Жаңа латын әліпбиі жайында бірер сөз

Жаңа латын әліпбиі жайында бірер сөз

Қазіргі уақытта көптеген мекеме, бұқаралық ақпарат құралдарында телеарна атаулары, жарнамадағы мәтіндер латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиімен жазылып жүргені белгілі. Бұдан жаңа қазақ латын әліпбиін жазу реформасы әрі ұлттық жаңғырудың бастамасы ретінде қоғамның жақсы қабылдағанын көруге болады. Алайда жазу барысында кейбір әріптердің қиындық тудырып, екіұшты оқылатынын тілші ғалымдар, мамандар айтуда. Президентіміз Қ.Тоқаев "Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек» деген еді.

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі қандай болуы керек деген сауалдың айналасында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында бірнеше жылдар бойы зерттеу жұмысы жүргізілген болатын. Нәтижесінде 2016 жылы «Жаңа ұлттық әліпби негізінде қазақ жазуын реформалау» атты монография шықты. Осы еңбекте тілші-ғалымдар әліпбиді анықтаудың бірнеше лингвистикалық белгілерін көрсетеді. Соның бір-екеуіне тоқталсақ:

  • әліпбидегі әріптердің саны мен тілдің негізгі дыбыстары арасында алшақтық болмауы керек;
  • басы артық таңбалардың, белгілердің, яғни дыбыстық мәні жоқ әріптердің болмауы керек;
  • әріптің астына немесе әріптің үстіне қойылатын қосымша белгілердің тым артық болмауы яғни бір қарағанда әріптер көзшалым үшін ыңғайлы болуы керек;
  • әліпбиде қосар әріптер мен триграфтар болмауы керек, себебі олар жазудың негізгі үнемдеу қағидасына қарсы;
  • • бір дыбыс бір әріппен таңбалануы керек, әр дыбыстың жеке-жеке әріппен берілуі жазуды жеңілдетеді және оқығанда көзге салмақ салмайды.

Аталған белгілерге сүйенсек, әліпбидегі кейбір әріптердің кемшің тұстарын көруге болады. Оның бірі әліпбидегі ш дыбысының sh диграфымен таңбалануы. Мысалы, alǵyshat, dárishana, májilishana, shema, Kúlmeshan, sholast, ashana деген сөздерде қатар келетін сх (sh) әріп тіркесін shana, shańyraq, aǵash және т.б. сөздерінде келетін ш (sh) әрпімен шатастырып, нәтижесінде сөздер екіұшты оқылуы мүмкін. Олай болса, бекітілген қазіргі латын әліпбиіндегі sh диграфы екіұшты оқылып, бір дыбыс – бір әріп қағидасына жауап бере алмайды. Ал сөздердің екіұшты оқылуының өзі жазудағы кемшіліктердің бірі болып табылады. Сондай-ақ сөз басында, сөз ортасында, сөз аяғында келетін ш дыбысының диграфпен (sh) берілуі жазу көлемін ұзартып жібереді.

Сонымен қатар әліпбиде і (і) және и, й (ı) әріптерінің бас әріптері ескерілмеген. Бекітілген жаңа қазақ әліпбиінде екеуінің бас әріптері бірдей таңбаланған: Iі және Iı. Олай болса, бас әріппен келген жағдайда оқырман аталған әріптерді и деп оқи ма әлде і деп оқи ма деген сауал туады. Мысалы, Ineliktiń keıbir túrleri bir táýlik qana ómir súredi деген сөйлемдегі Inelik сөзі инелік деп оқыла ма әлде інелік деп оқыла ма? Болмаса Іnisi bardyń tynysy bar дегенде Іnisi деген сөз инісі деп оқылып кетуі мүмкін. Ал сөз ішінде ı (и) мен і (і) әріптері қатар келіп тұтас бас әріппен таңбаланса, сөзді тануға қиындық келтіреді. Мысалы, KIIM DÚKENİ. Сондықтан да аталған әріптердің бас әрпін бір таңбамен беруге болмайды. Себебі әр дыбыс жеке әріппен таңбаланып, оқуға жеңіл, жазуға ыңғайлы түсінуге, қабылдауға оңай болуы керек. Сондай-ақ кирилдегі у әрпін латын графикасында ý әрпімен беру жазуда қолайсыздық тудырады.

Әліпби түзуде әріптердің реті де ескерілуі тиіс мәселелердің бірі болып табылады. Себебі а-ә, е, о-ө, ы-і, ұ-ү сияқты жұп құрайтын дауысты және дауыссыз дыбыстарды таңбалайтын әріптер бір жүйемен, бір ізбен яғни жуан-жіңішкелігіне, қатаң-ұяңдығына қарай бір қатарда орналасуы керек деп ойлаймыз.

Қорыта келгенде, мақаланы А.Байтұрсынұлының "Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс, әліпбидің әріп суреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады" деген сөзімен аяқтағым келеді.