Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік әдістері көрсетілді

Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік әдістері көрсетілді

​2019 жылы 21 қараша күні​ ​ Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен "Мемлекеттік тілді меңгертудің үздік тәжірибелері" атты республикалық семинар-тренинг өтті.

Семинар жұмысына Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Көкенова Айнагүл Қожаназарқызы, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар, Орталық бас директорының кеңесшісі,тіл жанашыры Асанғазы Оразкүл Асанғазықызы,Орталық директорының орынбасары Есбосынова Лиза Қожаққызы, Ақтөбе облысының Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Төлебаева Гүлайым Телманқызы, Ақтобе облысы Тілдерді оқыту орталығының директоры Серғазина Клара Хакімғалиқызы және әдіскер ғалымдар, тіл мамандары, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының мамандары қатысты.

Семинардың мақсаты – мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру мақсатында шет тілдерді оқытудың үздік әдіс-тәсілдерінің тиімділігін анықтау және тілдерді оқытудың озық тәжірибелерімен алмасу, заманауи мультимедиялық технологияларды қолданудың әдіс-тәсілдерін таныстыру болды.

Семинар-тренингте «EDTECH» халықаралық білім орталығының Бас директоры, философия докторы (Ph.D) Ғани Бейсенбаев "Тіл оқытуда психологияның тиімділігі" тақырыбында тренинг өткізіп, тілді меңгертуде адамның психологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, тіл үйренудегі тиімді және нәтижелі әдістерімен бөлісті. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шет тілдерінің теориясы мен тәжірибесі кафедрасының философия докторы (Ph.D) Ляззат Бейсенбаева мемлекеттік тілді халықаралық тәжірибеге сүйене отырып эклектикалық, вербалды тәсілдер арқылы, ситуациялық тілді оқыту, қоғамдық қатынас ішінде оқыту, үнсіз жолмен оқыту сияқты заманауи әдіс-тәсілдері арқылы үйретудің оңтайлы әрі тиімді жолдарын көрсетті. "Тұран-Астана" университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық және тілдер кафедрасының аға оқытушысы, білім магистрі Айжан Қапанова.

Бірнеше парасаттылық (multiple intelligence) теориясының тіл үйрену барысында пайдаланудың тиімділігін көрсететін тәжірибелерімен бөлісті. Ақтөбе қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айнагүл Уразалина тіл оқытуда өз бетімен жаңалық ашуға және ізденуге негізделген оқытудың көптеген элементтерін қамтитын тілге терең бойлау әдіс-тәсілдерімен таныстырса, Ақтөбе облысының Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлсайран Төлегенова қазақ тілін оқытуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың тиімді жолдарын көрсетті.Қарағанды облысы Ресурстық тіл орталығының оқытушысы Фариза Боранғазы мемлекеттік тілді оқытудағы Қарағанды облысы Ресурстық тіл орталығының тәжірибесімен бөліссе, Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлім басшысы Әсел Бахытова Орталық жұмысын сандық жүйеге көшірудегі Қызылорда облысының тәжірибесін таныстырды.

Шара барысында ұсынылған озық технологиялар мен жаңашыл әдістер,шет тілдерін оқытудың үздік әдіс-тәсілдері, шет тілінің мамандарымен өзара тәжірибе алмасу жұмыстары қазақ тілі оқытушыларының әдістемелік біліктерінің шыңдалуына мүмкіндік берді.

Шара соңында семинар қатысушыларына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің алғысхаттары мен сертификаттары табысталды.