"Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі" онлайн курсы қорытындыланды

Еліміздегі төтенше жағдайға байлансты "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы оқытушылар мен әдіскерге және кәсіпқой мамандарға арналған "Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесі" атты онлайн курс ұйымдастырған болатын. Ағымдағы жылдың 30 наурызында басталған курс бүгін, яғни, 10 сәуірде мәресіне жетті. Онлайн курсқа тіркелген, тұрақты 56 тыңдармандарға (Zoom бағдарламасының мүмкіндігіне байланысты) сертификат табысталды.

Кәсіби мандарға арналған курсты елімізге белгілі ғалымдар мен "Тіл-Қазына" орталығының білікті қызметкерлері жүргізді. Курс барысында заманауи педагогикалық технологияларды қолданудың тиімді тетіктері баяндалып, еліміздегі орталықтардың жұмысын сандық жүйеге көшіруде бірыңғай электронды дерекқорды пайдалану жолдары көрсетілді. Нәтижелі оқытуға бағытталған озық технологияларды мемлекеттік тілді оқытуда тиімді қолдану жолдары сарапталып, талқыланады. Курсқа қатысушылар қазақ тілін оқытудың өзіндік әдістемесін қалыптастыру арқылы нәтижеге бағытталған оқытуды жүзеге асыру жолдарын үйреніп, қазақ тілін ақпараттық-технологиялық құралдарға негіздеп үйретуде заманауи методикамен материалдар әзірлеу жолдарын меңгерді.

Курстың бірінші күні С.Кенжемұратова: «Тілдік қатынас: сөйлесім әрекеті және түрлері» бойынша А1-С1 деңгейлері бойынша жан-жақты ақпарат бере отырып, деңгей бойынша жүргізілетін жұмыс түрлерін көрсетті.

Кестеге сәйкес, Г.Төлегенова «Мемлекеттік тілді заманауи әдіс-тәсілдер арқылы үйретудің тиімділігі» тақырыбы бойынша Кевин Систром мен Майк Кригердің ойлап жасаған инстаграм желісі мен Павел Дуровтың құрастырғанTelegram желісі туралы ақпарат беріліп, сабақ барысында қалай қолдануға болатыны туралы айтты.

Ал Г.Мамырбек «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы» тақырыбы бойынша кез келген жазу белгілі бір ұйымдасқан жүйе арқылы ғана қызмет ететінін, егер жазу белгілі бір орфографиялық ұстанымдарға, белгілі бір орфографиялық нормаларға арқа сүйемесе, онда ол жазу халық қажеттілігін өтей алмайтыны және ол ұзақ уақыт бойы қолданыста да болмайтыны жайында дәріс оқыды.

Онлайн курстың төртінші күні О.Жанатов «Қазақ тілін кестемен оқыту әдісі» тақырыбы бойынша орыстілді аудиторияға қазақ тілін оқытудың ең тиімді әдісін көрсетті. Сабақ Мәскеу университетінің профессоры Дмитрий Петровтың әдісі негізінде құрылды. Өзге әдістемелік оқу құралдарынан ерекшелігі лексикалық сөздердің санына емес, керісінше, аз ғана сөзбен мыңдаған сөйлем құрылымдарын жеңіл құрастыруға үйрету мәселесіне көбірек тоқталды.

«Мәтінді бейімдеу және оған қойылатын талаптар» тақырыбында сабақ өткен Ж.Жақанова тіл үйренушінің мәтіндегі тілдік құрылымдарды оңай қабылдауына, сөздерді жадына сақтауға, сөздердің тіркесу үлгілерін түсінуге әкелетіні, дұрыс бейімделген мәтін тілді сапалы үйретуге әрі ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырмаларын талапқа сәйкес орындауға негіз болатыны туралы айтып, қорытынды жасалды.

«Интерактивті сабақта педагогикалық технологияларды тиімді қолдану» сабағында С.Сапина қазіргі білім беру процесінің тиімділігі мен нәтижелігін құрайтын педагогикалық технологиялар мәселесіне тоқталды. Білім алушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігінен білім игеруі, оны ізденуі, құрастыруына бағытталған әдістер турасында түсіндіре отырып, тыңдарманға тәжірибеде сәтті қолдану тетіктерін көрсетті.

"Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы С.Омарова «Қазақ тілін аудиовизуалды әдіспен оқыту» тақырыбында дәріс оқыды. Ол тілді оқыту сабақтарында дыбыстық және бейне көрнекілікті жиі және жүйелі түрде қолдану арқылы тілді үйренушілер тобында жасанды тілдік орта қалыптастыру аса маңызды екенін ескерте отырып, нәтижелілігіне басымдық берді. Тілдік ортаға бойлау арқылы тіл үйренушілер белсенді түрде тілдік қатынасқа түсетіні, тілдік кедергіні жою арқылы олардың тыңдау, сөйлеу, жазу, оқу дағдылары жетіле түсетіндігін нақты дәлелдемелермен көрсетіп, әріптестеріне осы әдісті жиі қолдануға кеңес берді.

Курс барысында тіл тазалығын, нормасын сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады. Филология ғылымдарының кандидаты Н.Рсалиева «Қазақ тілінің әдеби нормасы жайлы» тақырыбындағы сабағында тілдің грамматикасы мен лексикалық қоры әдеби нормаға бағынатындығы турасында айтты. Сонымен қатар жазу реформасы аясында қазақ әліпбиінің құрамынан алынып тасталған орыс әліпбиінен енген таңбалардың орны қандай өзгерістермен толықтырылатынын және орфографияда болатын өзгерістер туралы баяндады.

А.Фазылжанованың дәрісі «Ауызша сөздің тілтанымдық негіздеріне» арналды. Ғалым өз кезегінде ауызша сөзді меңгертудің: дыбыстау деңгейі, лексикалық, грамматикалық деңгейі мен мәтін деңгейінде меңгертілуге тиісті білімдер жүйесі және оларды маңызы туралы ақпарат берілді.

Онлайн курстың соңғы дәрісінде Ә.Бақытова «Орталық жұмысын сандық жүйеге көшіруде бірыңғай электронды дерекқорды пайдалану» тақырыбында әріптестерімен тәжірибесін бөлісті. Қызылорда облысы Тілдерді оқыту орталығының оқыту-әдістемелік бөлімінің басшысы OBS Studio, Bandicam және т.б. бағдарламаларды қолдану арқылы жұмысты нәтижелі әрі жеңіл жасаудың жолдарын көрсетті. Дәріс барысында мемлекеттік тілді қашықтан оқытудың жүйесін құру жөніндегі пікірлер мен ұсыныстар айтылып, оқытушы-әдіскерлер өзара тәжірибе алмасып, біліктерін арттырды.

Онлайн курсты Тіл басқармалары мен орталықтарының тіркелген қызметкерлерімен қатар қалың көпшіліктің көруіне, тыңдауына жағдай жасалды. ҚР Мәденит және спорт министрлігінің карантин кезінде шұғыл қолданысқа ендірген ONLINEda bol парақшасында тікелей эфирде көрсетіліп, сақталып, тыңдармандардың қайта қарауына мүмкіндік туғызды. Осылайша онлайн курсқа жалпы саны 500-ге жуық адам қатысты. Онлайн дәрісте ұсынылған мәліметтер мен маңызды ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды.