Тіл және жаһандану

Тіл және жаһандану

Жалпы, жаһанданудың оның ішінде, тілдік жаһанданудың мәні бір ғана тілге тіреліп тұрған жоқ, олай болса мәселе оңайырақ болар еді. Мәселе – өзге тілдің үстемдігінде емес, дү­ниеге өзгелердің көзқарасымен қа­рауда. Ширатыңқырап айтсақ, мәсе­ленің мәні – қоғамға, тұрмысқа, болып жатқан дүние жаңалықтарына өзгелердің ойымен, пайымымен, да­йын қорытындыларымен қарау. Оған бұл құбылыстың рухани қарсылық пен күреске бой алдырмайтын осындай қуаты мен күші, әлемді жайлайтын жылдамдығы мен қарқыны – оның ком­мерциялық сипаты, бизнестік мазмұны айрықша ықпал етіп тұр.

Нарық жайлаған заманда, рухани құн­дылық­тар емес, экономикалық тиімділік басты орынға шыққан кезеңде жаһандану құрлықтардан да, шекаралардан да аттап, ешкімге де, ешнәрсеге де бой алдырмай, ба­ғынбай тұр. Бұл жаһанданудың болатын, бо­луға тиісті, ешқандай мемлекет жалтарып кете алмайтын объективті даму себебі. Сондай-ақ жаһанданудың қорғануға болатын, соған орай, алдын ала қам жасайтын субъективті өрістеу себебі де бар. Ол жаһанданудың мә­дени, тілдік ықпалы. Біз бұл ғаламдық құбы­лыстың осындай ықпалынан қорғана аламыз. Әлбетте, оған мемлекеттік деңгейде де, аза­маттардың өздері де мүдделілікпен ынта танытса.

Әрине жаһанданудың экономикалық ықпа­лынан шыға алмаймыз, бұл түсінікті, дәлел­денген жайт. Біз экономикалық қатынас­тар арқылы, елімізге, үйімізге, төрімізге шық­қан ғаламдық жаһандануға мәдениетімізге берік, тілімізге мықты болу арқылы ғана қар­сылық білдіре алмақпыз. Қазіргі кезде ұлт­тық мәдениетіміздің, мемлекеттік тілі­міз­дің жағдайы жөнінде әңгіме еткенде, осы құндылықтарымызға жаһанданудың қандай әсері болмақ, осы тұрғыдан ойласқанымыз жөн болмақ. Ал қазіргі кезде біз сыртқы әсер болып табылатын жаһанданудың толқынына қарсылық білдірмек тұрмақ, өз ішімізге мәдениетіміздің мәйегін, тіліміздің мәртебесін сіңіре алмай жүрміз. Осыны алдымен өзіміздің ағайын ойланғаны, сөйтіп мәдениетімді қа­лай сақтаймын, тілімнің көсегесін қайтсем көгертем деп тыным таппағаны жөн болар еді. Дүние бизнес алаңына, қарым-қатынас, серіктестік, ынтымақтастық коммерциялық мүд­деге құрылатын заманда жаһанданудың ықпалы біздің елге де әжептеуір тимек. Бұдан шет қала алмайтынымыз да белгілі. Сондықтан бізді не сақтайды дегенде, ең алдымен, ойы­мызға, әлбетте, тіліміз бен мәдениетіміз түседі. Мәдениеттің ұлттарды теңестіретін құ­рал екендігін осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын жақсы ұғынған Ахмет Байтұрсынұлы: «Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдай анық, күндей жарық ақиқат... Мәдениет жігін жоғалтпай, өз жігін жоғалту оңай емес», деп жазған екен. Алаш көсемі айтқан осы ой әлі де өз күшінде, тіпті мына жаһандану заманында оның көкейкестілігі артпаса, кемімей тұр. Қазіргі Қазақстанның жағдайы ХХ ғасыр басындағы Ахаңдар өмір сүрген кезеңнен әлдеқайда білімі жағынан болсын, мәдениеті жағынан болсын, саяси жағынан болсын кемел дәуір емес пе?! Сондықтан дүниенің мә­дени бәйгесінен қалмау үшін біз ең алдымен өзіміздің мәдениетімізді, сол мәдениеттің негізі тілімізді бүгінгі жиі қолданатын тіркеспен айтсақ, бәсекеге қабілетті болуын қамдауымыз қажет. Әлбетте, әлемнің дидарын танып, сырттап қалмауға бүгінгі кең таралған тілдерді де, мәдениетті де білгеніміз, игергеніміз жөн. Десек те, өзгелерді ұғыну өзіңді ұмыту емес. Сол себепті Алаштың ақылманы, қазақ ғы­лымының негізін салушының ескертуін ұмытпай, ұлттық мәдениетіміздің өзгелермен тең боларын ойлағанымыз абзал, сөйтсек қана нағыз елдігіміз байқалмақ, өзгелер бізді танымақ, құрметтемек.

