​Анар Фазылжан: Біз ұлттық тілімізді барынша қорғап қалу кезеңінде тұрмыз

​Анар Фазылжан: Біз ұлттық тілімізді барынша қорғап қалу кезеңінде тұрмыз

Қоғамдық сананы жаңғыртудың темірқазығы ретінде айқындалған латын қарпіндегі қазақ әліпбиі қабылданар кезеңіне жақындап келе жатыр. Әйтсе де, Президенттің кейінгі ескертпесінен соң бұл тақырып қоғамның қайтадан қызу талқысына айналғанын аңғаруға болады. «Пікіралуандығы мен тың ұсыныстар бізді бір жағынан қуантады» дейді филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжан. Тілтанушымен әліпби жайлы әңгіме өрбіте отырып, қазақ тілінің мәртебесіне қатысты толғандырған сұрақтарға жауап тапқандай болдық.

Президент «ауыспайық» деген жоқ – «асығыстық танытпайық» деді

- Анар Мұратқызы, кейінгі кезде латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне қатысты талқы қайта көтеріліп, «бас ауыртпай кирилде қала бергеніміз жөн» деген сыңайда әңгіме айтыла бастады. Оған фейсбук парақшаңызда қысқаша жауап бергеніңізді оқыдық. Десе де, осыған қатысты толыққанды ойыңызды білсек деп едік.

- Біріншіден, ол адамдар қандай уәж айтады? Олар ең алдымен реформаға миллиардтаған қаражат жұмсалатынын сөз қылады. Өз басым бұл бағыттағы шығын мөлшерінің нақты сомасын білмеймін. Өйткені біз мәселенің ғылыми жағын зерттеп жүрген, тіл саясатын ұйымдастырушы органның орындаушыларымыз. (А.Фазылжан – Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы). Алайда миллиардтаған қаражат тек латын әліпбиіне көшіруге ғана бөлініп жатыр десеңіз – ол қате пікір. Жалпы, кез келген унитарлы ел өзінің мемлекеттік тілін қолдауға бағытталған шаралар легін іске асырады. Сол секілді Қазақстан да тіл саясатын жүргізеді. Өзіңіз білетіндей, осы уақытқа дейін 2001-2010 және 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік тілді қолдау бағдарламасы жүзеге асырылды. Ендігі кезекте 2020-2025 жылдарға арналған бағдарлама бекітіліп, оның қаржы көлемі ашық түрде интернет порталдарда жарияланды. Қаражат қайда кетіп жатыр деген мәселеге жауап осы.

Миллиардтаған немесе миллиондаған қаржыбола ма – ол шығынның аз немесе көп екенін айту үшін аналитика керек. Яғни салыстырмалы түрде сондай қаржыны жұмсаған, бірақ әлдеқайда нәтижелі фактілерді келтірген жөн. Ондай дәлел-дәйекті ешкім келтірмейді. Құр байбалам көп.

Екіншіден, мемлекеттік тілге жұмсалған ақшаның қандай да бір материалдық өнім жасауға кеткен қаражаттан ерекшелігін ескеру керек. Өйткені материалдық өнім уақыт өте тозады. Төселген жол ескіреді, салынған үй тозады. Ал тілге жұмсалған бюджет – ұлттың рухына салынған қаражат. Ол, бәлкім, бір немесе екі жылдан кейін нәтиже көрсетпейтін шығар, бірақ ол шығын түптің-түбінде ақталады және оның нәтижесінің жұмысы жүз жылдықтарға ұласады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, Совет өкіметінің тарихын қараңыз. Социолингвистикада осы құбылысты «тілге жұмсалған қаражаттың инерциямен жұмыс істеуі» деп атайды. Мысалы, совет кезінде орыс тілін ортақ тіл, ал орыс ұлтын аға ұлт жасаймыз деп, қаншама ресурс, қаражат салынды. ˒Қазір совет өкіметі жоқ болса да, Қазақстанда орыс тілі жұмысын тоқтатпақ түгілі, әуелі талай жыл белсенді жұмыс істеп тұратынына көзімізді жеткізіп отырған факті жетерлік. Яғни біз де қазақ тілінің болашағы зор болсын десек, қолымыздағы бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Оған қаражатты да, ресурсты да аямаған абзал, сондықтан тілге кеткен қаражатты санап отырғандарға айтарым: бұл мәселеде абайлап сөйлеп, халықты адастырмаған жөн.

