыру әдістемешілердің негізгі міндеті болмақ. Бұл ретте латынға негізделген қазақ әліпбиін тіл иелмендері мен өзгетілділер үшін меңгерту әдістемесі жайында да ойлануымыз қажет. Осы екі бағыттағы әдістеменің талаптары екі түрлі болғандықтан, соңғысы көп ізденісті қажет етеді. Ең бастысы, тілді оқытуда өзгетілділердің қазақ тілі бойынша жүйелі фонетикалық түсінігін және сөйлеу кезінде дыбыстарды дұрыс айту дағдысын қалыптастыру.

Тілдің фонетикалық жүйесін оқытуда аппроксимация деген ғылыми ұстаным бар (ол лат. proximaшектес, жақындау). Ол аса қарапайым және бастапқы нұсқасына жақын белгілі бір нысанды екінші бір нысанмен ауыстыру дегенді білдіреді. Бұл ұстанымды өзгетілділерге латынграфикалы қазақ әліпбиінің дыбыстық жүйесін үйретуде басшылыққа алу қажет. Мәселен, өзгетілділердің қазақ әліпбиіндегі дыбыстарды дұрыс айту, сөйлеген кезде дұрыс дыбыстау білігін тіл иелмендерінің дыбыстау деңгейіне жақындату әдістемелік шеберлікті талап етеді. Әрі қарай дыбысты әріппен таңбалай білу, каллиграфиялық талапқа сай жазу, емле ережесі бойынша қатесіз жазу, көз жүгіртіп оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатында сабақ сайын ұтымды әдістермен жаттығулар орындалу керек.

Оқу-жазу білігі мен дағдыларын қалыптастыру оқытудың жүйелілік ұстанымынсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Аталған ұстаным бойынша әліпбидегі әріптерді меңгертуде қарапайымнан күрделіге қарай үйретудің бірізділігі сақталады. Бұл ретте дауысты және дауыссыз дыбыстарды модульмен оқыту, яғни дауысты дыбыстарды жуан-жіңішкелігіне қарай жұппен, дауыссыз дыбыстарды «қатаң-ұяң-үнді» деп өзіндік диакритикалық белгілеріне баса назар аудартып оқыту әліпби үйретуде жоғары нәтиже берері анық. Мәселен, умлаут неміс, түрік, әзірбайжан, түркімен тілдерінде жіңішке дауыстыларды, бревис әзірбайжан, түрік тілдерінде ұяң дауыссыздарды, седиль түркімен, өзбек, түрік тілдерінде тіл ұшы, қатаң дауыссыздарды, макрон созылыңқы дауыстыларды таңбалау үшін қолданылады. Осы елдердің тәжірибесіне сүйене отыра, әліпбиімізде жіңішке дауыстылар үшін умлаут, жуан ұ-ны белгілеу үшін берілген макрон, ал ш дыбысын таңбалап тұрған седиль, ғ дыбысына берілген бревис диакритикасын оқытып, үйрету үшін жүйелілік және ғылымилық ұстанымдарын басшылыққа алу қажет. Әліпбиде әріпүсті диакритикалармен қатар, әріпасты таңбаларды да қолдану арқылы жүйелілік ұстанымы сақталған.

Сөзімізді түйіндер болсақ, ұлттық әліпби түзуде түрлі диакритиканы қолдану ғылыми, жүйелілік принциптеріне негізделуі – басты шарт. Осы ұстанымдар басшылыққа алынған кезде ғана тіл иелмендеріне, орыстілділер мен ағылшынтілділерге қазақ тіліндегі ерекше дыбыстардың диакритикалармен таңбалануын жеңіл үйретуге болады. Бүгінде шеттілдерін жетік меңгерген қазақ жастары үшін соңғы жетілдірілген әліпби нұсқасын тіптен тез игеріп кете алатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған сәйкес тілдің 5 деңгейі бойынша латын графикалы қазақ әліпбиін оқытудың әдіснамасын қалыптастырып, нормативті құжаттарын дайындау жұмыстары болашақтың еншісінде деген ойдамыз.

Салима Кенжемұратова

ф.ғ.к, доцент

Жұпар Жақанова

магистр