Жаһанданудың өзі әлемдік экономикалық жүйенің қалыптасып, оған барлық елдердің тартылуында. Бұл қазіргі әлемнің бұлжымас қағидасына айналғаны соншалық, осы жүйеден тыс қалған мемлекеттер даму даңғылына түсе алмай, экономикалық, әлеуметтік жағынан артта қалған жұрттардың санын толтыруда. Сондықтан да әлемдік экономикалық дамудан қалай тыс қалғымыз келмесе, жаһан­данудан да тыс бола алмаймыз. Біз сол се­бепті де жаһанданудың өзімен емес, өзі­міздің ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін қандастарымыздың қазақтық рухани иммунитетін қалыптастыру, күшейту үшін бүгінгіден де әрі ауқымды, әрі бағдарлы нә­ти­жесі боларлық жұмыстарды жүзеге асы­р­ғанымыз жөн. Бұл ретте ең алдымен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне аса маңызды мән беру қажет. Ұрпақ тәрбиесінің көрігі де, бесігі де балабақша мен мектеп. Сондықтан барлық қазақ балаларының, өзге де этностар балаларының қазақ тілінде тәрбие алуын, оқуын қамтамасыз етерліктей арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны абзал. Сонда ғана мектеп бітірушілердің барлығы мемлекеттік тілді меңгеріп, елімізде нағыз қазақтілді орта қалыптасатын болады.

Біздің ойымызша, жаһандану да отар­шылдықтың бүгінгі заманда дамыған бір түрі екендігін біз толық сезіне алмай жүрген сияқтымыз. Кезінде саяси отаршылдық ұлт­шылдықты тудырғаны мәлім, бүгін сырттан келіп жатқан әсерлерге мемлекетшілдік сана қажет. Қазіргі кезеңде бізді елшіл, отан­шыл ететін осы жаһандануға деген ру­хани қарсылық болса керек. Өйткені жаһан­данудың шынайы сипаты, ақиқат бейнесі ол мәдени-рухани отаршылдық. Мұндай отаршылдық та, әлбетте, өзінің болмысы мен бағытына сәйкес қарсылық тудырады. Біздің ойымызша, оған қарсы тұрарлық құбы­лыстың аты – мемлекетшілдік. ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары ел болу идеясын көтеріп, елшілдік жөнінде айтса, қазіргі кезде қалыптасқан осы мазмұндағы «мемлекеттік сана», «мемлекетшілдік» ұғымдарын жиі қолданып жүрміз. Қазақ елінің «Қазақстан Республикасы» атты тәуелсіз мемлекет болуы – осы мемлекетті нығайтатын ресми және бейресми шараларды қалыптастырып отыр. Ел Конституциясында бекітілген мемлекеттіліктің мазмұны мен құрылымы, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты осы мемлекеттілік идея­сын қалыптастыруға, тұғырлауға арналса, осы жылдар ішіндегі зиялы қауымның кө­теріп жүрген дін, діл, тіл, дәстүр, мәдениет мәсе­лелері де мемлекеттік сананы нығайтуға бағытталған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан басталып бүгінгі күнге дейін бұл салада айтылып келе жатқан мәселенің бірі – ұлттық сана қалыптастыру мәселесі. Ұзақ уақыт отар болған Қазақстан үшін ұлттық сана қалыптастыру, әлбетте, аса көкейкесті мәселе. Ресей отаршылдық саясатының, одан беріде коммунистік диктатураның асыл дінімізді, рухани мәдениетімізді, тілімізді ұмыттыруға бағытталған зорлықшыл, саяси әрекеттері ұлт­тық санамыздың кенжелеп қалуына ықпал еткені баршамызға мәлім. Мемлекетке атау берген, осы елдің байырғы әрі саны жағынан басым халқының ұлттық санасын қалыптастыру, кей­біреулер айтып жүргендей, қазақ халқының ғана емес, жалпы мемлекеттің мүддесі үшін аса қажет. Осы жерде сан ғасырлар бұрын мемлекет құрып, одан беріде ел мен жерді қорғаған, отаршылдық заманында да жердің тұтастығын, елдің жоғалып кетпеуі үшін күрескен халық құрмет пен түсіністікке лайық болса керек.