Латын әліпбиіне қарсы шыққандардың екінші аргументі – «күні ертең орыстілділер қайтеді?» деген ой. Қазақстандағы орыстілділер қазақша сөйлеуді, жазуды талап ететін жағдайда латынды қолданады. Өйткені қазақтың ұлттық әліпбиі – латын графикасы негізіндегі әліпби болмақ. Егер олар өз ойын орыс мәтіндері арқылы жеткізсе, кирилмен жазады, себебі орыс тілінің латын әліпбиіне көшіру мәселесі қозғалған да, көтерілген де емес. Неге біз ұлттық тілдің мәселесін халықтың орыстанып кеткен бір бөлігінің көзқарасымен шешуіміз керек? Мұндай жағдай ешбір елде, ешбір тілдік қауымдастықта жоқ. Кез келген алға қараған тілдік қауымдастық өз құрамындағы ана тілінен айырылып қалған адамдардың пікіріне сүйенбейді. Ал әлеуметтік сауалнама бойынша қазақ˒тілділердің басым көбі латын графикасына көшуді қолдайды. Әсіресе жастар 100 пайыз қолдайды десем артық айтқаным емес.

Латынға көшпеу керек дейтіндердің тағы бір «дәлелі» - жаңа ұрпақ кирил қарпіндегі мәдени мұрадан айырылып қалады. Бірақ мұны айтататындардың көбі егде жастағылар. Ал жастар байқасаңыз, жаңа технологиялардың мүмкіндігін жақсы біледі. Қазір қағаз нұсқадағы кез келген ақпаратты цифрландырып, қалың жұрттың игілігіне айналдыра салуға көп уақыттың керегі жоқ. Қазақстандағы бүкіл кітапхананың базасы цифрландырылып жатыр.

- Осыдан екі жыл бұрын Берік Әбдіғалиұлы латын әліпбиіне қатысты «Жарлық шықты, шегінерге жол жоқ» деген еді. Жаңа сіз айтқан адамдар осы шындықты қабылдай алмай отырған секілді...

- Кейбір азаматтарымыз, олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа әліпбиді жетілдіру бойынша берген тапсырмасын, яғни бұл мәселеде «асықпауымыз керек» деген пікірін дұрыс түсінбей,«ешқайда асықпайық та, ауыспайық та» деген қате ой айтып жүр. Шын мәнінде Мемлекет басшысының бұл сөзі халық қабылдамаған таңбаларға қатысты айтылған болатын. Президент осы әліпбиді жетілдіру бойынша тапсырманы Мәдениет және спорт министрлігіне бергенін білесіздер. Ол реформаны тоқтатуды емес, керісінше жақсарта түсуді көздеп отыр.

- Латын әліпбиіне қатысты көлденең сөз тұтас идеяға көлеңкесін түсірмеуі керек дегіңіз келеді ғой?

- Латын әліпбиіне көшу мәселесі саяси мінберден алғаш көтерілген 2007 жылдары жастық максимализм тұрғысынан ойлап, «бұл мәселені неге халықтың талқысына салады, мамандар шешуі керек емес пе?!» деп ойлайтынмын. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан тілдік жағдайды, реформаға жүктеліп отырған тілтанымдықтан басқа да міндеттерді түсінгенде, бұл пікірдің дұрыс емес екеніне көзім жете бастады. Өйткені латын әліпбиіне көшу деген – тек жазуымызды жаңа әліпбиге ауыстыра салу емес. Бұл – біздің тілімізді реформалау, сол арқылы санамызды жаңғырту.

Неге Елбасы латын әліпбиіне көшу бастамасын «Рухани жаңғыру» мақаласында атады. Егер оған жай реформа ретінде қараса, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының ішінде қарастыруға да болмас па еді? Яғни бұл реформадан, менің ойымша, тек тілдің сыртқы әсерді игеру тетіктерін жандандыру күтіліп отырған жоқ. Сонымен бірге сол арқылы халықтың санасын өзгерту, ұлтты бір идеяның төңірегінде ұйыстыру көзделіп отыр деп бағалаймын. «Тілім – қазақ» деген кез келген азамат бұл үдеріске белсене араласуы тиіс. Бұл іске араласпаған күннің өзінде оған бейжай қарамауы керек. Сол себепті мектеп оқушысынан бастап зейнеттегі қарияларға дейін жаңа әліпбиіміздің өз нұсқасын ұсынып жатқаны бір жағынан қуантады. Бізде ұлт мәселесіне жанашырлықпен қарайтын қоғам қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен кейде осы жағдайды өз мүддесі үшін пайдаланып кететіндер жоқ емес. Президенттің «асықпай» деген сөзін «тоқтатайық» деп желеулетіп жүргендерді көрдік. Сондайлардан сақ болуымыз керек.

Латын әліпбиіне үлкен бір идеологиялық серпіліс ретінде қараған жөн. Екінші жағынан, жалпыхалықтық пікірге еріп, ғалымдарды тасада қалдыруға тағы болмайды. Мұндай тағдыршешті реформа барлық елде күнде-күнде бола беретін шаруа емес. Ондайды басынан кешірген елдер аз-ақ. Түркітілдес Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, әліпби ауыстыру ісін жүзеге асырған реформаторлар мұны жай ғана тілдік реформа деп қарастырмаған. Мысалы, Түркияда бұл өзгеріс Мұстафа Кемал Ататүріктің бастауымен жаңа заманға өту, еуропалық өмір салтына көшумен байланыстырылып, Осман империясының ескі қалдықтарынан кетіп, заманауи Республика құрудың рухани негізі ретінде жүзеге асырылған. Ыстанбұлдағы Күлтүр (Мәдениет) университетінде Түркияның латын әліпбиіне өтуін зерттеген профессор Ертем Рекин бізге сол кезеңдегі Ыстанбұл мешіттеріне жапсырылған үнпарақтарды көрсетті. Оларда «бүгінгі жұманың уағызы – латын әліпбиінің маңызы» деп жазылған. Мұсылман ел болғандықтан, бүкіл Исламды қолдайтын элита араб жазуында қалу үшін латынға қарсы болды деп ойлайтынбыз. Олай емес екен. Жаңа өмірге ұмтылуды «түрікпін» деген барлық ел қолдап, атсалысыпты. Осы жағынан келгенде халықтың қолдауы керек. Бірақ әліпби мен емле мәселесінде, тілдің ортологиялық нормасын көрсететін құралдарын әзірлеуде, әліпби құрамындағы жеке әріптерді таңдауда, әрине, мамандарға сүйенген абзал.


Сонымен, латын әліпбиі дайын ба?

- Президент «жетілдіру керек» деген латын қарпіндегі қазақ әліпбиі дайын ба?

- «Тіл-Қазына» орталығы Үкімет жанынан құрылған Ұлттық комиссияның Орфографиялық жұмыс тобы ғалымдарының осы мәселеге қатысты бірнеше отырысын ұйымдастырды. Бұл отырыстарда Президенттің тапсырмасын орындауға атсалысып, өз әліпбиін ұсынған азаматтардың жобалары талқыланды, сонымен бірге тілтанушылардың өз ұсынысы да егжей-тегжей қаралып жатыр. Ғалымдар, пікірі дәйекті болу үшін, ел ішінен ұсынылған жобаларға жасалған сараптама қортындыларын да, сонымен бірге өз нұсқасын тексеретін сараптамалық-талдамалық зерттеу, шағын сауалнама нәтижелерін де пайдаланып отыр. Орфографиялық жұмыс тобының әрбір мүшесі – жазу теориясы, грамматология, фонетика-фонология, сөз мәдениеті, ортологиялық лексикография сияқты әліпби реформасы мәселесінің нағыз мамандары, сондықтан олар бұл мәселені шешудің тиімді әдіснамасы мен әдістемесін дұрыс таңдайтынына күмәнім жоқ. Үлкен дайындықпен жұмыс жүргізіп отыр. Орфографиялық жұмыс тобы жауапты орган – Мәдениет және спорт министрлігіне әліпбиді жетілдіру бойынша өз жобасын ұсынды.

- Латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің сол, яғни сіздер берген соңғы нұсқасына нақты қандай өзгерістер енгізілгенін атап бере аласыз ба?

- Ең алдымен, диаграф мәселесі. Бекітілген акут әліпбиде – алдыңғы ұсынылған диаграфтық және апострофты әліпбиден қарағанда әріптер жүйесі әлдеқайда ыңғайлы әрі оңтайлы құрылған. Дегенмен ішінде диаграфтық қағидатпен жасалған ш (sh) және ч (ch) әрпі бар. Ғалымдардың көбі халықтың осы таңбаларды өзгерту туралы пікірін қолдай отырып, SH диграфын /Ş/ түріндегі бір әріппен алмастыруды, ал СH түріндегі Ч-ның таңбасын әліпбиден алып тастауды ұсынып отыр. Мұның негізі бар. Себебі сауалнамалардан схеманы (shema) шема, алғысхатты (alģyshat) алғышат деп және, керісінше,Қошанды (Qoshan) Қосхан, құшақты (qushaq) құсхақ деп оқығандар әсіресе жаңадан хат танып жүрген балалар арасында көп болды, демек қазақтың тілдік санасы диграфты қабылдай алмайды.Ч дыбысы бар бір-ақ сөз қалыпты: чемпион. Басқалары әлдеқашан қазақшаланып игеріліпті. Қазіргі әдеби тілде Ч дыбысымен келетін бірде-бір басқа жалпы есім мағынасындағы сөз жоқ, сондықтан оны әліпбиге алмағаннан көп өзгеріс болмайды. Ал жалпы есімдердегі Ч-ны барлық озық жазу дәстүрінде қалыптасқан үлгімен транслитерациялау принципімен жазуға әбден болар еді. Мұны тіл мамандары БАҚ-тағы мақалаларында түсіндіріп көрсетіп те жатыр.

