БАЙҚАУ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

БАЙҚАУ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқы тілдері» іс-шарасы аясында өткен «Тіл шебері» республикалық онлайн байқауы өз мәресіне жетті.

Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: үміткерлерді құттықтап, мемлекеттік тілдің мәртебесіне айрықша тоқталды: «Шет елдермен халықаралық байланыс артқан сайын, көп тіл білетін жас ұрпақ тәрбиелеу қажеттілігі де күн тәртібіне шыға береді. Бұл байқаудың басты мақсаты жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді жастарға қолдау көрсету. Бірақ, бір нәрсені баса айтқым келеді, ана тілің әрқашан биікте тұруы керек. Өйткені, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады». Ғалымдардың есептеуінше, әрбір он төрт күн сайын бір тіл жоғалып отырады екен. Сырттан ешкім келіп, тыйым салып жатқан жоқ. Қолданыс аясы кемігендіктен өрісі тарылады. Сол секілді күнделікті тұрмыста қазақ тілін екінші кезекке ысыра берсек, қолданыстан еріксіз шығатын сөз қатары көбейе береді. Сондықтан, ана тіліміздің абыройын асқақ ұстаңыздар».

Жастар додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 үміткер қатысты.

Байқаудың әр кезеңіне кәсіби сараптама жасап, баға беру үшін құрылған қазылар алқасы талантты жастар қатары өсіп келе жатқанын ерекше атап өтті. Олардың пікірінше, жарысқа түсушілер ағылшын тілін жақсы меңгерген, ал ана тілінде эссе жазу барысында шұрайлы ойын шырайлы етіп бейнелей білді.

Шара модераторы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталық директорының орынбасары Айдос Тұрсынбайұлы Әбдіхалық жастармен экспресс-сұқбат ұйымдастырып, олардың еліміздегі тілдік ахуал бойынша өзара пікір алмасуына мүмкіндік тудырды. Ара-арасында өнерге кезек беріп отырды. Мұның бәрі сайыстың тартымды, өзара тығыз байланыста өтуіне игі әсер еткені сөзсіз.

Қазылар алқасының шешімі бойынша Бас жүлде мен 300 мың теңге қостанайлық Кеулхосов Сүлеймен Берікбайұлының қанжығасына байланды.

Бірінші орынды Алматы қаласынан Абзалбек Әділхан жеңіп алып, 250 мың теңге сыйлыққа ие болды. Екінші орын мен 150 мың теңге сыйлық Алматы облысының жас тұрғыны Жақсыбаев Қанат Абайбекұлына бұйырды.

Үшінші орынды Шымкент қаласынан Бекболатова Ақерке Ержанқызы мен Қарағанды облысынан Оралбеков Әмірхан Саятбекұлы бөлісіп, әрқайсысы 100 мың теңгеден сыйлыққа ие болды. Жүлделі орынды иемденгендерге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Дипломы табысталды.

Бұдан басқа белсене қатысқаны үшін Ақтөбе облысынан Қартжан Нарқозы Есенкелдіұлы, Павлодар облысынан Мусина Мақпал Еркінқызы, Жамбыл облысынан Сәрсенбаев Алдияр Бауыржанұлы 50 мың теңге сыйлық және алғысхатпен марапатталды.

Қалған қатысушылар алғысхатқа ие болды.