Заң терминологиясын жетілдіруге арналған семинар өтті

Заң терминологиясын жетілдіруге арналған семинар өтті

2019 жылғы 22 қараша Нұр-Сұлтан қаласы. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Заң терминологиясын жетілдіру мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинарын өткізді.

Әдістемелік семинардың өзектілігі заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес мемлекеттік тілде сауатты жазылуы, заң терминдерін жүйелеу, заңнамалық құжаттарды қазақ тілінің жазу нормаларына сәйкес ретке келтіру бойынша қордаланған проблемаларды талқылауға негізделген.


Заңнамалық құжаттардың қоғам сұранысына сәйкес мемлекеттік тілде сауатты даярлану мәселелерін талқылап, оны шешудің жолдарын беруді көздейтін әдістемелік семинарда заңнама тілінің аударма тіл деңгейінен аса алмау себептері мен одан шығатын салдар баса көрсетілді.

Заң нормаларын, қағидалары мен ережелерін ұлттық тілдің аясында қарастыру мүмкіндігі оқылған баяндамалар мен сөйленген сөздердің басты тақырыбына айналды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ғалым-терминолог, профессор Ш.Құрманбайұлы, Бас Прокурордың аға көмекшісі – Мемлекеттік тіл тобының жетекшісі Ернұр Уәли заң салаларындағы терминдерді толықтыру және оларды біріздендіру мәселелері бойынша құнды пікірлерін ортаға салды.

Мәжіліс депутаты А.Смағұлов заң жобаларының терминологиялық бірізділігін қамтамасыз ету проблемаларына қатысты өз ұсыныстарын білдіре келіп, мемлекеттік органдар дайындаған халықаралық шарттың, заң жобасының мемлекеттік тілде сапалы дайындалуын олардың қызмет тиімділігін бағалау рейтингіне нысаналы индикатор ретінде енгізсе дұрыс болар еді деген ой тастады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлы нормативтік құқықтық актілер жобаларының орыс тілінде әзірленуі, Парламентке келіп түскенше осы жобалардың орыс тіліндегі мәтіні ғана пысықталып, ал қазақ тіліндегі аударма нұсқасының назардан тыс қалуы, жалпы алғанда ұлттық заңнама тілінің, оның терминологиясының орыс тіліндегі нұсқаға байланып қалуы ұлттық заңнаманың тілі мен терминдеріндегі бірізділіктің сақталмауына себеп болып отырғанын баса көрсетті.

Іс-шараға заң саласының жетекші мамандары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Әдістемелік семинардың қорытындысы бойынша мемлекеттің тіл саясатын одан әрі жетілдіруге бағытталған қарар қабылданды.