Жаһандану қазанында өзіміздің ұлттық болмысымызды, мемлекеттік келбетімізді сақтап қалу үшін, қазақ та, басқа этностар да қазақ тілі мен мәдениетінің маңайына шоғы­рлануы керек. Біз қазіргі заманның нақты болмысын сараласақ, өзге ұлттың да, тілдің де, мәде­ниет­тің де төңірегіне топтасуымыз мүмкін емес, егер олай мүмкін дейтін отандастарымыз болса, олар не бүгінгі күннің шындығынан бейхабар, не өз мемлекетінің мықты болуына мүдделі еместер. Бізді «Қазақстан Республикасы» деген мемлекет біріктіреді екен, ендеше осы мемлекеттің бағзы тарихынан бастап бүгінге дейінгі осы жерді сақтап келген мұраттар жолында тұтасуымыз қажет, біздің білім алуымыз, жұмыс істеуіміз, мақсаттарға жетуіміз үшін еліміздің ішкі бірлігі, сыртқы қауіпсіздігі қай-қайсысымызға да қажет. Ал осы ортамыздың амандығына кепілдік бере­тін мемлекет, оны ұмытпағанымыз жөн. Егер бір мемлекет азаматтарының әрқайсысы қа­лаған тілінде сөйлеп, басқа мемлекеттің мәде­ниетіне еліктей берсе, әлбетте, елдік санаға да, мемлекеттік мүддеге де салқыны тиеді. Сон­дықтан бүгін «өркениетті» деп еліктеп жүр­ген мемлекеттердің қай-қайсысы да мұны терең түсінгендіктен мемлекетқұраушы ұлттың тіліне, мәдениетіне, қажет десеңіз дініне де өзге этностарды енгізеді. Бүгінгі Қытай, Франция, Испания, Германия, Италия арғы тарихына емес, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы тарихына көз салсақ, қаншама этностарды негізгі ұлттың ді­ліне бейімдеді. Әлемде мұндай үдерістер қазір үдемесе, баяуламауда. Осы бағыт, осы үдеріс өрістей бермек.

Философияның заңы бойынша екі бір­дей нәрсе, құбылыс болмайтын сияқты, бір тұлғаның екі тілді дәл бірдей білуі де мүм­кін емес. Екі немесе одан да көп тіл білетін кез келген адам үшін, әйтеуір, бір тіл үстем бо­лады. Табиғи жағынан алғанда, әдетте, адам үшін өзінің ана тілі басым болуы керек, бұл жара­тылыс қағидасы. Ал қазіргі ғаламдық шын­дыққа қарасақ, онда ана тілдерінің емес, мем­лекеттік тілдің немесе бәсекеге қабі­леті жоғары тілдердің басымдығын айқын аң­ғарамыз. Айталық, әлемде мыңдаған тілдер бар десек, онда олардың тоқсаннан астамы ғана мемлекеттік немесе ресми мәртебеге ие. Яғни, ана тілдерінің көпшілігі әлгіндей мәртебеден шет қалғандықтан олардың ба­сым көпшілігі қоғамдық қатынастарда қолданылмайды. Сондықтан ол тілдерде білім берілмейді, бұқа­ралық ақпарат құралдары жарияланбайды, кітаптар шықпайды. Мәселен, қазіргі кезде Еуропада 230 тіл, Америкада 1013, Афри­када 2058, Азияда 2197 тіл бар екен. Олардың басым көпшілігі белсенді түрде қол­данылмағандықтан бірте-бірте жойылып барады. Ал ол ұлттың өкілдері сол мемлекеттің ресми тілдерінде сөйлейді, білім алады, жұмыс істейді. Тіпті өзінің ана тілін білетіндердің өзі басым тілге бейім тұратыны ақиқат. Ана тілін­де емес, тіпті мемлекеттік тілде емес, өзге тілде сөйлеуге бейім тұру қазіргі Қазақстанның тілдік келбетін аңғартады.