Сонымен бірге бұл әліпбидегі кейбір диакритикалық таңбаның болмауы, мысалы і-нің бас әрпі (І) мен и-дің бас әрпінің (І) бірдей тұрқы да көп қиыншылық тудырады екен. Сондықтан, ғалымдардың пікірінше, бұлардың бірінің бас әрпіне ноқат қою керек.

Қазақ тілінде і – жіңішке қысаң дауысты дыбысының жиілігі өте жоғары, ол тіпті барлық грамматикалық формаларды (жіктікті, тәуелдікті, септікті) жасауға қатысатын белсенді дыбыс болғандықтан, осы дыбыстың таңбасын диакритикасыз әріппен, яғни ноқатсыз /Iı/ түрінде берген оқырман мен жазарман үшін оңтайлы болар еді, себебі әріпүсті жыпырлаған таңбалар азайып, жазу жинақылана түсер еді. Мәселен, ініміздегінің, ініңнің деген сөзді ноқатты әріппен жазсақ, inimizdeginiń, inińniń түрінде таңбаланады, ал осыны ноқатсыз жазсақ, ınımızdegınıń, ınıńnıń түрінде әріпүсті жыпырлаған таңбадан біраз «тазаланып», тек Ң-ның диакритикасы қалады.

И мен Й таңбаларының екеуін қосқанның өзінде олардың ортақ жиілігі қазақ мәтіндеріндегі і-нің жиілігінен әлдеқайда төмен, сондықтан бұларды ноқатты /İі/ таңбасымен берсе, оңтайлы-ақ болар еді. Яғни қазіргі әліпбидегі і мен и, й-ді таңбалаған екі әріпті өзара алмастыру тиімді деген ғалымдардың пікірінде негіз көп. Оның үстіне ноқатты /İі/ таңбасымен И-лерді жазатын болсақ, қазақ мәтіндерінің ішіндегі шеттілдік сөздердің тұрқы да көзге бірден таныла кетер еді: kino, institut, respublika.

Сол сияқты халық У-дың акутты Ý таңбасымен берілуін де қабылдамады. Сондықтан У-дың таңбасын да оңтайландыру мақсаты бар. Біздің ойымызша, У мен дауысты Ұ және Ү дыбыстарының ортақ белгісіне – еріндік сипатына қарай, оларды бір микропарадигмада таңбалау, яғни базалық бейнесі ұқсас таңбамен, бірақ әртүрлі диакритикамен ажыратып берген көңілге қонымдырақ. Мысалы, У – U, Ұ – Ū, Ү-ні қазіргідей Ú түрінде таңбалау жүйелі әрі жазарман мен оқырман үшін қолайлы болар еді: ūşaq(ұшақ),tau (тау), úmit (үміт).

- Десе де, сіз айтып отырған осы соңғы нұсқада екіұшты мағына беретін немесе оғаш жазылатын сөздер кездесуі мүмкін бе?

- Ондай кез келген әліпбиде кездеседі. Егер екіұшты оқылатын сөз саны өте көп болса, онда, әрине, ол қолайсыз. Бірен-саран сөз кездессе, қиыншылығы жоқ. Қазіргі кирил жазуында Жетісу деген сөзді «Жеті+су ма (жеті өзен)» әлде «жетісу ме (жетісіп қалу)» деген сыңайда сөз таластыруға болады. Бірақ мұндай бірен-саран сәйкес жазылу жалпы мысалы графиканың жүйесіне нұқсан келтірмейді. Оларды омогрофтар дейді. Мұндай мәселелерді орфографиялық норманы көрсететін ортологиялық құралдар (сөздіктер мен анықтағыштар) арқылы реттеп отыру керек.

- Мемлекет басшысы жақында «Қазақ тілін реформалау, қажет болса, тілімізді жаңғырту керектігін» айтып өтті. Қоғамда бұл сөзді әртүрлі сипатта топшылап жатқандар бар. Үлкен саясатта ештеңе текке айтылмайды. Бұл сөздің латын әліпбиіне көшу процесімен қандай байланысы бар деп ойлайсыз?

