Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Атырау облысында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізілуде. Атырау облысы әкімдігінің 2017 жылғы 14 наурыздағы №42 қаулысымен, кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 2 шілдесіндегі №401 қаулысымен мемлекеттік бағдарлама қайта бекітіліп, 2019 жылы облыс әкімдігінің №38 қаулысымен бекітілген 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары орындалуда.

Бағдарламаны орындау мақсатында қабылданған іс-шаралар жоспарында берілген 43 тапсырманың 20-сы жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Мемлекеттік тіл, алдымен, мемлекет­тің басқару жүйесінде мәртебе алады. Сондықтан тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметші­лердің тілді жетік меңгеруін міндеттеп отыр. ­­«ҚР тіл­ туралы» Заңының 8 бабына сәйкес мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы­ мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштерінің бірі – мемлекеттік органдардың құжатайналымдағы мемлекеттік тілдің үлесін арттыру. Бұл бағытта басқармамен тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп келеді.

2017-2018 жылдары жүргізілген мониторинг көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдарда шығыс құжаттардың арасында мемлекеттік тілде дайындалған құжаттардың үлесі 96,3%-дан 98,3%-ға дейін өскен, ал ішкі құжатайналым көлемінде 98,7%-дан 99,7%-ға дейін өскен. Алайда 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында шығыс құжаттарда мемлекеттік тілдің үлесі 97,3% болып, ішкі құжатайналымда 98,8% болып қалыптасты. Осыған орай, басқармалар мен әкімдіктерге арнайы хаттар жолданып, «ҚР тіл туралы» Заң талаптарын және мемлекеттік бағдарламамен бекітілген іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету қажеттілігі ескертілді.
Жалпы облыс бойынша әкімдіктермен барлық шаралар, оның ішінде ресми мәжілістер, жиналыстар тек мемлекеттік тілде өткізіледі.
Атырау облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен 2017-2019 жылдарда облыстағы тілдік ахуалды анықтау мақсатында Атырау қаласында және аудандарда әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Зерттеу қорытындысымен Атырау облысының аумақтық даму бағдарламасына енгізілген, тілдерді дамыту саласына қатысты 3 көрсеткішке қол жеткізілгені анықталды (мемлекеттік тілді меңгерген ересек халықтың үлесі – 2017 жылы 96,5%, 2018 жылы 96,9%, 2019 жылы 97,7%; ағылшын тілін меңгергендер – 2017 жылы 14,8%, 2018 жылы 15,3%, 2019 жылы 19,6%; үш тілді меңгергендер –2017 жылы 11,5%, 2018 жылы 12,1%, 2019 жылы 17,5%).
Қазақстан Республикасы Президен­тінің Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «ҚАЗТЕСТ» жүйесін іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2018 жылы мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін 8148 адам диагностикалық және 206 адам сертификаттық тестілеуге қатысты (2017 жылы – барлығы 4153 адам). Ағымдағы жылға 2106 адамды тестілеуге қатыстыру жоспарланып, сәуір айында 1553 мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметшілері, әскери қызметшілер «ҚАЗТЕСТ» жүйесі ­бойынша диагностикалық тестілеуден өтті. Қазан айында бұл жұмыс жалғастырылып, 300 адам үшін диагностикалық тестілеу ұйым­дастырылса, 106 адам мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын сертификат алу үшін тестілеуден өтеді.
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы өт­кізілген тестілеудің қорытын­дылары көрсеткендей, былтыр облыс бойынша, сертификатқа тапсырған 206 адамның 155-і (75%) қазақ тілін меңгерген деңгейін дәлелдеп, сертификатқа ие болды. Диагностикалық тестілеуге қатысқандардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді базалық (А2) және орта (В1) деңгейде меңгергендігін көрсетті. Ортадан жоғары (В2) – 18%, жоғары (С1) деңгейі – 0,5%. 2017 жылы қалыптасқан жағдайдан көп айырмашылық болған жоқ.
Биылғы көрсеткіштер келесідей: қара­пайым (А1) деңгейде меңгергендердің үлесі – 6,4%, базалық (А2) деңгейде – 33,5%, орта (В1) деңгейде – 22,9%, ортадан жоғары (В2) деңгейде – 31,6% және жоғары (С1) деңгейде – 5%.
Қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына ауыстыру жөніндегі міндетті кезең-кезеңімен іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27-р өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» орындау үшін ­Атырау облысы әкімімен арнайы жасақталған жоспар бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Облыс аумағында латын графикасын түсіндіру, оқыту және насихаттау мақсатында көшпелі семинар-тренингтің алғашқы шарасы былтыр Атырау қаласында 28 наурызда өткізіліп, мемлекеттік тілдің жаңа әліпбиін, сонымен­ қатар оған көшу жолдарын түсіндіру үшін Атырау қаласының 200-ге жуық қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қамтылды. Бұдан әрі 1-16 қазан аралығында облыстың барлық аумағында өткізіліп, 4600-ден астам жергілікті тұрғындармен қамтылды. Семинар-тренингтің мақсаты: тұрғындарды жаңа қазақ әліпбиіне үйрету, дайындау, халық арасында латын графикасына көшуді дәйекті түсіндіру. Аталмыш шараны өткізген топтың спикерлері: «Үш байлық» қоғам­дық бірлестігінің бас директоры, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ғалым, филология ғылымы­ның докторы, профессор, қазақ тілінің жаңа әліпбиінің авторларының бірі Әлімхан Жүнісбек, филология ғылымының кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Көптілді білім беру» кафедрасының меңгерушісі Жұмазия Мәжитқызы Абдрахманова.
