Жастардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн – Қ.Тоқаев

Жастардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн – Қ.Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ұлы ойшыл қара сөздерінің бірінде дәріптеген тіл үйренудің игілігіне тоқтала келе, ана тілдің мәртебесін арттыру керектігін алға тартады.

«Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор» делінген Президент мақаласында.

Қ. Тоқаев жас ұрпақ өзге тілді жетік меңгеріп, өз тілін құрметтесе ұлт игілігінің артатынына сенім білдірді.

«Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз» деп жазды Президент.

Сондай-ақ мақалада тіл үйренумен қатар, жаһандану заманында сананың ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылған.

«Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет» деген жолдар Мемлекет басшысының мақаласында кездеседі.