- Тәуелсіздік Қазақстан мемлекеттігін сақтау үшін ресми тілі – қазақ тілінің базасын күшейтеді. Онсыз мемлекет құру мүмкін емес. Өйткені мемлекеттіліктің негізі – қазақ ұлтының этносимволизмі. Яғни елтаңбамыз да, туымыз да – қазақ ұлтының симолдарына, құндылықтарына сүйенеді. Басқаша болуы мүмкін емес. Оны ұлтшылдық деп те, басқа деп те қабылдасаңыз да бәрібір – тарихи факт осы. Мемлекеттіктің нышандарының қатарында әнұран, елтаңбамен бірге тіліміз де тұр. Мемлекеттік тілді күшейтуге мемлекеттің өзі мүдделі. Барлық елде осы үдеріс күшті. Мұндайды біз ғана басымыздан кешіріп жатқан жоқпыз. Мықты деген француз, неміс тілінде модернизациялау керек деп қанша мәрте проблема көтерілген, оны шешу жолдары жүзеге асырылған. Осының бәріне социолингвисткалық зерттеулерді қарасаңыз, көзіңіз әбден жетеді. Сондықтан бұл дұрыс шаруа. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та 2012 жылы халыққа Жолдауында осы мәселеге тоқталып, терминологияға ерекше мән берген еді. Бұл – кез келген елдің өз тілін реттеу үшін жүргізетін саясаты. Онсыз, яғни жалпыға ортақ тілсіз мемлекет өзінің интенцияларын халқына жеткізе алмайды.

Қазір қазақтілділердің, мемлекеттік тілде ақпарат талап ететіндердің саны да, сапасы да артып келеді. Тіл мәселесін қалай шешеміз дегенде көзқарас алуан түрлі. Бірақ біз бұл жерде социолингвистикалық зерттеулерге, сол сала мамандарына сүйенуіміз керек. Бұл проблеманы әлемдегі басқа ұлттар қалай шешіп жатыр екен дегенге де назар аударған абзал. Сол сияқты посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқанымызды естен шығармау керек. Қаласақ та, қаламасақ та, осы кеңістікке тән үдерістің ішіндеміз. Дұрыс бағытта қозғалу үшін посткеңестік аяда қандай үдерістер барын, қайсы бізге ерекше әсер етіп жатқанын білген жөн. Мәселен, бір компоненті орыс тілі болып табылатын көптілділік - посткеңестік елдерге тән құбылыс. Совет одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған елдің бәрінде көптілділік болды. Балтық, Кавказ, Азия елдерінде де үштілділік қалыптасты. Ал қазіргі үрдіс көптілділіктен қостілділікке кетіп бара жатыр. Ол – ұлттық тіл мен ағылшын тілінің қостілдігі. Мәселен, Прибалтика елдері түгел қостілді боп кетті. Кавказдағы Армения мен Грузияда да сол. Тіпті Әзербайжанда барлық маңдайшалар бір ғана латынмен екі тілде – әзербайжанша және ағылшынша жазылады. «Қазақстан ондай емес», «орыс тілін қолдаймыз» деп осы жағдайдан қашсаң да, аймақтық кеңістіктен шыға алмайсың. Бізге де осы өзгеріс келеді. Яғни біздің аумақта да орыс тілінің кеңістігі тарылады. Оған қазақтар да, орыстар да кінәлі емес. Сондықтан тілімізді жаңғырту үшін осы үдерістерді ескере отырып, саясат құру керек.


«Эскимос тілін құртқан – эскимостардың өзі»

- Жақында Мұрат Бақтиярұлы бастаған бір топ сенатор «жаңадан мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек» деп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Яғни, бәрі тіл туралы заң қабылдайтын уақыт жеткенін ұғып отырған секілді. Бірақ...

- Бізде «жаһандану жүріп жатыр, ана тіліңнен гөрі ағылшын, қытай тілін үйрену керек» деген пікір көп айтылғанымен, «дәл осы жерде және дәл осы сәтте не пайдалы» деген сұраққа көзін жұмып, қазақ тілін байқамай қалғысы келетіндер бар. Табиғаттың метафизикалық заңдылығы бойынша, бір күш бар жерде екінші күш те болады, яғни жаһандану жүріп жатқан жерде оған қарсы үдеріс – ұлттану қоса жүреді, тоқтамайды. Бүкіл әлемде солай. Ағылшын тілі бәрін жұтып жатыр дейміз де, керісінше үрдісті байқамаймыз. Бүгінде Германия неміс тілін қолдау үшін тіл саясатында бұрын ұстанған либералды принциптерін консервативті қағидаттарға алмастырды. Олар неміс тілінің тазалығын сақтау үшін бәрін жасап отыр. Франкофондар мен испанофондардың халықаралық ұйымдарына осы тілдегі мемлекеттер қыруар қаражат жұмсап отыр. Франция француз тілі туралы бірегей заң қабылдап, бұлжытпай орындап отыр. Францияның тіл туралы заңы – Тубон заңы деп аталады. Оны 1994 жылы Францияның Мәдениет министрі Жак Тубон әзірлеген. Заң француз тілінің ұлттық тіл ретінде сақталуының бүкіл тетіктерін көрсетіп берген. Тіл саясатындағы либералды көзқарасты қолдаушылардың қатаң сынына қарамастан, неліктен олар осы заңнан бас тартпай отыр? Себебі Еуропада жаһанданумен бірге ұлттану саясаты жүріп жатыр. Қазір бәрі ұлттық тілін сақтап қалуға тырысады.

