​Қазақ елінің болашағы латын әліпбиінде

​Қазақ елінің болашағы латын әліпбиінде

Қазақ тіліне негізделген жазуды өзгерту өткен ғасырдың басынан қолға алынып келе жатқан мәселелердің бірі болып табылады. Көнетүркілік жазудан бастап орыс жазуына дейінгі аралықта бірнеше рет әліпби өзгергені баршамызға аян. Аталған жазулар, соның ішінде орыс жазуы қазақ тілінің «ұлы заңдылығы» – үндестік заңдылықтарын өтей алмағанын тілші-ғалымдар жақсы біледі. Сондықтан бүгінгі таңда елімізде латын қарпіне бейімделген жазуға көшу көкейкесті мәселеге айналып, жалпы көпшілік арасында қызу талқылана бастады. Осы бағытта түрлі көзқарастар қалыптасып, әр алуан пікірлер пайда болды. Бірі латын қарпіне көшуді қолдаса, екіншілері (көбінесе орыстілді азаматтар) оған түрлі уәж айтып, қарсылықтарын білдіруде. Қолдаушылардың өздерінің түрлі жазу түрлерін ұсынып, пікірлері бір жерге түйіспеуде. Дегенмен, олардың барлығын бір нәрсе ортақтастырады. Ол – орыстана бастаған қазақ тілін сақтап қалу.

Лингвистикалық мәселелерді айтпағанның өзінде латын әліпбиіне көшкенде не ұтамыз дейтін болсақ, алдымен, қазақ зиялы қоғамын қалыптастыратын ұлттық тіл ыңғайындағы жазу болады. Себебі қазіргі қазақ қоғамы үш топқа жіктеліп кетті: ұлттық құндылықтарды мойындайтындар, жатжұрттық мәдениеттің жетегіндегілер және екеуінің ортасындағы дүбара қазақтар. Бұл жіктелістің себебі – зорлықпен енген орыс жазуының кесірі. Сондықтан елін, ұлтын ойлайтын, зияткерлік ұлтты қалыптастыратын жазу – латын әліпбиі болу керек.

Екіншіден, өзгерген жазу жалпытүркілік ортақ мәдениет кеңістігін құру үшін қажет. Себебі әлемде ортақ рухани құндылықтары тұрғысынан Батыс әлемі, Славян әлемі, Араб әлемі, діни тұрғыдан Ислам әлемі, христиан әлемі сияқты ұғымдар бар. Ал Еуразияны қамтып жатқан ұланғайыр өлкеде тарихи, мәдени, тілдік құндылықтарын ортақтастатыратын Түркі әлемі бар. Жалпытүркілік ортақ рухани құндылықтың басты көрсеткіші – жазу. Қазіргі таңдағы түгелтүркі жұртына ортақ жазу – латын таңбалы жазу.

Үшіншіден, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру арқылы жазуды қайта меңгеруге кірісеміз. Өзгерістегі жазу арқылы қазақ тілін білмейтін өзге ұлт болсын, өз ұлтымыз болсын тілді үйренуге мүмкіндік алады.

Төртіншіден, отарлық санадан құтыламыз, тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне ықпал етеді, жалпы рухани құлдықтан арыламыз.

Ең бастысы латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддеге арналған әрекет. Елбасының: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз мәңгілік елмен бірге, мәңгілік тіл болады! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйтқысы ете білгеніміз жөн», – деп айтқанындай, әліпби өзгерісі мәңгілік елдің мәңгілік тілі үшін қажет.

Латын әліпбиіне көшсек, асығымыз алшысынан түседі деп арқаны кеңге салуға болмайды. Оның позитив жақтары мен негатив тұстарын да бажайлаған жөн. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуге байланысты бірнеше әліпби жобасы ұсынылды: диграфты, апострофты және соңғы акутты әліпбилер. Қоғамдық талқыға түсті, түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Дегенмен, «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек», – деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы жоғарыдағы әліпбилердің әлі де болса қазақ тілі заңдылықтарына икемделмегендігін көрсетеді.

Бүгінгі күні латыннегізді қазақ әліпбиінің әлденеше нұсқасы ұсынылып, талас-тартысқа түсуі – тілдің (ұлттың) ең басты қызметі қарым-қатынастық (коммуникативтік) қызметінен айырылған мемлекет үшін қалыпты жағдай. Латын әліпбиіне көшудің негізгі міндеті де мемлекеттік тілді, қазақ тілін науқасынан айықтыру екенін ұмытпауымыз керек.

Ең бастысы, осы алдағы өзгерістегі латыннегізді жазуды нысандап, тәуелсіз рухтағы, партиоттық сезімдегі қазақ жастарын қалыптастыру керек. Қазақ Елінің болашағы жастардың қолында. Латын әліпбиіне көшудің негізі де осында.