ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ЛАТЫН ГРАФИКАСЫНА КӨШУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер, тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды». Қ.Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті.

Бүгінгі таңда өте жедел қарқынмен дамып жатқан ғаламтор заманында, басқаны айтпағанда, электрондық поштамыздан бастап, паспортымызға дейін латын әліпбиі қолданылады. Көшедегі жарнамаларды қоса алғанда мұндай мысалдар өте көп. Яғни, еркімізден тыс, әлемдіктің өркениеттің ықпалымен күнделікті өмірімізге дендеп еніп келеді.

Ендігі алдымызда тұрған асқаралы міндет – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашып, Ұлы Дала елін адамзаттың дүниежүзілік деңгейдегі прогрессивті дамуымен байланыстыратын алтын көпір – латын әліпбиіне көшу. Ұлы іс басталып кетті. Президент атап көрсеткендей, мұның айналасында қордаланып қалған мәселе жеткілікті.

Мемлекет басшысының латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге байланысты берген тапсырмасымен байланысты үйлестіру, ұйымдастыруға қатысты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді.

Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының жетілдірілген әліпбидің жаңа нұсқасын таныстыру, талқылау, пысықтау жұмыстары бойынша биылғы 20 ақпан, 13 наурыз, 15 сәуір, 2 маусым, 22 шілдеде кеңейтілген кеңестерінің отырысы ұйымдастырылды.

Әр бас қосу сайын Ұлттық комиссия жанындағы жұмыс топтарының мүшелері латын графикасына негізделген әліпби нұсқасын жетілдіріп, мақұлдады.

Соған орай әліпби құрамына С, W, Х таңбаларын енгізу, кейбір жекелеген /у / ı / і / таңбаларының дыбыстық мәнін қайта қарастыру мәселелері бойынша ғылыми тұрғыдан талқылаулар өткізілді.

Сондай-ақ, жетілдірілген әліпби нұсқасына сәйкес емле ережелерінің кейбір тұстары толықтырылып, бекітуге ұсынылатын жобасы даярланды.

Жаңа ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры, барлық сала компьютерлендірілуде.

Ендеше әліпбидің ІТ технологияларға сәйкестігі назардан тыс қалмауы тиіс. Бұл бір жағынан ыңғайлылық, уақыт үнемділігі дегенге қатысты. Осы бағытта пернетақтаның жаңа жобасы таныстырылып, пысықталу үстінде.

Ағымдағы жылдың 30-31 мамыр күндері Нұр-Сұлтан қаласында Сараптамалық кеңестің отырысы өткізілді.

Күн тәртібінде: Й/И дыбыстарының таңбасы; Ы және І дыбыстарының таңбасы; У дыбысының таңбасы; Жетілдірілген әліпби құрамындағы кейбір таңбаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.

Талқылау барысында ғалымдар ғылыми дәйектемелерін ортаға салып, өз тараптарынан ұсыныс-пікірлерін білдірді. Нәтижесінде жетілдірілген әліпби нұсқасының құрамына өзгерістер енгізіліп, ол кейінгі өткізілген Орфографиялық жұмыс тобының отырысында талқыланды.

Ұйымдастырылған жұмыс тобының отырыстары мынадай басты нәтижелерге қол жеткізді:

- 31 таңбадан тұратын латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің нұсқасы мақұлданып, Ұлттық комиссия қарауына ұсынылды;

- C, W, X таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шеттілдік сөздерді таңбалау үшін әліпби соңында ескерту ретінде берілді;

- Бекітуге ұсынылатын емле ережелерінің жобасы даярланып, Ұлттық комиссия қарауына ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Ұлттық комиссия жұмыс топтары өз жұмыстарын тынбай атқарып келеді. Ғалымдар мен тәуелсіз сарапшылар түрлі деңгейде сараптамалар мен байқау сынақтарын да өткізуде. Шетелдік тәжірибе қағидалары да ғылыми зерттеулерден тыс қалып жатқан жоқ.

Қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшірудің үкіметтік жоспарына сәйкес жұмыстар өз жалғасын таба береді.