ОҚЫРМАНЫ ОРМАНДАЙ ҮШ БАСЫЛЫМ

ОҚЫРМАНЫ ОРМАНДАЙ ҮШ БАСЫЛЫМ

Көзі қарақты оқырман біледі, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Тіл және қоғам» альманахы мен «Терминологиялық хабаршы», «Ономастикалық хабаршы» жарық көріп келеді.

– Бұл басылымдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Респуликасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» мен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру аясында жүзеге асырылып келеді,– деді орталықтың редакциялық-баспа басқармасының басшысы Әлім Сәдуақасұлы. – Негізінен, тілдерді дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту, қазақ тілінің салалық терминдер жүйесін жетілдіру, біріздендіру, ономастикалық кеңістікті жүйелеу және басқа да тіл саласына қатысты жауапты міндеттерді атқарады. Үшеуі де жылға екі рет электронды нұсқада шығады.

«Тіл және қоғам» альманахының биылғы №1 саны Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор М.Бақтиярұлының «Латын әліпбиі: сана жаңғыруы және заманауи қажеттілік» мақаласымен ашылған.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл саясаты Комитеті төрағасының орынбасары Ә.Қабаның «Бізге керегі қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру!» мақаласының мазмұнын: «Тіл – қазақтың жаны. Дербес ұлт екенінің белгісі. Мемлекеттігіміздің символы. Тілді сақтау – әр қазақтың жанын сақтау. Арын сақтау. Тілмен берілетін ұлттық ерекшелігіміздің барын сақтау»,– деген алғашқы жолдары ашып көрсетеді.

Альманахта жарияланған мақалалардың тақырыбынан көрініп тұрғандай, «Түркі тілдері неше әліпби нұсқасын қабылдады?», «Әзербайжан тіліндегі латын әліпбиін меңгерту тәжірибесінен», «Әліпбиге «c», «w», «x» таңбаларын енгізу қажет пе?», «Жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сыныбында «w», «v», «f» таңбаларын меңгертуде кездесуі мүмкін қиындықтар мен олқылықтар» деген сұрақтардан бастап өзіңізді толғандырып жүрген көптеген өзекті мәселелер жөнінде тіл ғалымдарының тиянақты жауабын ала аласыздар.


«Ономастикалық хабаршының» биылғы №1 санында еліміздің жер-су атауларының шығу тарихы мен терминологиясы туралы бірқатар қызықты мақалалар жарияланған.

Мысалы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, облыстық ономастикалық комиссияның ғылыми сарапшысы Бердібек Бияровпен болған «Әр атауға тарихи мұра ретінде қарауымыз керек» деген сұқбат өр Алтай өлкесінің ономастикасы мен топонимикасына қатысты өрбиді.

Хабаршының осы санынан кең байтақ Қазақстанымыздың түкпір-түкпіріндегі топонимдердің шығу төркіні мен оны зерттеудің ғылыми-әдістемелік сипаттамасы туралы құнды мәліметтер аласыздар.


«Терминологиялық хабаршының» биылғы алғашқы саны ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының «Салалық терминдер жүйесі – ғылым тілінің негізі» деген көлемді мақаласымен ашылған.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты терминология бөлімінің ғылыми қызметкері Нұрлан Шүленбаевтың мақаласында терминжасамның бұқаралық сипатына оң әсер берген онлайн конкурстың жәй-жапсары талданады.

«Тәжірибе және тағылым» айдарымен ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары жарық көрген мақалаларды оқырман назарына ұсынады.

Хабаршы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының бекіткен мәдениет және өнер, медицина, спорт саласындағы терминдерімен осы санын аяқтайды.

Бұл үш журналдың элекронды нұсқасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Тіл әлемі» сайты арқылы төмендегі сілтеме бойынша танысуға болады:

https://tilalemi.kz/tartu/one/792

https://tilalemi.kz/tartu/one/793

https://tilalemi.kz/tartu/one/794