Оралхан Бөкейдің әдеби залы ашылды

Оралхан Бөкейдің әдеби залы ашылды

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапханада қаламгер атындағы әдеби зал ашылды. Мұнда Алтай­дың кербұғысы атанған жазушының барлық шығармалары, фотосу­реттері, керек десеңіз, ең алғашқы жазған өлеңі, тұңғыш мақаласының, жазған хаттарының көшірмелері де қойылыпты.

Қара сөздің хас шеберінің былтыр Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген кітабының бір данасы да залдың төрінен орын алыпты. Әдеби залдың ашылу салтанатында қонақтарға кітапхана сайтындағы «Оралхан Бөкей әлемі» парақшасы таныстырылды. Кітапхана директоры Хабиба Ақжігітованың айтуынша, Оралхан Бөкейге қа­тыс­ты барлық мәліметтерді, жазу­шының кітаптарын, айтқан сөздерін, жазған күнделіктерін, қаламгер жайындағы естеліктерді, мақалаларды, фильм­дерді, ғылыми жұмыстарды осы парақшадан көруге болады.

«Жазушының әлемнің өзге тілдеріне аударылған шығарма­ларын да сайттан таба аласыздар. Әдеби залға, жаңадан ашылған сайттағы парақшаға материалдар небәрі 3 айдың ішінде жиналды. Мұны әлі де толықтыратын боламыз. Алдағы уақытта жазушы атындағы әдеби залда әртүрлі кез­десулер, шығармашылық кештер және тағы басқа да шаралар ұйымдастырамыз. Ай сайын осы жерде Оралхан Бөкейдің бір шығармасын талқылап отыру жоспарымызда бар. Сөздің орайы келгенде әдеби залды керек-жарақтармен жабдықтауға көмек­тескен кәсіпкер Ғани Шаймар­дановқа, «Казцинк» және «Ореол LTD» кәсіпорындарына алғы­сымды жеткізгім келеді», дейді ол.

Әдеби залдың ашылуына ша­һардағы зиялы қауым өкілдерімен бірге жазушының қарындасы Ға­лия Бөкейқызы мен Өскемен қала­сының әкімі Жақсылық Омар қа­ты­сып, Оралхан Бөкейдің әдеби залының ашылуы шаһардың мәдени өміріндегі айтулы жаңалық екендігін атап өтті. Ғалия Бөкейқызы сөз арасында қазіргі уақытта қараусыз тұрған Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылындағы Оралхан Бөкейдің музейі алдағы уақытта назардан тыс қалмайтынын, осы орайда «Оралхан Бөкей үйі» ат­ты халықаралық қор құрылып жатқанын жеткізді.