Тіпті посткеңестік елдердің ішінде Арменияда «Армян тілі туралы заң», Грузияда «Грузин тілі туралы заңы» бар. Әзербайжанда да солай. Балтық елдері туралы айтпай-ақ қояйық. Ал бізде мемлекеттік тіл туралы заң бар ма? Осындай заңды қабылдайтын уақыт жетті емес пе?! Бізде ұлттану, қазақтану үдерісі күшті. Осыны түсіну керек. Егер қазақ тілін модернизациялаймыз десек, бұл үдерістерді ескере отырып, бірінші ұлттық әліпби жасауымыз керек. Кирил қарпі негізіндегі әліпби – ұлттық емес. Өйткені сіз ол әліпбимен шеттен енген сөздерді қазақ тілінің заңдылығы бойынша таңбалай алмайсыз, сөздердің біраз бөлігін орыс тілінің заңдылығымен жазасыз. Ал латынға көшсек 32 әріппен, қанша жерден қалап тұрсаңыз да, орыстың сөзін орысша жаза алмайсыз. Сөз бәрібір орыс тұрқынан өзгеріп кетеді.

Тілді модернизациялау дегенде не істеу керек? Қазіргі тенденцияларды ескере отырып, дұрыс тіл саясатын құру керек. Ұлттық және ағылшын тілі күшейетін болса, онда бізде ағылшын тілінде сөйлейтін қазақтар көбейеді. Ендігі жерде ағылшын сөзін қазақ мәтінінде өзгертпей жазуды талап ететіндер шығу қаупі зор. міне, осы проблемаға профилактикалық шараларды әзірден бастау керек.

- Құлағымыз үйренген Гарри Поттердің қазақшаға «Хәрри» деп аударылуы осыдан дегеніңіз ғой...

- Әлбетте. Яғни ағылшын тілінен енген сөздерді ұлттық тілде игерудің тетіктерін латынграфикалы әліпби ережелерін әзірлеген кезде жасап қоюымыз керек. Ол үшін ғылыми зерттеулер жүргізілуі тиіс. Бұл ретте бір қиын проблема бар. Ол тілдің өзіне қатысты емес. Біздің тілде гәп жоқ. Қазақ тілінің ешнәрсесін өзгертіп, реттеудің қажеті жоқ. Оның тек сыртын – орфографиялық ережелерін, әліпбиін реттеу керек. Қазақ тілі бай, сіздің кез келген дітіңізді орындатуға оның құдіреті жетеді, мөлдіреп тұр. Мәселе – оны қолданатын сөйлеушінің сол тілді білмеуінде, пайдаланбауында жатыр. Бұл проблеманы қазір тек заңдармен реттеу керек. Егер заңмен қолданысты талап етсең, регламенттесең – онда білмейтіндер тілді пайдаланып, оның бай ресурсынан өзіне керегін іздей бастайды. Артынша тіл ресурстарын көрсететін алуан түрлі құралдарға сұраныс өседі. Мысалы, қазақ тілінің ережелерін насихаттайтын қалың жұртшылыққа арналған еңбекке сұраныс артады. Яғни тіл тұтынушысының қазақ тілі туралы білімі тереңдейді. Қазақ тілінің жарнамасы күшейеді.

- «Қазақ тілінің күні туады» деп өз-өзімізді жұбатқанымызбен, күнделікті өмірде – көшеде, базарда, мектеп пен балабақшада керісінше қазақ тілінің аясы тарылып бара жатқандай сезілетіні қалай? Мәселен, өзіме айналада бәрі қайтадан өзге тілде сөйлеуге ден қойып бара жатқандай көрінеді.