Жаһандану кезінде әлемдік тілдердің ық­палы артады, терминология халықаралық маз­мұнға ие болады, басым тілдерде жасалған сөз тіркестері, шаблондар ұлттық тілдерге енеді және олар белсендірек қолданылады. Осындай болуға тиісті тілдік-мәдени үдерістер барлық тіл­дерге тән. Мемлекеттік, ресми тіл ретінде әбден қалыптасқан тілдер, ұлт өкілдерінің баршасы күнделікті сөйлейтін, жұмыс барысында қолданатын тілдер осы үдеріске төтеп беруге дайын әрі әлеуетті.

Тіл ойдың жемісі екендігі әлімсақтан бел­гілі. Қай тілде ойласаң, сол тілде сөйлейсің. Сол себепті, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – ұлттың әлемді, дүниені тану моделі. Сон­­дықтан француз философы Эмиль Сьоран: «Адам мемлекетте емес, тілде өмір сүреді», депті. Шынында да адам қай елде өмір сүрсе де, әйтеуір, бір тілдің өкілі. Бәлкім, оның тілі мен ұлты екі бөлек болуы да әбден мүмкін. Тіл – ұлт мәдениетінің діңгегі де, өзегі де. Мәде­ниет тілде көрінеді, тілде өмір сүреді. Қай тіл­де сөйлесең, сол ұлттың өкілісің, өйткені сол мәде­­ниеттің ауқымында тіршілік етесің, сенің руха­­ни дүниеңде сол мәдениет алғашқы орында тұ­рады, сол мәдениеттің құндылықтарын бойы­ңа сіңіргенсің, ол жаныңа да, жүрегіңе де жақын.

Тіл ұлт мәдениетінің бөлігі ғана емес, сол ұлт­тың барша мәдениетінің қуаты. Сол мә­де­ниет­тің баяны да, безбені де. Қандай мәдениет бол­масын қатынас құралы ретінде де, ұлттың бар­ша болмысы көрінген келбеті ретінде де тіл ар­қы­лы жасалған, тілі арқылы да өмір сүреді, сол арқылы ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заман­ға жетіп ұлттық тұтастықты сақтайды. Мәде­ниет ұлт өмір сүруінің ғасырлар бойы жинақ­тал­ған амалдары мен тәсілдерінің мейлін­ше сұ­рып­талған тәжірибесінің ең жарқын қазынасы.

Мәдениет ұлттың болмысы ғана емес, сол ұлттың сан ұрпағы жасаған, жетілдірілген, тұтынған сол халықты сақтаған және сақтай беретін ұлы қорғаны. Бүгінгі күнге дейін дербес халық болып жету, дінін, тілін сақтап қалу, өмірдің барлық саласын қамтыған, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас мәдениет қалыптастыру, сол мәдениет аясында әрі қолданбалы, әрі рухани бай қазына арқылы ортамен ымырашылдықта өмір сүру, осы алып территорияны иемденіп, оны ерлік пен бірліктің арқасында сақтап қалу, намысы мен абыройы үшін күресе білу, енді бүгін тәуелсіз мемлекет құрып әлемдік қауымдастыққа еніп жатса, соның бәрі ұлттың үлкен әлеуетінде. Осындай қуатты әлеуеті бар қазақ елінде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде, қазақ­стандықтардың ортақ қатынас құралы ретінде өз қызметін толық атқаруға байлығы да, күші де жетеді. Оны отандастарымыздың баршасы сезінсе, түсінсе жаһандану дәуірінде барлық құндылықтарымызды өз деңгейінде сақтай да аламыз, жетілдіре де аламыз.