ҚАЗАҚ ТІЛІ АРГЕНТИНАЛЫҚТАР ЖҮРЕГІНДЕ

ҚАЗАҚ ТІЛІ АРГЕНТИНАЛЫҚТАР ЖҮРЕГІНДЕ

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай қазақ тілін үйреніп жүрген аргентиналықтармен ашық сабақ өткізілді. Оған Аргентина Республикасының Росарио қаласында орналасқан Қазақстандық мәдени орталық қызметкерлері қатысты.

Естеріңізге сала кететін болсақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2020 жылдың 15 мамырынан бастап Аргентина азаматтарына ZOOM арқылы қазақ тілін оқыту курсын бастады. Қазақ тілін үйрену мұхиттың арғы жағындағы достар тарапынан шынайы сүйіспеншілікпен жүріп жатыр. Аптасына бір рет онлайн режімде Аргентина аспанында қазақ тілі қалықтайды.

Ашық сабақты Нұр-Сұлтан қаласындағы «Haileybury Astana» мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Phd докторант Ақниет Озатұлы өткізеді.

Заманауи әдіс-тәсілдерді меңгерген жас маман ақпараттық технологияның түрлі элементтерін қолдану арқылы оқу материалдарын өте ұтымды және жүйелі пайдалана біледі. Ол сабақ барысында интернеттің түрлі ресурстарын пайдалана отыра, тіл үйренушілердің қазақша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға тырысады. Аргентиналықтардың қазақ тілін үйренуге деген ынта-жігерлері жоғары болғандықтан, сабақтар қызықты өтеді.

Жақында бір сабақ игрофикация қағидаты бойынша өтті.

Аргентиналықтар «Миллионер» ойыны арқылы сұрақтың дұрыс жауабын тауып, таза қазақша сөйледі, өз отбасылары туралы ұлы Абай тілінде майын тамызып әңгімелеп берді.

Аргентиналықтардың мақсаты – тек қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қазақ халқының мәдениетімен терең танысу, ұлы тұлғаларын насихаттау. Осыдан-ақ олардың Қазақстанға, қазақ ұлтын деген зор сүйіспеншілігі мен құрметі анық байқалады.

Сабақ соңында Қазақстан халқы тілдері мерекесіне орай екі елдің арасындағы мәдени-рухани ынтымақтастықты нығайтуға атсалысқаны және және қазақ тілін аса қызығушылықпен үйреніп, оны насихаттауға қосқан үлестері үшін аргентиналықтар Алғысхаттармен марапатталды.

Қазақ тілін үйреніп жүрген аргентиналық достар Ирина Вагнер, Густаво Гутьеррес, Аника Кардона, Грегорио Ремолинс, Илья Вагнер, Джульета Бруэра, Серхио Шокронға ел ілтипаты ерекше.