КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ӨМІРШЕҢДІГІНІҢ КЕПІЛІ

КОНСТИТУЦИЯ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ӨМІРШЕҢДІГІНІҢ КЕПІЛІ

1995 жылы 30 тамыз күні жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституцияда тұңғыш рет «Қазақстан – ежелден келе жатқан қазақ жерінде оның халқы тарапынан құрылған мемлекет» деп танылды және соған сәйкес Негізгі Заңның 7-ші бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп атап көрсетілді.

Бұл – бодандық бұғауынан босаған ел өміріндегі аса маңызды тарихи оқиға. Содан бергі 25 жыл уақыт аралығында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мәселесі бүгінгі таңда өзектілігін жойған жоқ. Оған дәлел – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленген маңызды міндеттер.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми орталығы осы бағыттағы асқаралы міндетті іске асыруда елеулі іс атқарып келеді. Әсіресе, қазақ терминологиясы және ономастикасы бағытында атқарып отырған қызметі ерекше. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық және ономастикалық комиссиялардың жұмыстарын, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Сараптама-технологиялық жұмыс топтарының жұмысын үйлестіру шаралары бар.

– Замана ағымына орай қазақ терминдерін жаңартып отыру, толықтыру, жүйелеу жұмыстары ұдайы қырағылықты талап етеді. Сол себепті жаңа терминдер жыл сайын сараптамадан өтіп, негізі қор толықтырылып отырылады,– дейді орталықтың Терминология және ономастика басқармасының басшысы Бақытгүл Дәуітбекқызы. – Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының екі отырысында лингвистикалық сараптама жасалған 1054 термин талқыланды. Қазақ тілінің дамуы мен реформалық бағыты үшін бұл саладағы жұмыстары көлемі өте ауқымды. Қоғам тарапынан әрбір жаңа терминге өз пікірін білдіру үшін ашықтық, қолжетімділік қағидаттарын пайдаланып, ақпараттық пікір алаңы іске қосылды. Бекітуге ұсынылған терминдер www.termincom.kz сайтындағы «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» алаңында жарияланды. Бұл жерде еліміздің әрбір азаматы жаңа термин бойынша пікір білдіріп, ұсыныс жасай алады.

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуде ғылым тілін дамытудың орны ерекше десек, осыған орай терминологиялық дерекқорды жетілдіру ісі аса маңызды. Осы мақсат жолында 2017-2019 жылдары бекітілген терминдер сөздігінің электрондық жинағы «Тіл-Қазына» орталығында әзірленіп, электрондық нұсқасы www.termincom.kz сайтында орналастырылған.

Сонымен бірге 1971-2019 жылдар аралығындағы бекітілген терминдер сөздігі биылғы жылы жарық көрмекші.

Мазмұны жағынан ескірген ономастикалық атауларды өзгерту, географиялық объектілерге тарихи атау беру – ұлттық сананы жаңғыртудың бір жолы. Қазақ ономастикасы саласында орталық атқарып отырған қызмет ұшан-теңіз. Тарихи диахрондық әдіс арқылы ономастикалық атауларды жүйелеу қағидасы бойынша жұмыс қолға алынды. Бұл бағыт республикадағы ономастикалық қызметті ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру мақсатын көздейді.

Биыл сала мамандары мен ономаст ғалымдардан құралған жұмыс тобы Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша астионимдерінің өзгеру динамикасы, өңірлердің топонимдерінің этимологиясы, топонимдерінің диахрониясы бойынша жинақтаған зерттеу нәтижелерін ғылыми-практикалық жинақ ретінде жарияламақ. Бұл алдағы уақытта Қазақстанның 3D картасын жасауға қажетті дәлелді ғылыми материал болмақ.

Заман талабына сай іске қосылған www.atau.kz ономастикалық, www.termincom.kz терминологиялық сайттары кең қолданысқа ие болу үшін оларды техникалық жағынан жетілдіру, контентін толықтырып отыру да үнемі назарда.

Ата Заңымызда атап көрсетілгендей, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өрісін кеңейту – қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіну, Конституцияны құрметтеу, оны ұлықтаудың басты белгісі болып қала бермек.

«Тіл-Қазына» орталығының қазақ тілін дамытудағы бір ғана терминология мен ономастика бағытындағы қызметтері – ана тіліміздің беделі мен оның бәсекелестікке қабылеттілігін арттыруға жасалған қарышты қадам. Ғалымдар мен мамандар бұл бағыттағы ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарын жалғастыра беретін болады.