ҚОШ БОЛ, ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒА!

ҚОШ БОЛ, ҚАЙТАЛАНБАС ТҰЛҒА!

Ғалым ретінде де, адамдық болмысы жағынан да қайталанбас тұлға, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың қазасымен байланысты барша тіл жанашырларына, марқұмның тума-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ әдеби тілінің тарихы, Абайдың поэтикалық тілі, қазақ тілінің поэтикасы, XV-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі, ортағасырлық жазба ескерткіштер тілінің тарихы мен лексика-грамматикалық құрылымы, текстологиясы, тарихи лексика, лингвостилистика, тіл мәдениеті салаларына арналған 130-дан астам ғылыми жұмыс, оның ішінде 9 монография, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы ретінде тіл білімінің өзекті мәселелерін өткір айтып, зерделі тұжырымдарымен ана тіліміздің өзіндік болмысын таныту арқылы тіл білімінің даму, өзгеру, жаңару үрдісіне соңғы демі таусылғанша қызмет жасады.

Ұлттық тілтаным ғылымының аса ерекше аталатын көрнекті тұлғаларының бірегейі Рабиға Сыздық өзінің табиғи туа біткен дарыны, жоғары танымдық қасиеті мен тынымсыз ізденісінің арқасында Türk Dil Kurumu қоғамының корреспондент мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығы, Шоқан Уәлиханұлы атындағы сыйлық пен «Құрмет белгісі», «Парасат», І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері атанды.

Бір ғана тіл білімі ғылымы саласында ғана емес, ұлт психологиясын дамытуда, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде, жалпы қазақ халқының ұлттық рухани болмысында өзіндік қолтаңбасы мен өрелі биігін қалдырған қайталанбас тұлғаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.


Ш.Шаяхметов атындағы

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық

орталығының ұжымы