«ҚАЗАҚШАҢЫЗ ҚАЛАЙ?!» ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҒЫ

«ҚАЗАҚШАҢЫЗ ҚАЛАЙ?!» ТӘЖІРИБЕЛІК САБАҒЫ

Баршаға аян, еліміздегі мемлекеттік тілді дамыту және қолдау нәтижелерінің қандай деңгейде екенін шынайы қоғамдық ортаның мүддесі мен рухани саналы көзқарасы арқылы бағамдауға болады. Өйткені, қоғамдық ортадағы мемлекеттік тілдің қолданылуы тілдік ортаның нығаюымен күшейеді. Ал қазақ тіліндегі қоғамдық ортаны қалыптастыруға ықпал жасайтын ең маңызды факторлардың бірі – тұтыну саласы. Бұл бағыттағы жұмыс назардан тыс қалып көрген емес.

Жақында Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Ана тілі» орталығы тұтынушыларға қызмет көрсету орындарында қазақ тілінің қолданыс аясын барынша кеңейту, оның әлеуметтік рөлін және мәртебесін арттыру мақсатында «Қазақшаңыз қалай?!» тәжірибелік сабағы ұйымдастырды.

Аталған іс-шара Павлодар қаласының Орталық әмбебап дүкенінде өткізіліп, «Ана тілі» орталығының тыңдаушылары мен Тіл еріктілері қатысты. Сабақ дүкендегі тұтынушылардың қазақ тілінде пікір және өзара сұхбат алмасу және әңгімелесу форматтарында өтті.

Сонымен қатар жоғарыда аталған сабақтар «Batyr mall» және «Inmart» дүкендерінде ұйымдастырылып, алдағы уақытта қаланың «Манақбай», «Артур», «Квазар» сияқты ірі сауда үйлері мен тағы басқа дүкендерде өткізу жоспарланып отыр.