ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР

2020 жылдың 26-28 тамыз аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы онлайн режимде «Тәжірибе алаңы: тіл, әдістеме, нәтиже» тақырыбында тілді екінші тіл ретінде оқыту мәселесіне арналған халықаралық әдістемелік семинар өткізеді.

Семинардың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындамемлекеттік тілдің қолданылу өрісін кеңейту мақсатында қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, халықаралық деңгейдегі тілді үйрету әдістемесімен танысу, өзара тәжірибе алмасу.

Семинарда қазақстандық және шетелдік жетекші ғалым-әдіскерлер мен білікті оқытушылардың тілдерді оқытуда өз тәжірибелерінде қолданатын инновациялық технологиялары мен әдістері қатысушылар назарына ұсынылып, тиімділігі екшеледі. Халықаралық тәжірибедегі тілдерді ана тілі және екінші шет тілі ретінде оқыту әдістемесінің алуан тәсілдері көрсетіледі.

Онлайн семинарға еліміздегі облыстық Тілдерді дамыту басқармасы және Тілдерді оқыту орталықтарының басшылары, ғалымдар, әдіскерлер мен оқытушылар, барлығы 300-ден астам тіл мамандары қатысуға ниет білдірген. Семинар тренинг, шеберлік-сыныптар түрінде өткізіледі.

Үш күндік семинарда Ұлыбританиядағы «Unicorn Language Sсhool» мектебінің директоры, ағылшын тілінің оқытушысы Сим Роберт, Түркиядағы Гази университеті «Tömer» тілді үйрету орталығының директоры, профессор Незир Темур, Мәскеу қаласының Инновациялық-коммуникативтік лингвистика орталығының директоры, полиглот, синхронды аудармашы Дмитрий Юрьевич Петров, Башқұрт мемлекеттік университетінің оқытушысы, әдіскер-маман Римма Флюровна Мингазетдинова, сондай-ақ Алматы қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы университет, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Ахмет Байтұрсынұлы Білім академиясының әдіскерлері өз тәжірибелерімен бөліседі.

Семинар қорытындысында пікір алмасу, түйткілді сұрақтарға жауап алу мүмкіндіктеріболады.

Семинар соңында қатысушыларға сертификат беріледі.