Қазақ тілін аудармасыз оқыту

Қазақ тілін аудармасыз оқыту

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «ТІЛ ҮЙРЕТУ ӘДІСТЕМЕСІ: ТЕОРИЯ ЖӘНЕ ТӘЖІРИБЕ» тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.

Алғашқы дәрісті филология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Таңат Аяпова «Тіл үйретудің когнитивтік, лингвомәдени және психолингвистикалық негіздері» тақырыбында оқыды. Таңат Тәңірбердіқызы тіл үйрету – тіл үйретушіні екінші тілдік тұлға ету мақсатынан тұру керек деген ұстанымды алға тартты. Мәселен, қазақ тілін оқытқанда қазақтың мәдениетін үйретіп, сол арқылы тіл үйренушіні тарту керек, сабақ барысы қос мәдениеттің диологынан тұрғаны абзал деген ойларын ортаға салды. Мысалы, отбасы деген тақырыпта әкенің орны, ананың орны, сол сияқты басқа да отбасы мүшелерінің орны айтылғаны жөн және қазақ мәдениеті доминант болуы тиіс деп есептейтінін білдірді. Сонымен қатар, сөйлесім, тыңдалым, оқылым, жазылым дағдыларын А1, А2 және т.б. деңгейлерінде бірте-бірте дамыта отырып сабақ беру қажет деген пікірлерін баяндады.

Екінші дәрісті филология ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Алмагүл Мұқышева «Қазақ тілін аудармасыз оқыту әдістемесі» тақырыбында оқыды. Алмагүл Мұқышеваның дәрісі өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін жылдам, әрі тез меңгерту жолдары мен тиімді әдіс-тәсілдерін ұсыну мақсатынан туындады. А1, А2, B1 және В2 деңгейлерінде тілді оқытуда айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым дағдылары бойынша жүзеге асырылатын әдіс-тәсілдер сараланды. Тілді оқытуда кезігетін тілдік барьерді, лингистикалық және психологиялық қиындықтарды сабырлы болу, қате айтуға қорықпау, қайта сұрау, өзін еркін ұстау, сөздік қорды ұлғайту деген сияқты, т.б. амалдармен жеңу жолдары ұсынылды. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, тілді аудармасыз оқытуда қолданылатын әдістер сипатталды.

Бүгінгі оқылған екі дәріс бойынша тіл мамандары өздеріне қажетті, пайдалы мағлұмат алды деген ойдамыз.

Дәріске Zoom сервисі бойынша 75 тіл маманы қатысты. Фейсбук желісіндегі ONLINEda bol парақшасы арқылы 32, барлығы 107 адам тыңдады.