Әріпүсті диакритикалық таңбалар, қайсысын таңдаған жөн?

Әріпүсті диакритикалық таңбалар, қайсысын таңдаған жөн?

Әріп танып, оқып-жаза алатын кез келген адамға тікелей қатысы бар шара – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бастамасы қоғам арасында жоғары белсенділік тудырды. Мамандар мен қалың әлеумет тарапынан түскен түрлі пікірлер ескерусіз қалмай, маңызды саяси-әлеуметтік, тілтанымдық шешімдердің қабылдануына септігін тигізді. Осы ретте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа әліпбиді жетілдіру тапсырмасына сәйкес екіұшты оқылатын әріптер тұрқын өзгерту (и, і дыбыстарының бас әріптері; ш дыбысының sh таңбасы) мен басы артық ч дыбысының сһ таңбасын мүлдем алып тастау қажеттілігі туралы мамандар ұсынысын қолдай келе, төл дыбыстарымызды белгілейтін диакритикалық таңбаларға да назар аудартқымыз келеді.

Диакритикалық таңбалар әріптің үстінде, астында не өн бойында орналасып, дыбыстардың созылыңқылы-қысқалығы, жіңішкелігі, әуезділігі, ұзақтығы, екпін күші сияқты басқа да фонетикалық мәндерін ерекшелеумен қатар, таза орфографиялық мақсатта, жаңа әріп жасауда қолданылатыны белгілі. Көпшілікке «диакритикалық таңба», «макрон», «бревис», «седиль», «умлаут», «акут» сияқты тілтанымдық терминдердің өзі, олардың мән-мағынасы бейтаныс болғанымен, бұл белгілердің графикалық бейнесі таныс. Осы таңбалар кеңінен көрініс тапқан неміс, француз, венгер, түрік, әзербайжан, өзбек сияқты тағы басқа латынграфикалы әліпбиі бар тілдерді есепке алмағанда, қазіргі кирилграфикалы жазуымыздағы «й», «ғ», «ө», «ұ»,«і», «қ», «ң», «щ» әріптері мен әзірге аудармасы жоқ «дирижёр», «монтёр», «режиссёр» тәрізді сөздерде кездесетін «ё» әрпі осы диакритикалық таңбалар арқылы жасалғанын көреміз.

Бұл жерде әріпүсті «акут» белгісі мен «умлаут» таңбасына тоқталғымыз келеді. Бұған, біріншіден, бүгінгі күнге дейін ұсынылған көптеген жобалар ішінде осы диакритикалық таңбалардың кеңінен кездесуі себеп болса, екіншіден, қазақстандық ақпарат кеңістігінде танымалдық танытқан әліпби жобаларының тиімді/тиімсіз, қолайлы/қолайсыз тұстарын анықтау мақсатында 2015-ші және 2017-ші жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жүргізілген (тәжірибелік зерттеулер жетекшісі – филол.ғ.к. А.М.Фазылжанова) сынамалар нәтижесі түрткі болып отыр.

Face-to-Face əдісі бойынша 2015 жылы өткізілген сынамаға қоғамдық-əлеуметтік мəртебесі бойынша жазу-сызумен айналысатын жас мөлшері 20-40 аралығындағы сарапшылар қатысса, Google Forms платформасын пайдалану арқылы онлайн түрінде жүргізілген 2017 жылғы сынамаға қызығушылық танытқан кез келген адам қатыса алды (сауалнамаға сілтемелер Facebook, vk.com әлеуметтік желілері мен Whatsapp, Telegram мессенджерлерінде таратылды). Сарапшыларға диграф (ае, ое), умлаут (ä, ö), апостроф (а', о') таңбаларына негізделген үш түрлі әліпби жобаларымен соған сәйкес оқу-жазу тапсырмалары берілген болатын. Оқуға, жазуға, жалпы қабылдауға икемді әліпби нұсқасын еркін түрде таңдауға негізделген сауалнамалар нәтижесі (статистикалық және тілтанымдық талдаулар көрсеткіші) умлаут (ä, ö) белгілері қамтылған жобаның артықшылығы мен көпшілік тарапынан қаланатынын көрсетті (мысалы, 2017 жылғы сынамаға қатысқан 1702 адамның 1195-сі, яғни 70,2%-ы осы екінші жобаны таңдаған).

