БЕКІТІЛГЕН ТЕРМИНДЕР – ҒЫЛЫМ ТІЛІНДЕ

БЕКІТІЛГЕН ТЕРМИНДЕР – ҒЫЛЫМ ТІЛІНДЕ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2020 жылдың 10 қыркүйегінде «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты онлайн семинар өтті.

Әр түрлі ғылым саласында кеңінен қолданылатын төл терминдердің көп болуы мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, мерейін өсіре түседі. Қазақ тілі ғылым тілі болуы үшін, ең алдымен, оның қалыптасқан терминдері болуы тиіс. Ал, термин қалыптастырудың тәсілі көп.

Онлайн семинар жұмысы осы бағытта өрбіді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба өзінің кіріспе сөзінде термин халқымыздың ұғымына сай болуы керектігін айтып, қабылданып жатқан терминдердің ғылым саласынан өз орнын тұрақты табуы маңызды екендігіне тоқталды.

«Терминнің о бастапайда болған елінің тілінен төтелеп емес, аралық тіл арқылы аудару үрдісі кешегі кеңестік кезеңнен бері кең етек жайғаны ақиқат. Мұның ұлт ұғымына ауыр тиетіні өз алдына, түпкі мағынасынан алшақтатып жіберуі мүмкін. Құлдық санадан құтылып, қазақ тілінде жаңа сөз тудыру, сөзсіз, ардақты ана тіліміздің өрісін кеңейтіп, сөздік қорымызды байыта түседі», – деді ол.

Терминологияны біріздендіру, терминжүйе қалыптастыру қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту үшін аса маңызды. Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясы мақұлдаған терминдердің қолданыс аясын кеңейту, сапасын арттыру мәселесі, ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің арасалмағын айқындау мәселелері онлайн басқосудың өзекті тақырыбына айналды.

«Назарбаев Университеті» ДББҰ Қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Әлісжан Сарқыт Қалымұлы «Ғылым тілін дамытудағы халықаралық және төл терминдердің ара салмағы» жөніндегі баяндамасында: «Ғылым саласында тіл ғылыми қатынас үшін қызмет етеді. Тілдің ғылыми қарым-қатынас үшін негізгі үш қызметін баса көрсеткен жөн. Олар: 1) когнитивтік (ойлау); 2) аккумлятивтік (білімнің шоғырлануы); 3) коммуникативтік (мамандардың өзара қарым-қатынасы). Терминологиялық лексика құрамындағы халықаралық және төл сипат ғылым саласындағы тілдің осы қызметтерімен байланыстыра қаралғаны жөн», – деп атап көрсетті.

Филология ғылымдарының докторы, ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлы бекітілген кей терминдердің елдің құлағы енді үйреніп, сіңісті бола бергенде қайта өзгеріп кетіп жатқанына алаң білдірді. Жалпы кейбір елдерде «халықаралық термин» деген ұғымның өзі шартты мағынаға ие, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш ардақтыларының өткен ғасырдың басындағы еңбектеріне сүйене отырып, ана тілінде ойлайтын халық өз ұғымын анық білдіре алады, ол үшін тұжырым табанды, бағыт айқын болуы керек деп ой қорытты.

Бұдан басқа «Астана» медициналық университетінің профилактикалық медицина және тамақтану кафедрасының профессоры Ахметов Мұхамбедия, «Қазақстан Республикасының Заң шығару институты» мемлекеттік мекемесінің жетекші ғылыми қызметкері Айымбетов Мәди Айтбенбетұлы сөз сөйледі.

Іс-шара пікірталас, сұрақ-жауап форматында ұйымдастырылды.

Сала мамандары, филологтар мен жоғары оқу орнының студенттері, жалпы жұртшылық термин төңірегіндегі келелі пікір, көшелі сөзді zoom платформасы арқылы көріп, тыңдады. Баяндамашы мен сөйлеушілерге сұрақ қойып, тақырып бойынша өз ойларын ортаға салып отырды.

Қатысушыларға біліктілік электронды сертификаты табысталды.