- Орыс тілінің рөлі күшейіп бара жатыр деген сөзіңіз – негізсіз нәрсе емес. Оны тек сіз айтып жатқан жоқсыз. Барлық деңгейдегі сарапшылар да осыны айтады. Мықты сауалнама, әлеуметтік зерттеу жүргізген ғалымдар да осылай дейді. Осындай жағдайда тілдік жағдайды реттеудің мемлекеттік құралдары іске қосылуы керек. Тіліміз заңнамалық қолдауға зәру. Тіл заңнамасындағы либерализмнен инструментализмге көшу керек. Біз ұлттық тілімізді барынша қорғап қалу кезеңінде тұрмыз.

Мысалы, Германияда ХVIIІ ғасырда неміс тілі мақұрым қап, бүкіл ғылым, әдебиет француз тілінде жазылған. Француз ағартушысы Вольтердің 1750 жылы Потсдам деген немістің қаласына келіп, «мұнда бәрі француз тілінде, ал неміс тілінде жалшылар мен жылқыларға ғана сөйлейді екен» деген сөзі бар. Одан кейінгі неміс тілінің қалай өркендегенін тарихтан білеміз. Осы мәселенің шешімін іздеген неміс тілтанушылары тілді ұлттық рухпен байланысты зерттеулерін күшейтті, бір Гумбольдтың аты неге тұрады?! Неміс лингвистикасын әлемдік деңгейге шығарды. Ғылыми базаны күшейтіп, «неміс тілі - Еуропадағы ең ұлы тіл» деген насихатты арттырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін неміс тілі тағы тоқырауға ұшырайды. Оның себебі тағы да рухтың түсіп кетуімен байланысты екенін білесіздер: немістер өздерінің неміс болғанына ұялып, тілдеріне ағылшын сөздерін енгізе бастайды. Сөйтіп, неміс тілі ағылшын тілінің ықпалына қатты шалдығады. Бірақ өткен ғасырдың сексенінші жылдары ондағы Үкімет ұлттық тілді қолдау саясатын мықтап қолға алды. Бұл бір ғана неміс тілінің тілдік жағдаятына қатысты мысал. Француз, испан тілдерін дамыту бойынша жүргізілген тіл саясатында да осындай мысалдар көп. Айтайын дегеніміз – тіл рухқа байлаулы және өз тілін қолдайтын ел әрқашан рухын асқақтататын шараларды қолға алады деген ой. Озық елдер Тілді қорғаудың, дамытудың мемлекеттік, керек десеңіз халықаралық шараларына да қаражатты аямайды.

Осы елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ тілінің жағдайын қалай жақсартуға болады? Ең алдымен, мемлекеттік тілдің нормативтік базасын күшейту керек. Мемлекеттік тіл туралы заңға осы жақын арада қол жеткізе алмайтын болсақ, ең болмағанда мемлекеттік тілдегі институционалды коммуникацияны жолға қою керек, «сенің Қазақ елінде мықты маман болуыңның бір шарты – ол мемлекеттік тілді білуің» деген месседжді таратқан, орнықтырған жөн. Бұдан мемлекет те, маман да пайда ғана көреді. Дәрігердің пациенттері көбейеді, бизнестің тұтынушысы, оның тауар немесе қызметке деген сенімі, саясаткердің электоратының саны мен сенімі де артады, өйткені Қазақстанда қазақтілділер мен қазақ тілінде коммуникация жасауды талап ететіндер жыл санап артпаса кемімейтіні анық. Сондықтан мемлекеттік тіл саясаты тек Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты шаралар желісі ғана емес, бұл барлық мемлекеттік органдар үзбей атсалысатын, кешенді шаралар жүйесі болу керек.

Лингвистикадағы лингвоэкономика деген саланың ғалымдары бір қызық құбылысты байқапты. Экономика мен тілдің арасында тікелей байланыс болады екен. Яғни, егер экономика ұлттық тілде жасалса, елдің ісі ілгері басады. Сөйткен экономика ұлттық тілді де күшейтеді. Ал дамыған ұлттық тіл қайтадан экономиканың ілгерілеуіне әсер етеді. Лингвоэкономист ғалымдар қоғам мүшелерінің қай тілді таңдаған кезде капиталы артатынын зерттепті. Бұл тұрғыдан келгенде «әрине, ағылшын немесе қытай тілін білетін адамның капиталы көп болады, себебі нарық үлкен» деп болжаған. Сөйтсе, олай болмай шығады. Басымдық – жергілікті тілде екен. Мысалы, бір қызығы, АҚШ-та америкалықтардың ағылшын тілін жетік білетіндерінің капиталына қарағанда испан тілін білетіндердің капиталы көп болып шыққан. Неліктен? Себебі АҚШ-та испантілді иммигранттардың саны көп. Біздің жағдай да солай екеніне күмән жоқ – қазақ тілін білсең, ол сенің дивидендің, байлығың.

