Қазақ әдебиеті сөренің бір бұрышында тұр

Қазақ әдебиеті сөренің бір бұрышында тұр

Бүгінде нені, кімді іздесек те әлеуметтік желіден табамыз. Алайда, сол интернет қолданушыларының арасында кітап оқитындар бар ма? Бар болса, қандай кітап оқиды? Көркем әдебиетке құмар оқырмандар көп пе? Қай елдің әдебиеті көбірек сұранысқа ие? Осыны білу үшін әлеуметтік желіде сауалдама жүргіздім. Иә, олар оқиды екен. 61 пайызы шетел әдебиетін, 39 пайызы өзіміздің төл әдебиетімізді. Көпшілігі психологиялық кітаптарға құмар екен. Детектив жанрын іздеп жүріп оқитындар да бар. Фантастикалық әңгімелерге құмарлары бірен-саран.

Ақпараттық технология дамы­ған заманда бояу сіңген кітап­қа сүзіліп отырғандарды сирек кез­дес­­тіресің. Көпшілігі электрон­ды нұс­қа­сын оқуды дұрыс көреді. Десе де қажет шығармаңды кітаптан оқығанға не жетсін?! Денсаулыққа да зияны жоқ. Бірақ, іздегеніңді кітап­ханалардан, дүкендерден тез іздеп таба аласың ба? Міне, мәселе осында. Қазіргі кітап дүкендері оқыр­мандарына не сыйлай алады? Тараз қаласында мен білетін 3 дүкен бар. Соның бірі – Төле би көшес­інің бойындағы «Шерхан Мұртаза» кітап дүкені. Көп кітап алма­сам да, сонда жиі барып тұрамын. Әрине, оқимын деген адамға бұл жерде де біраз туынды бар. Дегенмен авторлары жаңармайды. Өзім оқитын авторларды өте сирек кездестіремін, кей­бір­еуі мүлдем жоқ. Осыны са­ту­­шы­дан сұрағанмын.

– Қызым, саған не айтайын? Қазір ешкім кітап сатып алмайды. Оқыр­ман жоқ.

Міне, осылай мұңайды сатушы апай. Шынымен оқитын оқырман жоқ па? Әлде өздерінің іздеген кі­тап­­тарын таппайтын болған соң дү­кендерге сирек бас сұғатын бол­ған ба? Баққожа Мұқай, Рақымжан Отарбаев, Тынымбай Нұр­ма­ғанбетовтің шығармалары немесе әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қазақша сауатты әрі тар­тымды аударылған туынды­ла­рын тауып сөреге қойсақ, оқи­тын­дар да табылатын шығар?

Өз ойыммен арпалысып келе жатып Әйтеке би көшесінде «Marwin» дүкеніне қалай жет­ке­нім­ді байқамай қалдым. Кітап­ханаға кірсең, қанша қызы­ғу­шы­лығың болмаса да, мойын бұр­май тұра алмайсың. Бұл кітап оқитындар үшін таптырмас орын. «Екінші болма» немесе «Как быть дерзким» деген психо­ло­гия­лық кітаптарға сұраныс көп. Қазақ әдебиеті ұзын сөренің бір бұры­шын­да ғана тұр. Нарық заманында бір-бірінен қалай озсам, оңай байы­­сам дегендерге сондай туынды­лар қызық.

– Мен іздеп жүрген кітапты осы жерден көргенмін. Алайықшы, а?! Қап, өтіп кетіпті, қалмапты.

Іздегенін таппаған соң ба, жаңа ғана есіктен ентелей кірген жас­өс­пірімнің даусы кәдімгідей пәс шықты. Қасында анасы бар. Ізде­ге­нін тауып, сонысы қапелімде қолы­нан сусып шығып кеткендей, өкініп тұр. Амалы құрып, басқа автор­лар­ды алып қарай бастаған, кенет бір бұрышта елеусіздеу тұрған Уильям Фолкнердің орысшаға ауда­рыл­ған «Шу мен қаһарын» көріп, айқай салғаны. Сөйтсе, алмақ болып, қоярда-қоймай анасын сүйрелеп келгені сол екен. Ша­мамен 10-сыныптың оқушысы се­кіл­ді. Таңдауына қарап, біраз әлем әдебиеті классиктерінің ту­ын­­дыларын оқып үлгергенін бай­қау­ға болады.

Қазір тек мемлекеттік тапсырыспен шығатын болған соң ба, қазақ жазушыларының таңдаулы туындыларын кітапханалардан ғана таба­сың. Жеке кітап дүкендеріне түс­пейді. Жекеменшік баспалар­мен жасасқан келісімшарт бо­йынша қайта басылып шық­қан­дарының да тиражы санаулы. Лезде өтіп кетеді. Барлық нәрсені нарыққа тіредік, енді кітап қалды. Біздің қаламгерлердің де жазған еңбектері оқи білген адамға психо­ло­гиялық кеңес те, мотивация да бе­реді.

Алматы қаласында «Қазына» дейтін кітап дүкені бар. Онда тек қана қазақша кітаптар сатылымға шығады. Оқырмандары өте көп. Жақында соларға арнап клуб ашты, апта сайын жиналып кітапта жа­зылған дүниелерді талдайды. Кейде ақын-жазушылармен шеберлік сыныбын да өткізеді. Ал енді сол дүкеннің сатушысымен сөйлескенімде, оқырманның көп екенін қуана жеткізді. Тараз қаласында да әлгі кітапханашылар, осындай қызықты шаралар ұйым­дас­тырса, олар да оқыр­ма­ны­мыз көп дейтін бе еді, кім білсін.