«АБАЙ ИНСТИТУТЫ» – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

«АБАЙ ИНСТИТУТЫ» – ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

Қазіргі жаһандану кезеңінде барлық сала секілді руханият мәселесінде ашықтық үрдісі кең өріс алды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы биылдан бастап қолға алған «Абай институты» қазақ тілі мен мәдениетін әлемге танытуда абыройлы іс атқарып келеді.

Әмбеге аян, еліміз бойынша жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми-көпшілік мәдени ұйымдары жанынан «Абай академиясы», «Абай институты» орталықтары құрылып, ұлы ақынның шығармашылығы туралы жан-жақты зерттеу, насихаттау жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.

Ендеше бұл жоба несімен ерекшеленеді?

Бұл сұраққа жауап іздеу үшін әуелгі кезекте «Ашық білім беру жобасы» деген анықтамасына назар аударған жөн.

Яғни, Қазақстанда және шетелдердегі қазақ диаспоралары мен ирриденттерге қазақ тілін оқыту, қазақ тілінде ашық білім беруді ұйымдастырып, Абайдың шығармашылығын, қазақ тілін, әдебиеті мен фольклорын, ұлттық мәдениетімізді насихаттауды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының консулдықтары бар шетелдерде қазақ диаспорасы мен қазақ тілін меңгеруге ынталы азаматтар үшін қазақ тілін оқыту, қазақ әдебиетін насихаттау, Абай шығармаларымен таныстыруда ашық білім беру жобасын қолданысқа енгізу арқылы мүмкіндіктер қалыптастыру мақсатында «Отандастар қоғамымен» ынтымақтастық Меморандумы жасалды.


Күні бүгін әлемнің бес мемлекетінде жүзеге асып жатыр.

Атап айтқанда, Ресей, Иран, Түркия, Бельгия, АҚШ.

Бұл елдерде қазақ тілін оқытуды жүргізетін кураторларға «Абай институты» Мәдени-іскерлік үйі» жобасы бойынша әдістемелік сабақ өткізілді. Орталықтың жауапты мамандары үзбей байланысқа шығып, әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетіп отырады.

Қазақты күллі дүние танысын десек, ақпаратты жеткізудің заманауи тиімді түрлерін кеңінен пайдалану ауадай қажет. Осы мақсатта шетелдіктердің туған Отанымыз – Қазақстанға деген, қазақ халқына деген қызығушылығын ояту үшін осы жоба аясында «Абай институты» арнаулы интернет-порталы іске қосылады. Қазір бай мәліметпен толықтырылу үстінде.

Ғалымдардың айтуынша, бір миллион адамның қажетіне жараған тіл өлмейді екен. Тәубе, өзімізді қоса есептегенде, қазақ тілін қолданатын жер шары тұрғындарының саны көңіл қуантады.

«Абай институты» жобасы мемлекеттік тілді оқытудың жалпыға ортақ қол жетімділігін қамтамасыз ете отырып, ардақты ана тіліміздің әлем көгінде қанатын кеңге жайып, өрісі өрелі болуына үлес қосады.