- Қоғамда қазақ тілінің ахуалына қатысты кейде айғай-шу да көтеріліп жатады. Бұған не айтар едіңіз?

- Еуропа елдерінде өз тілін ағылшын тілінің экспансиясынан қорғау қозғалыстың бәрі осындай эмоциядан басталған. Бұл мәселеге «жай нәрсе» деп қарауға болмайды. Қарапайым халықты «пафоссыз» ана тілін сүюді үйрете алмайсың. Мысалы, мен орыстілді адаммын делік. Астымда көлігім, кең сарай үйім, табысты бизнесім бар, балаларым шетелде оқиды делік. Қазіргі заманда қазақ тілінсіз-ақ байлық иесі болып отырмын. Сен сонда маған өз тіліңді үйрен дегенді қалай насихаттайсың? Тек пафоспен жеткізе алуың мүмкін. Ал ғылыми түрде оның негіздемесі бар, білсеңіз. Бірақ ғылыми негіздемені қарапайым адам қайдан түсінеді. Сондықтан «ұраншыл» деп ана тілінің жыртысын жыртқандарды айыптауға болмайды, олардың ұраны дұрыс, себебі олар ана тілін қастерлеуге шақырады.

Сонымен, ана тілінің ғылыми негіздемесі туралы айтайық. Ана тілі тілтанымдық ерекше категория, ол тек сіздің дітіңізді орындататын коммуникативтік құрал емес, болмысыңызға өріліп, тігіліп кеткен, санаңыз бен ойлау жүйеңізді көрсететін рухани тін. Гумбольдтан бастап, қанша ғалым дәлелдеп кеткен. ХХ ғасырдың ортасында неогумбольдшылдар деген үлкен лингвистикалық мектеп қалыптасқан. Соның негізін қалаушы Вайсгербер «біз өз тағдырымызбен өмір сүріп жатырмыз деп ойлаймыз. Шын мәнінде адам баласы ана тілінің тағдыры қайда апарады – сол жаққа барады, тіл деген энерге´я» дейді. Сіз қазір осында ақсақал кіріп келсе, орныңыздан тұрып, амандасып, төрден орын бересіз. Төрдің төр, оның қасиетті екенін, жасы үлкен кісі құрметті екенін –тіл «төр» және «ақсақал» сөзі арқылы үйретті. Басқа тілде «ақсақал», «төр» деген сөз жоқ. Сондықтан, тіл сізге қалай өмір сүру керектігін де үйретеді. Не нәрсенің сұлу, не нәрсенің сүйкімді екенін де сізге тіл үйретті. Мысалы, ботагөз сөзін орысшаға «верблюжий глаз» деп аударып көріңіз. Сол секілді орыс үшін оң мағынадағы «зеленоглазая» -«жасыл көзді» сөзін қазақтар сұлулық символы деп қабылдай алмайды. Яғни ана тілі сол тілдегі қауымдастықты бір тағдырмен өз жолымен апара жатыр. Ал содан айырылып қалған адам жатырынан шығып қалған шарана сияқты. Оны апарып басқа тілдің жатырына салсаңыз, ол бәрібір бөгде зат секілді болып тұрады. Демек оның тағдыры ана тілінің тағдырынан ажырайды. Сондықтан ана тілім деп шырылдап жүрген қазақтарды жек көруге болмайды. Германияда да, Францияда да осылай болған. Алдымен ұрандар, ұраншылдар тіл саясатын өзгертуге түрткі болған. Ақыры ол елдерде бұл мәселенің конструктивті шешімдері табылған. Сондықтан тіл проблемасының пафосты түрде көтерілуі, кейін талап қойылып, заң қабылдануы, тілге өзгеріс еніп, мәселенің шешілуі – заңды құбылыс.

Біреудің әкесінің мінезі жаман, шешесі ауру болуы мүмкін. Сондай кезде біздің ел «ол өзіңнің әкең немесе шешең, қадірле, аяла» дейді. Ешкім саған жақсы әкесін әкеліп бермейді дейді. Сол сияқты біздің тілімізді бізге басқа біреу келіп, тағына қондырып бермейді. Осыны түсіну керек. Бұл – біздің тіліміз. Егер қазақ тілінің кеңістігі тарылып жатса, оған өзіміз ғана кінәліміз. Профессор Нұргелді Уәлиев «эскимос тілінің жойылып кетуіне кім кінәлі?» деп бізден сұрағаны бар. Біз «отарлаушылар» деп шуластық. Сонда ол кісі «жоқ, тілінің жойылып кетуіне олардың өздері кінәлі» деп жауап берген. Сөз таластыруға келмейтін тұжырым.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!