НАРЫҚСЫЗ САУДА – ПАРЫҚСЫЗ

НАРЫҚСЫЗ САУДА – ПАРЫҚСЫЗ

«Айқын» газетінің 2020 жылғы 9 қыркүйектегі санында журналист Гүлзина БЕКТАСТЫҢ осы аттас зерттеу мақаласы жарық көрді. «Кітап сатып, байығандар туралы естісек, құдды бізге ертегі сияқты. Қазір кітаптың құны жоқ. Құны жоқ болатын да себебі бар: бағасын білмейміз. Не тегін, не арзан алғымыз келіп тұратыны жасырын емес. Өйткені соңғы 30 жылда кітап нарығын қалыптастыра алмадық» – деп ой түйеді автор.

Кітап нарығы туралы жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар кітап саудасы толғағы жеткен күрделі мәселе деген пікірде. «Әйгілі ойшыл Рене Декарттың: «Жақсы кітап оқу – өткен заманның ең ізгі адамдарымен әңгімелесу де­ген сөз. Жай әңгіме-дүкен құру емес, олардың ең тұшымды ойларын тыңдау», – дегені бар. Бұған бәріміз ес жиып, етек жапқалы куәміз. Шы­ны керек, қаріп танып, көз ашқалы бері екі елі ажырамаған досымыз, әлі күнге дейінгі айнымас сырла­сымыз – кітап үйде – жаны­мыз­да, ұзап шықсақ ойымызда жү­реді. Бірден айтайық, бұл бағыттағы жұ­мыс шабан аттай жүрісі қиындап кетті. Байқап жүрміз, орыс тілді кі­таптар қазіргі қызып тұрған на­рық­тың төріне жайғасты да, ана тілі­міздегі туындылар екі көзі жәуді­реп босағада қалды. Қайда барсаң, осы хал», – дейді жазушы. Қазақ тіліндегі шығармалары саудасына құлқы жоқ.

Шабан аттай жүрісі қиындап қа­луының сыры неде? «Мұның бірне­ше себебі бар», – дейді қалам­гер. «Біріншісі, бірден айту керек, қазақ тілі әлі күнге өз тұғырына қона қойған жоқ. Солай болғасын, рес­пуб­лика көлемінде кеңінен сұ­ра­нысқа ие болуы күрмеуі қиын шаруа болып отыр. Екіншіден, жастар орысша оқуға тым әуес. Өйткені біздің ақпараттық кеңіс­тіктің көбісі сол тілде. Жасырып-бүркері жоқ, қазақ тілін шала біле­тіндердің бар­шасының орыс тілінде тарайтын ақ­паратқа бүйрегі бұрып тұрады. Қазақтілді кітаптың жам­басы сөреде жатып сарғаятын бол­ған соң, сала­лық дүкендер бұдан ат-тонын алып қашады. «Есеп қуған бай бол­са, қуанбай қалмас егізге» де­мекші, күн­көрісін соның үстіндегі тиын-те­бенмен айырып тұрған ағайынның ана тіліміздегі шығар­малар сауда­сына құлқы жоқ», – дейді.

«Атамұра» корпорациясы өкіл­дері мен «Алматыкітап», «Фолиант» баспасының кітап дүкендері қазақ­тілді кітап сатумен айналы­сады. Нұр-Сұлтан қаласында «Абай» кітап дүкенінен көркем шығармаларды табуымыз мүмкін. Одан бөлек, мұн­дай кітаптар «Меломан» мен «Книж­ный мирден» көп кездесе бермейді. Көпшілік кітапты өзі са­туға мәжбүр.

«Сонау 1992 жылдан бері қарай қоғамдық маңызы бар қазақ тіліндегі әдебиеттер мемлекет қаржысына шыға­рылып келе жатыр. «Суға кет­кен тал қармайды» дегендей, әлеуе­ті әлжуаз баспалар аталған қар­жыға жармасып, алақанын жайып оты­рады. Ұзақ жылдар бұл салаға кура­торлық жасағаным бар, ахуалды бір кісідей білемін. Оларға: «ішкі мүм­кіндіктеріңді пайдаланып, үнем­деген өз қаржыларыңа сол кітапты дүкенге жететіндей қып, қосымша ти­ражбен шығарыңдар», – деп талай рет ерік бергенбіз. Қалтасында көк тиын болмаған соң, олар қо­сымша тиражға да, ондай түйінді шаруаға да тәуекел жасай алмады. Ондай баспалардың шығарған өнім­дері өмірі кітапханадан әрі асып көрген емес, дүкен дегенді мүлдем көрмейді», – дейді Әлібек Асқар.

Жазушы бір кез­дері әр ауылда болмаса да, ең құры­ғанда, аудан орталықтарынан бой көтерсе деген ниетпен кітап сататын дүкендер ашу мүмкіндігін зерттеп, мониторинг жүргізгенін айтады.

«Бұған назар аударған себебіміз – қазақ тіліндегі кітаптың оқыр­ма­нының алтын бесігі ауыл ғой. Содан есептеп қарасақ, ауылға барар кі­таптың құны, тасымал шығыны бар дегендей, қалада сатылатын сыңа­рына қарағанда әлдеқайда қымбат болып шықты. Жүйкесі де, қалтасы да жұқарып жүрген ауыл­дағы ағайын жәйі әмбеге аян. Сөйтіп, бұл дү­кендердің өзін-өзі ақтамайтыны бел­гілі болды. Арадағы айырманы аудан басшылығы өз мойнына алар ма екен деген үмітпен жан-жақты зерделеп көріп едік, оның да реті шықпады. Тіпті, біреу­лер құтылмас дауға басы қалардай, көлеңкесінен қарадай үркіп қаш­ты», – дейді.

Мақаланың толық нұсқасымен төмендегі сілтеме арқылы таныса аласыздар: https://aikyn.kz/nary-syz-sauda-pary-syz/