Абайдың ғылыми дүниетанымы

Абайдың ғылыми дүниетанымы

Абай «кәмәләтті шеберлік» хақындағы пікірлерімен бөліседі. Табиғат – оқулық. Табиғат – қазына. Табиғат – суретхана, яғни қисапсыз бояулар мен дыбыстар дүниесі. Жаһан «жүргізіп қойған сағат сияқты» деседі. Табиғатты 1) тыңдау 2) оған бағыну, тағылым алу 3) ақыл жұмсап, құрметтеу парыз. Онда ғажайыпты ұлы үйлесім, көркемдік келісім бар. Ішкі гармония қатаң сақталған, ақыл-ой қуаты шамалай алмайтын, жанды-жансыз дүниенің құрылымында әмбебап өзара әрекеттестік бар, мыңдаған, миллиондаған байланыстар мен қарым-қатынастар жүйесі бар.

Ғалам ғаламаты, Жаратушы құ­пия­сы, жаратылыс сыры, жеті қат көк, жеті қат жер, адам болмысы Абай­дың «Жиырма жетінші сөзінде» Платонның ұстазы Сократ хакімнің аты­нан соншалықты түпсіз тереңдікпен қисынды баяндалған. Данышпан Сократ шәкірті Аристодимге адамның денесі, оған ақылдың қайдан бұйырғаны жайын­да мынадай пәлсапалық түйін­демесін, тұжырымын айтады: «Бұл ғалам­ды көрдің, өлшеуіне ақылың жет­пейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законі­мен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмай­тұғынын көресің». Шынында, айрықша күрделі байланыс, тәртіп, жүйе бар. Тылсымның тұңғиығына ден қойған ойшыл Абай: «Бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы Ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне ой жет­пейтұғын дүние түрлі керекке жара­тылып һәм бір-біріне себеппен бай­ла­ныстырылып, пенденің ақылына өл­шеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды» – дейді. Сократтың пайымынша, «Жаратушы артық ақыл иесі». Ойланып көріңіз. Адамның интеллектуалдық түйсігі, ақылы табиғат әлемімен және оның тамаша көріністерімен өзектес екен. Жұлдыздардың нәзік сәулелері адамның ақыл-ойын жарықтандырады. Аспан төріндегі жарқырауық нүктеден шыққан есепсіз сәулелер – ұйымдасқан тастүйін әскер деуге болады. Қазақ тіліндегі «шұғыладай өрілген» дейтін фраза осы бір реттілікті көрсетіп, танытпай ма?! Абайдың он сегіз мың ғаламның «мықты көркем законға қаратылып жаратылды» дегеніне мысал ретінде қызыл түс құбылысына ден қойсақ, бұл бір секундтың ішінде төрт жүз миллион мәрте тербелістер тудырады екен. Ғаламның әрбір бөлшектеріне дейін энергетикалық өріске бағынып, ішкі гармония мен сұлулық заңдылықтарына құрылған. Атақты жаратылыстанушы Анри Пуанкаренің (1854-1912) көзқарасынша, сондықтан әлем гарм­о­нияға кемелдігімен де Тәңірлік сипатқа ие. (Анри Пуанкаре. О науке. М: Наука, 1990. с. 202.).

