ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМА – ТЕРМИН БЕКІТУДІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ

ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ САРАПТАМА –  ТЕРМИН БЕКІТУДІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы терминдер мен атауларға лингвистикалық сараптама жүргізеді.

Осы жұмыстар негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясына қажетті терминдер лингвистикалық сараптамадан өткізіледі.

Лингвистикалық сараптама терминологиялық ұғымдарға дәл балама табуға, термин-атауларды жасауда терминдік нақтылықты сақтауға, терминдер мен атауларды қазақ тілінің негізгі ережелеріне, жазу дәстүріне сәйкес реттеуге, туыстас түркі тілдерінің тәжірибесін назарға алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда отандық терминология мәселелері аясында еңбек етіп жүрген білікті терминтанушы ғалымдар лингвистикалық сараптама жасауға атсалысып, ұлттық терминологиялық жүйе қалыптастыру үшін жұмыла еңбек етуде.

Лингвистикалық сараптама жүргізу үшін сарапшылар тобы мүшелерінің сараптама қорытындысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы терминологиялық комиссиясына ұсынылады. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының екі отырысы өткізіліп, лингвистикалық сараптама жасалған 1054 термин талқыланды.

Сараптамадан өткен термин-атаулар заң саласын, банк қызметін, спорт (шахмат), Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі, әдебиет пен лингвистика, әскери іс салаларын қамтыды.

Лингвистикалық сараптамадан өтіп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясымен мақұлданған терминдер termincom.kz сайтына салынады.