Тіл білімінің абызы ақтық сапарға аттанды

Тіл білімінің абызы ақтық сапарға аттанды

Саналы ғұмырын ана тілін ардақтауға арнаған қайраткер 1936 жылы 5 сәуірде қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факуль­тетін бітірген. Тіл білімі инс­титутын­да ұзақ жыл еңбек еткен. Осы инс­титуттағы Терминологиялық орталықты басқарған.

«Терминология мен аударма теориясы» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүрген тұста Өмірзақ Айтбайұлының басшы­лығы­мен бірқатар ұжымдық кітаптар («Қазақ терминологиясының мәселелері». «Ғылым», Алматы, 1981; «Термин және олардың аудармалары». «Ғылым», Алматы, 1990, 12 б.т.) баспадан жарық көрді.

Академик Өмірзақ Айтбайұлы – 550-ден астам ғылыми еңбектің, 21 кітап пен монографияның авторы. «Қазақ терминологиясының жасалу көздері», «Қазақ әдеби терминологиялық лексикасының дамуы», «Мемлекеттік тілде ғылыми терминологияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері», «Терминологиялық сөздіктер, әдістемелік құралдар жасау», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аударма­лары» сынды күрделі ғылыми тақырыптарға жетекшілік етті. Оның сазгерлігін танытатын «Жар сәлемі», «Жас ойшыл», «Ана тілі», «Тіл өнері дертпен тең», «Ақ қоян», «Өренім» көптеген әні жұртшылыққа мәлім.

Өмірзақ Айтбайұлы 2004 жылдан бастап халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік етті. «Тіл туралы» заңның орындалуына белсене атсалысты.