«Ұлық Құдайға» «құлшылық» жасау­ды мойындау – әбден дұрыс. Себебі, Алла адам баласының өзін де, дәулетін де, барша керек-жарағын жаратты. Иә, «бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахиятты», «сыпайылық шеберлікті» және «ғажайып ақылды», «ғажайыппенен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хикметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе?» деп, жинақылықпен түйіндеп отырып, Жаратқан Иенің «адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? – депті». Абайдың даналық дүниетанымы, жаратылыстану ғылымы бойынша озық көзқарасы, тереңдіктердегі құпия сұлулық, құбы­лыстар, заттар, бөлшектер арасын­дағы күрделі байланыстарды қуатты ақыл көзімен саралауы, әлемдік гар­монияның негізін, мәнісін түсіндіруі, Ай мен Күннің жарығындай «жанының жарығы», үздік тәжірибесі мен кемел қабілеті осындай байламдар жасауға мүмкіндік берген. Адамзаттың мәңгілік мекенін, мырзалықпен үйіп-төгіп мәң­гілікке берілген ырыздығын (жер, су, ауа, от, рух, әулет және т.с.с.) мұқият қорғау, сақтау, байыту, гүлдендіру керек екендігін мына бір пікірінен «біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе?» дегенінен де телегей сыр мен мағы­на ишараттары «Отыз сегізінші сөзін­де» бұған жан-жақты толық, терең түсінік-сипаттама берілген: «Кім өзіңе махаб­бат қылса, сен де оған махаббат қыл­­мағың қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шыға­ра­ды екен, ол бұлттардан жаң­быр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсі­ріп, жемістерді өн­діріп, көзге көрік, көңіл­ге рахат гүл-бәй­шешектерді, ағаш-жапы­рақ­тарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәба­тәттәрді (өсімдіктерді) өст­і­ріп, хайуан­дарды сақтатып, бұлақтар ағы­зып, өзен болып, өзендер ағып, дария бо­лып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балық­­тарға орын болып жатыр екен. Жер мақ­тасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұ­мырт­қа­сын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көр­кін, терісін; сулар балығын, балықтар икра­­сын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін-һәммасы адам баласының пай­­дасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дер­лік бірнәрсе жоқ, бәрі – адам баласына тау­сыл­мас азық». Асылы, хакімнің асыл, ма­ғы­налы байлам-толғамдарының түп-төр­кіні «сәуле беруші кітаптың» «шыншыл ақыл-кеңесімен», «мүбәрак бір наси­хаты­мен» үйлеседі: «Жерді төсеп, онда әр­­түрлі көркем нәрселерді өсірдік» (50-Қаф сүресі, 7-аят). «Сендерге көктен, жер­­­ден, ризық беретін кім? Ендеше, Алла­­­дан басқа қандай құдірет бар» (27 – Нә­­міл сүресі, 64-аят).

Абай адамзат тарихындағы, дүние тарихындағы Жаратушының керемет қызметін, «Артықша ғажайыптауға лайықты», «ақыл иесі», «адам баласы­ның үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік» ұлы тілегін дәйектілікпен ұғындырған. Бұл Заманға, Қоғамға, Уақытқа мәңгілік қағида, ұран ететін «құдайлық құдіреттің», жаратылыстың атынан айтылған қасиетті лебіз. Әрі қарай ілгері жылжысақ, алтын бесік, Жер-Ана, сұрқия, сұм, әзәзіл саясат ойлап тапқан радиацияның, терроризмнің, экстремизмнің, сеператизмнің, лаңкес­тіктің, бейдауа жұқпалы дерттердің құрбанына, жеміне айналды. Құрлық­тар тозақтың отына шарпылды, адамзат тағдыры ойыншық іспетті. «Ессіздердің насихаты» белең алып, берекесіздікке душар етуде. Бұл тұрғыдан келгенде, Абай пайымдары – кемеңгерлік кеңестің нақ өзі. Жақсылық іс істеуші, жарылқаушы, «ғаламды қандай хик­мет­пенен жарастырып, қандай құдірет­пенен орналастырған» және «бірінен-бір пайда алатұғын қылып жаратыпты», «ғалам Алла тағаланың ішінде», «Бір» мен «Бар» да «ғаламның ішінде», «кәмәләтті шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өсіп-өнсін деп жаратқан», «ерінбеді, келісімменен, хикметпенен, кәмәләтті бір жолға салып жасады» деп, білгірлік пен көсемдік танытады.

Ғалам жүзіндегі барша құбылыс­тар­дың, заттардың, нәрселердің өзіндік тағы­лымы, қасиет-ерекшеліктері, «құді­­ретті сипаттары» бар. «Бәрінің хик­­меті бар, бәрінің себебі бар...» дейді. Бірі­нен бірі туындап, өрбіп қолдап-қорғап, жалғасып, басқа бір түрге, күйге алмасып жатқан дүние.

«Ғақлия дәлелім Құдайтағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жарат­қан – деп пайымдайды Абай – онан басқа бірінен-бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты».

Адамзат пен ғаламзатты ғаламат сұлулықпен, үздік көркемдікпен, терең де парасатты тағылыммен жаратқан Алланың құдіретін жан-жақты сипаттап жеткізу үшін, Құран Кәрімде көр­­сетіл­гендей, төрт мұхитты сия етсең де, көк аспанды қағаз етсең де, Ұлы Жаратушының ғажайып шебер­лігін түп-тамырынан қопарып баяндау мүмкін емес. Әр құбылыстың, әр нәр­­сенің сыры мен сымбаты, мәні мен сәні, ақиқаты мен шынайылығы бар. Дана­лық пен тілі бар. Бұлай болма­ғанда әлем көріксіз күйге түсер еді. Асылы, ғаламның құрылымдық жүйесі Абайдың танымында «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла өзгермес», «Алла мінсіз әуелден...», «Құран рас, Алланың сөзі дүр ол», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті», «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», «Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер», «Алла мықты жаратқан сегіз батыр» деген қисынды қағидаттарын айрықша атауға болады.