Сонымен қатар тағы бір ойландыратын жайт – таңбалардың қарапайым халық тұрғысынан визуалды қабылдануы, яғни әріптердің психографикалық бейнесі. Апострофты, одан кейін акутты әріптер таңбалары шыққанда, Facebook, vk.com әлеуметтік желілерінде «биттеп кеткен әліпби», «жылап тұрған әліпби», «жаңбыр жауып тұрған әліпби» деген сияқты тағы да басқа жағымсыз сипаттамалар көрініс тапқан болатын. Бұл адамдардың алғашқы реакциясы, жаңа таңбаның туғызған ассоциативті бейнесі еді. Ал қазіргі кезде акутты әліпбиге деген адамдар көзқарасы өзгерді ме? Осыны анықтау керек сияқты. Себебі болашақта тіл иелмендерінің өмірінде кеңінен орын алатын жаңа жазу жеңіл, жинақы, тек жағымды эмоция туғызатын таңбалардан тұру қажет.

Жаңа таңбаларды қоғам тарапынан қабылдау/қабылдамау мәселесімен тығыз байланысты тағы бір жайт – ол жаңа ұлттық әліпбиіміздің әлем тілдері, оның ішінде өзімізге жақын түркітілдес халықтар әліпбилерімен сабақтастығы, танымалдылығы, түркі дүниесімен рухани жақындасу мәселесі. Акут таңбалы әліпбиге тек қарақалпақ жазуы, ал умлаут таңбалы әліпбиге түрік, әзербайжан, түрікмен жазуларының негізделуі ойландыратын нәрсе тәрізді.

Қазіргі акут таңбалы әліпбиіміздің бір артықшылығы – қазақ тіліне тән ерекше дыбыстардың бәрін бір ғана таңба түрімен белгілеу десек, екінші жағынан, бұл оның кемшілігі деуге де болады. Дыбыстың дауысты-дауыссыздығына, жуан-жіңішкелігіне, т.б. қарамай, бәрін бір диакритикалық таңбамен беру қарақалпақ тілінен басқа ешқандай тіл жазуында кездеспейді. Мәселен, тіліміздегі «ә», «ө», «ү» дыбыстарын умлаут таңбасымен ерекшелесе, ол, неміс, түрік, әзербайжан тілдеріндегідей, бұл дыбыстардың дауысты екенін, оның ішінде жіңішке дауысты дыбыс екенін аңғартып тұратын белгі болар еді. Бұл өз кезегінде қазақ тілін екінші тіл ретінде үйренетін адамдар мен мектеп табалдырығын енді аттап, дыбыс-әріппен танысатын балалар үшінде бір көмек, тіл үйрену процесін жеңілдететін тетік болар еді деп ойлаймыз. Тіл үйренушілері, әсіресе бастауыш сынып балалары үшін акут белгісінің тағы бір кемші тұсы – бұл оның визуалды түрде екпін белгісімен бірдей болуы. Мысалы,«áńgimé», «ózén»,«án» сөздеріндегі қазақ тілінің төл дыбыстарын ерекшелейтін белгі қайсы, сөз екпінін көрсетіп тұрған белгі қайсы? Кішкентай бала бұны қалай ажыратады?

Сөзімізді аяқтай келе айтарымыз, бұл мақаланың мақсаты – бір әліпби нұсқасын мақтап, екінші бір әліпби нұсқасын даттау емес, ой салу. Еліміз жаңа ұлттық әліпби қабылдар алдында мамандардың, тиісті құзырлы мекемелердің назары әліпби құрамымен қатар, әріптер тұрқына, оның графикалық бейнесіне де ауса екен деген ниет. Себебі әр диакритикалық таңбаның өз алдына прагматикалық, психологиялық, педагогикалық, тілтанымдық, техникалық, типографиялық белгі-ерекшеліктері бар. Ұлттық әліпбиіміздің көзшалым мен қолшалымға жеңіл, мәтінді түсінуге, теруге оңтайлыболуы осы әріпүсті, әріпасты белгілерге де байланысты болары анық.