Жаңа емледегі жаңа нормалар

Жаңа емледегі жаңа нормалар

2019 жылдың наурызынан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жаңа әліпби мен емле ережелері бойынша орфографиялық сөздік даярланып жатыр. Сөздікшілер былтырғы жылы сөзтізбені құрастыру, емле проблемаларын анықтау, зерттеу, жүйелеу, жаңа сөздер мен қолданыстар және тіркестермен толықтыру жұмыстарын жүргізсе, биылғы жылы сөздікті одан әрі жетілдіру міндеттерін атқаруда. Осы орайда Сіздерге күрделі сөздердің бірге не бөлек жазылу нормалары қалай реттелу үстінде екенінен ақпарат беріп отыруды жөн көрдік. Көмек болатын пікіреріңізді күтеміз.

Тілімізде сөз сыңарымен келетін біршама сөздер бар. Олардың дені бөлек жазылады. Мысалы: өлең сөз, шешендік сөз, жалпақ cөз, жел сөз, байлау сөз, қасам сөз, ескі сөз, ақтау сөз, алыпқашпа сөз, аталы сөз, қағыс сөз, тақас сөз, құптау сөз, тәмсіл сөз,ұят сөз, үшбу сөз, берен сөз, шайпау сөз, дөрекі сөз, әбес сөз, нақыл сөз, жаман сөз, жақсы сөз... Мұнда «сөз» сөзі «сөйленген ой», «жарыққа шыққан ой», орысша айтқанда, «речь» мәнінде тура мағынада жұмсалып тұр. Сол себепті бұл тіркестер бөлек жазылады.

Сондай-ақ қаратпа сөз, төл сөз, төлеу сөз, қос сөз, құрама сөз, күрделі сөз, кіріккен сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз, кітаби сөз, кірме сөз, діни сөз, тірек сөз, кәсіби сөз, жергілікті сөз, көне сөз сияқты лингвистикалық терминдердегі «сөз» сыңары лексика-грамматикалық бірлік, сөйлемнің бір мүшесі ретінде, анықтаушы-анықталушы қатынаста тұрғандықтан бөлек жазылады.

Ал баспасөз, жарыссөз, келіссөз, дәйексөз, жұмбақсөз сияқты зат не ұғымды атау үшін «қолдан жасалып», тілімізге жап-жақсы орнығып кеткен сөздер «туғанынан» бірге жазылады. Осылардың қатарын қарасөз, алқасөз, көркемсөз (көркем әдебиет стилі), көсемсөз (жазба публицистикалық стиль), шаршысөз (ауызша публицистикалық стиль), замансөз сияқты жаңа қызметке көшкен атаулар толықтырды. Мұндағы көсемсөз, көркемсөз, шаршысөз дегендер қазіргі қазақ тілінің функционалды стильдерінің атауларына ұсынылып жүрген қазақша нұсқалар, яғни көркем әдебиет стилі – көркемсөз стилі, публицистикалық стиль – шаршысөз стилі (жазба түрі), көсемсөз (ауызша түрі). Қоғамсөз деген де атау бар.

Енді емледегі жаңалық – алғысөз (пролог), кіріспесөз, соңғысөз (эпилог) атауларының біріктіріліп берілгені болып отыр. Бұлар – көркем шығарманың құрылымын атайтын терминдер. Мұндағы сөз сыңары лексика-грамматикалық бірлік емес, сөйлемнің бір мүшесі болып тұрған жоқ, анықтаушы-анықталушы қатынас көмескіленген. Сол себепті аталған сөздерді осы кезге дейін біресе бірге, біресе бөлек жазу тәжірибеде жиі. Өйткені сана бұл сөздерді екі «жарты сыңардан» құралғанын, екеуі біріккенде ғана толыққанды сөз болатынын «біліп тұр». Сол себепті жаңа емле сөздігінде бұл сөздер бірге жазылып көрсетілді.

Сондай-ақ қазақ емлесінде той сөзімен келетін атаулардың біразы бірге жазылатынын естеріңізге салғымыз келеді. Атап айтқанда, алтынтой, бесіктой, күмістой, мүшелтой, орамалтой, қазантой, қоныстой, мерейтой, наурызтой, сабантой, сырғатой, шілдетой. Бұлардың ішінде алтынтой, күмістой, қолатой сөздері орыс тілінен аударылған (золотая свадьба, серебрянная свадьба, бронзовая свадьба). Бірақ біздегі «той» тура мағынасынан гөрі «айтулы күн, мерейлі дата» деген мағынада тұр. Сондықтан бірге жазылған.

Ал бесіктой, мүшелтой, орамалтой, қоныстой, мерейтой, наурызтой, сабантой, сырғатой, шілдетойлар изафеттің 3 типінен жасалған қалпында жұмсалса, бөлек жазылар еді: бесік тойы, мүшел тойы, орамал тойы, қоныс тойы, мерей тойы, наурыз тойы, сабан тойы, сырға тойы (ертеректе сәбиі тоқтамаған жағдайда баланың құлағына сырға салып қойып, кейін оны алғанда жасалатын ғұрып), шілде тойы. Алайда қолданыс барысында -ы жұрнағы ықшамдалып, сөз бірігіп жазыла бастаған. Мысалы, Бесіктой негізінен, тұңғыш балаға жасалынады (Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы). Орамалтой жасаған үйге жақындары орамал деп кездеме, мал, ақша т.б заттар апарады (Қазақ тілінің аймақтық сөздігі). Наурызтой – көктем тойы, көңіл тойы, Жақсылық болсын дейтін өмір бойы. Аянбай Наурызға арнап шалып жатыр, Бар болса қорасында кімнің қойы (Т.Молдағалиев, Шақырады жаз мені). Баланың ат жалын тартып мінер жасқа жеткенде сырғасын алып, “с ы р ғ а т о й” атқарған (Д.Қатран, Қазақтың ас-тағам мәдениеті). Бір-бір сүндет атымыз болады екен, «Сүндеттой» болғанда сол сүндет атымызға мініп шығады екеміз, ендігі жылы оқу оқиды екеміз, ақылды болады екеміз (Ғ.Мүсірепов, Белдерде).

Ал торқалы той, үйлену тойы, ұзату тойы деген сөздер бөлек жазылады. Бұларда көзге көрініп тұрған грамматикалық қарсылықтар бар: екі сыңардың арасындағы –лы, –у қосымшалары және тәуелдіктің 3 жағы.

Қанша жылғы емле жасау тәжірибесінде байқағанымыз – сөздердің бірге жазылуын сөздік немесе емле ережесінен бұрын жазу практикасы «шығарады» екен. Сөздік немесе емле ережесі тек осы дағдыларды нормалайды, қалыптандырады, соңында енді өздеріне міндеттейді! Өйткені жазу тәжірибесі – миллиондардың когнитивті санасындағы ақиқатты көрсетеді.