Суреткер Абай жансызға жан бі­ті­ріп, қара тасқа тіл бітіріп, тілсіз та­би­­ғатты сөйлетуге келгенде ақындық дана­­лық танытады. Ой тереңдігіне сезім мөл­дірлігі мен сөз шеберлігі әдемі ұш­тас­қан. Мысалы: «ЖАЗҒЫТҰРЫ» өлеңінде былайша өрілген:

Безендірген жер жүзін Тәңірім шебер,

Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.

Анамыздай жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Табиғатты тамылжытып жаңартқан, жайнатып жасартқан – Тәңір Ием. Жасаған жер мен аспанды бір-біріне ғашық қылып, жарастықта тудырып табыстырған, дидарластырған. Жер –Ананың құшағы тап-таза нұрға толып, бақыт құсы қонып, бейне бір жұмақ қорығына айналған.

Әрі қарай:

Күн-күйеу, жер қалыңдық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті,

деп сәтті сабақтастырады. Күнді күйеу­ге, жерді қалыңдыққа ұқсатып, бір-бірі­не құмарландырып, қауыштырып, тағ­дыр­лас етіп қояды. Дөңгеленген дүние­нің кеудесін керіп, қорғасындай еріп, гүл атқан қосағымен қоса ағарған қызықты шағының сұлулығын Абай барынша тереңдете ашады.

Күн – күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Нағыз суретшілдік. Шынайы сыр­шылдық. Ол исламдық-ғылыми дүние­танымды меңгерген. Оның ұлттық дүниетанымының тереңдігінің бір қыры осыған байланысты. Себебі, Аллатағала әлемге махаббат, ғашықтық сыйлаған. Осы бір ұғым – түсінікті Абай оттай маз­­датып, кемеліне келтіре суреттеген. Ойшыл ақынның осынау жырында қазақы болмыс та, пәлсапалық ой да, сыр да, сурет те біртұтас түзілген.

Осылайша ұлы жаратылысты сөй­летіп, құпиясын төгілте суреттеп жет­кізіп, ғаламат қуаттың көзін тауып, ой-сезім мұхитының ағыс-толқындарын тудырған.

Абай дүниені, болмысты, өмірді, тұрмыс-тіршілік толқындарын екі тұрғыдан да сабақтастырып жырлайды. Біріншісі, образдылық-бейнелілік тұр­ғыдан; екіншісі, логикалық-пәлса­палық заңдылықтар арқылы.

...Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар – деге­нінде сыр дестесі, көркемдік кес­тесі де келісті. Бұл сөйлемдердің ішкі маз­­мұ­нында, рухында Алла кітабының ғиб­рат­­тары, сыр-сипаттары көрініс бергендей:

«Аспандағылардың, жердегінің бар­лығы, қанатын кең жайып ұшып жү­ретін құстардың да Алланы дәріптеп, зікір ететінін сен, білесің бе? Бәрінің де өз тілінде айтатын дұғасы, мадақ сөз­дері бар. Олардың не істейтіні бір Алла­ның өзіне аян» (24-Нұр сүресі, 41-аят).

Ғаламның, болмыстың әрі құпия, әрі сырлы, әрі нәзік таңғажайып құбылыс­тары ересен өлшеусіз. Табиғатты түсіну, әсерлі құлшыныспен қабылдау, мұқият тыңдау, тәлімін адами таным мен тәжі­рибеде мықтап ескеру – адамзаттың асыл парызы. Жасампаз рухани құн­ды­лықтар, имандылық, ізгілік – жер мен көк амандығының кепілі. Жаралған әрбір затта және жаратылыстың өзінде терең мағыналардың бар екенін, онда әрбір жан иесі және әрбір зат сол ғала­мат кітаптың бір-бір әріптері екені ақиқат. Негізінде, біртұтас дүние­нің ішкі жүйесі бойынша, барша құбылыс­тар, заттар бір-бірімен рухтас, тамыр­лас. Жанды-жансызға, мағынауи кеңістікке үйлесім, келісім, тәуелділік, жауапкершілік тән.

Жаратушы мен Жаратылыстың жара­сым­ды ырғағын нәзік үйлестіруші, ретке, жүйеге түсіруші, шын мәнісінде, Құ­ді­­рет­тің ісі. Хакім Абай осы бір жұм­бақ жайттердің тұңғиығына барлау жасағандай.

