Қазақ тілінде оқымаса, не үшін мектеп салдық?!

Қазақ тілінде оқымаса, не үшін мектеп салдық?!

Былтыр аудан орталығы Тереңкөлде қазақ тілінде білім беретін мектеп бола тұра, қазақтың 52 баласы орыс мектебінің бірінші сыныбына барған. Облыс орталығының іргесіндегі Кенжекөл ауылында жарқыраған қазақ мектебі салынды. Бірақ ауыл балаларының тең жартысы орыс мектебінде білім алуда.

Ал жергілікті тіл жанашырларын, «Қазақ тілі» қоғамы мүшелерін өңірі­мізде қазақ тілінде білім алатын оқу­шылар санының аздығы ойлантады. Жергілікті ұлт өкілдері балаларын ауыл­д­ағы орыс мектептерінде оқытады. Сон­дық­тан тіл жанашырлары ауылдағы, қаладағы барлық орыс мектептерінен жаппай қазақ сыныптарын ашуды ұсынуда.

Мысалы, Шарбақты ауданындағы 24 мектептің 5-еуі қазақ тілді, 7-еуі аралас мектеп. Аудан мектептерінде оқитын 2895 оқушының 1017-сі қазақ тілінде білім алады. Осы 24 мектепте 2895 оқушы орыс тілінде білім алса, соның 1498-і – қазақ.

Ал Тереңкөл аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мәліметінше, аудандағы 25 мектепте 3087 оқушы оқыса, 951-і қазақ мектебінде білім алады.

Екі ауданда да тұрғындардың дені – өзге ұлт өкілдері. Әр жылдары аудан орталықтары Тереңкөлде, Шарбақтыда жаңадан қазақ мектептерінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Железин, Успен, Тереңкөл, Шарбақты, Ақтоғай, Баянауыл аудандарында, жекелеген ауылдарда жаңа қазақ мектептері бой көтерді.

Бірақ аудан орталығында тұратын 52 баланың ата-анасы орыс мектебін таңдаған. Бұл сонда жергілікті білім беру бөлімдерінің, әкімдіктердің қазақ балаларының қайда барып білім алатындарына салғырт қарағаны ма?..

Ал аудан орталығы Шарбақты ауылы теміржолдың екі жағында орналасқан. Ауыл балалары теміржолдан өтіп, орталықтағы қазақ мектебіне келеді. Тұрғындар №3 орыс мектебінен қазақ сыныптарының ашылуын күтуде.

Тіпті барлық аудан орталықтарында орыс тілінде білім беретін мектептер бар. Оқушылары санамалап келгенде қазақтың балалары болып шығады. Туған тілін білмейтіндер онсыз да аз емес. Солтүстікке оңтүстіктен көшіп келген отбасылардың ұл-қыздарына қазақ тілінде білім беретін мектеп керек екені белгілі. Онсыз да өңірдегі ауылдарда бала саны азаюда. Мектептерде санаулы оқушыдан қалды. Мысалы, Успен ауданы, Қараөзек ауылында биыл 13 бала бірінші сыныпқа барса, 11-і орыс сыныбында, 2 бала ғана қазақ тілінде оқуда. Өңірдегі білім бөлімдері мен жергілікті мектеп, ауыл, аудан әкімдіктері ауылдағы қазақтың баласын Үкімет салып берген қазақ тіліндегі мектепте оқытуды жаппай қолға алмай болмайды.