"Ана тілі" - арың бұл!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде» деп тұжырым жасағаны бар­шаңызға белгілі. Сонымен қатар Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есеп­теймін» деп нақты міндет қойды.

Тіл дегенде, қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар «Ана тілі» газеті ойға оралады. Айбарлы ақсақалымыз Әбдуәли Қайдардың ақ ­батасымен Наурыз мейрамында жарық көріп, ақпарат кеңістігінде айрықша із қалдырған берекелі басылым отыз жыл ішінде ­ел-жұртымызға ­рухани азық болды.

«Ана тілінің» алтын дәуірі – жүйрік журналист, зерделі зерттеуші, теңдесі жоқ бас сарашы Жарылқап Бейсенбайұлының басқарған кезеңі. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Ол газетті ұлттың үніне, қазақ қаламгерлерінің ұлағатты ұстаханасына айналдырды. Сол жылдарда «Ана тілі» апталығына жиырмасыншы ғасыр басындағы «Қазақ» газетінің рухы келіп қонғандай болды. Өйткені ол редакция қызметкерлерін асау ақындар мен тарпаң таланттардан жасақтады. Солардың қатарына ғибратты ғалымдарды қосты. Олардың еркіндігіне тұсау салмады. Ешқайсысына дауыс көтермеді. Әрқайсысын қабілет-қарымына қарай ұтымды пайдаланды. Ешкімнің алдында бас имейтін өр жігіттер Жақаңды құдайдай сыйлады. Сондықтан Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұловтан кейін біздің ұстазымыз Жарылқап Бейсенбайұлының текті тұлғасы әрдайым дараланып тұрады. Оны ­газет шығару өнерінің сиқыршысы деуге де болады. Жарылқап ағамыз қызметкерлерінің бұрын байқалмаған қырларын ашты. «Ана тілі» үтір-нүктесіне дейін оқылатын ғажайып газетке айналды. Жұрт оны апта сайын келетін құтты қонақ секілді сағына күтіп отыратын.
Ахаңның «Қазағы» секілді Жақаңның газеті де ұлт тарихындағы ғаламат құбылыс болды. Ол «Ана тілі» ұлт басылымы» деген сөздегі «ұлт» атауын әр нөмір сайын бірте-бірте ұлғайтып, соған жұрттың көзін үйретіп, «Ұлт» деген газеттің жобасын дайындап еді. Әттең, басқа жұмысқа ауысып кетті…
Мен «Қазақ газеттеріне» басшы болған тұста серіктестікке қарайтын «Ана тілі» газетінде талантты жастар қызмет істеді. Қуанышбек Қари, Ержан Байтілес, Әділбек Жапақ, Дархан ­Бейсенбек, Қанат Әбілқайыр, Динара Ізтілеу, Біләл Қуаныш, ­Жанар Елдосқызы, Арман Әубәкір, Анар Дүйсенбайқызы… Шетінен сұрапыл еді. Бірінен бірі өтеді. Төбені тегісте десең, тау қопарып келеді. Ел бас көтермей оқитын дүниелер жазды олар. «Ана тілінің» бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат екеуміз жас қырандарды бетінен қақпай, тек қана қолдап отырдық. Сол беттен қақпағанның нәтижесі, бірі зиратқа барып қабір қазды, енді бірі мәйітханаға кіріп, күн ұзаққа патанатом-дәрігердің қасында жүрді, үшіншісі қала сыртында қоқыс теріп, күн көретіндердің тіршілігіне үңілді. Тіпті біреуі ет қызуымен түрменің ішіне кіріп кетіпті. Кейіпкерінің кейпіне еніп, тақырыбына терең бойлағанды жөн көрген болар. Бірақ ешқайсысының мақаласы жария­ланбай қалмады. Себебі бұлар өмірдің күнгейімен қатар, көлеңкесін де көре білген-ді. Біз олардың ағыл-тегіл сезімдеріне сүйсіндік. Көлеммен қыспадық. Еркін ойларын шектемедік. Қапысын тауып, ретін келтіріп, газетке ұсындық та отырдық. Жарытусыз жалақы алатын жігерлі жастарды осылайша ынталандыруға тырыстық. Бүгінде бұлардың бәрі де қазақ журналистикасының озық ойлы өкілдеріне айналды. Қай-қайсысының да ұлттық иммунитеті күшті. Жазған дүниелері арқылы қазақтың тілін де өркендетіп келеді. «Ана тілінен» түлеген жастар қазақ руханиятына әлі де мол үлес қоса беретіні анық.
Сонымен, ойымызды түйіндесек:
«Ана тілі» – қазақ зиялыларының шығармашылық зертханасы.
«Ана тілі» – тілдің тарихы, шердің шежіресі.
«Ана тілі» – Жарылқап Бейсенбайұлынан Жанарбек Әшімжанға дейін жалғасқан ұлттану мектебі.
«Ана тілі» – тұлпарлығы тай күнінен танылған жас перілердің шабытты шаңырағы.
Қадыр ағамызша айтсақ, «Ана тілі» – арың бұл!
Қалам ұстаған әріптестеріміз осынау отыз жыл ішінде оған титімдей де дақ түсірген емес!