а) Масатыдай құлпырар жердің жүзі

ә) Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер...

б) Көбелекпен, құспенен сайда ду-ду,

в) Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек

г) Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,

Тастағы үнін қосар, байғыз, көкек

д) Масатыдай құлпырар жердің жүзі!

ж) Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Абай жаратылыстың гүлзарын, Жарату­­шының көркем безендіру ше­бер­­лігін, табиғаттың тамылжыған ша­ғын осылайша толғаса, оның түпсіз терең тамырында,көзқарасында, ойлау жү­йе­сінде Құран аяттары сырларына жү­гінгендік те бар.

«Олар жер жүзіне қарамай ма? Онда әртүрлі көркем өсімдіктер өсірдік» (26 – Шұғара сүресі, 7-аят)

«Айталық, біз жер бетінде алуан түрлі әдемі өсімдіктер өсірдік. Мұны олар көрмей ме? Мұнда көп ғибрат бар ғой, бірақ олардың көбі сенуші емес» (26-Шұғара сүресі, 7-8 аят).

«Құран рас, Алланың сөзі дүр ол» деген Абайдың күрделі ойларының астарында Құран қағидаттарының ұлы ұшқындары бар. Сұлу жаратылысты сыңғырлатып сөйлеткен Абайдың «Ата-анадай елжірер күннің көзі» дегенінде Алланың нұры жайында толғанып, ой бөліседі. Мүмкін мына бір аятпен де асыл байланыс бардай:

«Алла – аспанның да, жердің де нұры. Ол бейне бір бүркеудегі (қуыс­тағы) сәулеге ұқсайды. Айталық, бүр­кеу бар жерде шыны-шиша тұр, шиша­ның ішінде шырақ бар. Әлгі шиша – інжу-жұлдыз дерсің. Шырақ – шығыста, батыста болмаған ғажайып бір зәйтүн ағашының майынан тамызық алады. Әлгі май от тимей-ақ жалындап кеткелі тұрады, ал от тисе, нұр үстіне нұр қосылмақ». (24 – Нұр сүресі, 35-аят).

Абайдың түсіндіруінше, асылдар­дың асылы, магниттік қасиеті бөлекше металдардың төресі – темір. Мұны былайша жұмбақтап сипаттайды:

Қара жер адамзатқа болған мекен,

Қазына іші толған әртүрлі кен.

Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,

Солардың ең артығы немене екен.

(Шешуі: Темір)

«Сондай-ақ темірді пайда қылдық. Онда мықты күш әрі адамзат үшін хажеттер бар. (Соғыс құралдары тағы басқа аспаптар темірден жасалады). Тіпті темірсіз өмір болмайды.) Алла онымен дініне, елшілеріне көрмей-ақ көмек еткені кісіні мәлім етеді». 57 – ХАДИД сүресі, 25-аят)

Темірде Жаратушының ғаламат сыр-құпиясының бары аятта айқын айтылған. Ақжан Машани «жүректің соғуын, қанның қозғалысын басқаратын темір атомдары» және Жердің ішкі өзегі де темірден деп жазады «Әл-Фараби және Абай» дейтін еңбегінде. Алла адамның қан тамырларындағы темір арқылы (бұған электромагниттік толқындар жа­зы­лады) ой аңсарын, ниет қалауын, жан жұмбағын жазбай таниды. Бұл жайт­тер Хакім Абайға беймәлім емес. Өйт­кені, ол Ислам өркениеті тарихындағы ғылыми дәс­түр­лерді, әсіресе, Мұхаммед (с.ғ.с.) мед­ресесінің сандаған саф таза ғұла­ма­ларының, кемеңгер тұл­ға­­лары­ның, хадисшелерінің, жара­тылыс­­тану­­­шы­ларың, стратег­терінің, дипло­маттары­ның, құқықтану­шылары­ның және олардың жолын ұстан­ғандардың ілім-білімін қабылдаған.

Сондай-ақ жаратылыстану ғылым­дарының айнасындай Құранда мате­матикаға қатысты – 61 аят, салыстыр­малы теорияға тиесілі – 61 аят, физи­каға арналған – 64 аят, ядролық физи­каға байланысты – 5 аят бар екенін Ливан оқымыстысы Юсуф Мураван анықтаған. (Қ.Мықтыбекұлы. Қазанат, 2001. 61-бет).

Абайдың «38-ші қара сөзіндегі» ғылыми ой-тұжырымдары мен ислам­дық құндылықтарының мән-мағынасы түбегейлі зерделеп-зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.