ҚАЗАҚ ТІЛІН АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР АРҚЫЛЫ ҮЙРЕТУ НЕМЕСЕ ӘДІСТЕМЕЛІК КӨМЕК

ҚАЗАҚ ТІЛІН АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМДЕР АРҚЫЛЫ ҮЙРЕТУ  НЕМЕСЕ ӘДІСТЕМЕЛІК КӨМЕК

ХХІ ғасыр жаңа ақпараттық технологияның дамыған заманы. Кез келген ғылым саласында, масс-медиа, менеджмент саласында техника мен гаджеттің алар орны бөлек. Әлемдік әдіскерлердің тілді үйретуге арналған замануи әдістері күннен күнге артуда. Сондай-ақ бұл әдістердің белгілі бір тілді үйретудегі нәтижесіне де көзіміз жетіп жүр. Дей тұрғанмен, қаншалықты нәтижелі әдіс болмасын, барлық әдіскерге немесе тіл үйренушіге бірдей ұнай ма?

Бұл даулы мәселе. Сондықтан да әдіскердің алдында үлкен міндет тұр: 1) белгілі бір тіл үйренушімен немесе топта өткізетін сабақтардың алдын ала лексикалық минимумы мен грамматикалық минимумын бекіту; 2) белгіленген деңгей курсының қанша уақытқа созылатынын, қандай форматта өтетінін жоспарлау (яғни сабақтың сценарийін құрып алу қажет).

«Тілді жоспарланған уақыт ішінде үйретемін», – деп мақсат қойған әдіскер қолда бар әдістердің көмегіне сүйене отырып, өзіндік инновацияға құрылған әдісті ойлап табуы керек. Ал бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жаңа ақпараттық технология көмегіне жүгінеміз. Бұл технологияның артықшылығы, аудио-визуалды дағдыға негізделуі.

Сонымен тіл үйретуде жаңа ақпараттық технологияны қалай пайдаланамыз?

Кез келген әдістің әдіскерге немесе тіл үйренушіге тиімді бола бермейтіні сияқты, анимациялық фильмдердің де тиімділігі жоғары бола бермеуі ықтимал. Бұл мәселеден шығудың да жолы бар. Бұл – авторлық анимациялық фильм. Демек, анимациялық фильмді өзіміз жасауымыз қажет. Әрине, Мадагаскар, Шрек сияқты мультипликациялық фильмдерді жасай алмасақ та, тіл үйренушіні жалықтырып алмайтын, қызықты анимациялық фильм дайындауға мүмкіндігіміз жеткілікті. Ол үшін бізге Vyond, Crazy Talk, Adobe Animate CC сияқты web-платформаларында жұмыс істеп үйрену керек. Аталған web-платофрмалардың ішінде Vyond платформасымен жұмыс істеген өте ыңғайлы әрі қызықты. Кез келген жұмыстың артықшылығы мен кемшілігі болатыны әмбеге аян, сол секілді бұл платформаның да осы екі жағына тоқтала кетейік. Артықшылығы: мультипликациялық фильмге құрылған; фильмді өзіңізге қызықты бағытта, қажетті салаға құруға; кейіпкер таңдауға; сондай-ақ платформаның кейіпкерді сөйлетуге, эмоциясын өзгертуге де мүмкіндігі бар. Ал кемшілігі: платформаның барлығына бірдей қолжетімді еместігі, яғни қолжетімділік тарифіне ақы сұрауында.

Орманова Айгүл Әділбекқызы,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Әдістеме басқармасының кіші ғылыми қызметкері