5-6 маусым аралығында ­Х.Дос­мұ­­ха­медов­ атындағы Атырау мемле­кеттік университетімен бірлесіп «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру: жаhандану жағдайындағы мемлекеттік тілдің дамуы» тақырыбында облысымызға арнайы шақырылған 39 ғалымның (олардың ішінде 5 шетелден және Қазақстанның 15 жоғары оқу орнынан келгендер) және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қ.Борашевтың, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ­директоры Е.Қажыбектің, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығының директоры Е.Тлешовтың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.
Тамыз айында облыстағы тіл орталық­та­рымен қазақ алфавитін латын графикасына көшіру бойынша облыстық семинар, қазан айында мемлекеттік қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл Latyn qarpimen» атты байқау өткізілді. 14 қарашада өткізілген жалпыхалықтық диктантқа Атырау облысынан 88682 адам қатысып, қатысушылардың 42%-ы диктантты «өте жақсы», 38%-ы – «жақсы» деңгейде жазды. Яғни өңір тұрғындары қазақ тілінің латын графикасына көшуіне аса жоғары қызығушылықтарын танытып, жаңа әліпбиге бейімделу деңгейінің де жоғары екендігін дәлелдеді.
Жыл ішінде латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиі бейнеленген күнтізбелер шығарылып, таратылды.
Жалпы облыс бойынша қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бағытында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып, 2018 жылы 80-нен астам шара өткізілді. Облыстық, аудандық газеттерде 113 материал, жергілікті телеарнада 37 сюжет, интернет-ресурстарда 34 материал жарияланды.
Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. 2019 жылдың I жартыжылында ­облыста 65-тен астам шара өтті, бұқаралық ақпарат құралдары және телеарнада латынға көшу тақырыбы бойынша 26 материал жарық көрді. Облыстық және аудандық газеттерде «Латын әліпбиі», «Рухани жаңғыру», «Руханият» және т.б. айдарлар ашылды. Сонымен қатар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы бейне блоктар жергілікті «Атырау» телеарнасымен жариялануда. Басқарманың мемлекеттік тапсырысымен арнайы дайындалған видеоролик жер­гілікті «Caspian news» телеарнасы ар­қы­лы және әлеуметтік желілерде таратылуда.
2019 жылдың 17-18 маусым күндері өңірдегі орта білім беру мекемелерінің 60 оқытушыларына «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» тақырыбындағы 12 са­ғаттық семинар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Атырау облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен жалпы 2019 жылдың І жартыжылдығында 226 мемлекеттік қызметшіге латын графикасына көшу мәселелері бойынша семинарлар, дәрістер ұйымдастырылды.
2019 жылға жоспарланған шара­лардың ішінде мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Мемлекеттік тіл Latyn qarpimen» атты облыстық байқау, халық арасында кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізу үшін жаңа әліпбиді үйрету мақсатында бейнеролик дайындап, жергілікті телеарна мен әлеуметтік желілер арқылы тарату, «Латынға көшу – өркениетке қадам» атты журналистер арасындағы облыстық байқауды, «Латын әліпбиі балабақшада» атты облыстық байқауды, 16-22 жастағы жастар арасында «Sen de bir kirpish dúnıege» атты шығармашылық байқауды және Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілетін облыс тұрғындарының қатысуымен жалпыхалықтық диктантты атауға болады.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырушы орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың әлеуметтік тапсырыстардың жалпы сомасының кемінде 10%-ын тіл саясатын іске асыру жөніндегі лоттарға бөлуін қамтамасыз ету тапсырмасы берілген.
2018 жылға облыс бойынша мем­лекеттік әлеуметтік тапсырысқа 694 млн 642,0 мың теңге бөлінді. Соның ішінде, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларды насихаттауға, тіл саласына қатысты жобаларға – 89 млн 370 мың теңге, яғни 12,9% бағытталған.
Мемлекеттік тілде сөйлеушінің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған PR-шараларды қарқынды жүргізуді, тиісті көрнекі ақпаратты тарату мақсатында ұлттық мәдени бірлестіктердің жексен­білік мектептерінде мемлекеттік тілді оқыту ұйымдастырылып отыр. 2018 жылы «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің, «Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің, «Светоч» орыс, славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен 22 этнос өкілі мемлекеттік тілде оқытылды.
Облыстық Тілдерді дамыту жөнін­дегі басқармасы Тіл саясаты комитеті Қазақстан Республикасында тілдерді ­дамыту­ мен қолданудың 2011-2019­ жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы аясында әзірлеген әртүрлі сайттары мен оның мобильді қосымшасын әрі қарай жетілдіріп, халықтың кеңінен қолдануына жұмыстар жүргізуде. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық өңірлерде мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан қол үзбей, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін әртүрлі деңгейде меңгеруіне арналған тегін курстар ұйымдастыру үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Атырау облысы бойынша филиалында 2018 жылы мемлекеттік қызметшілердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерін әртүрлі деңгейде меңгеруіне арналған курстар ұйымдастырылды.
Атап айтсақ, мемлекеттік тілді деңгейлеп оқыту, кәсіби қызметіндегі сөз мәдениеті курстарынан – 264, орыс тілін деңгейлеп оқыту курсынан – 163, ағылшын тілін деңгейлеп оқыту курсынан – 108, мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу және латын әліпбиімен танысу курсынан 181 мемлекеттік қызметшілерге оқыту курстары жүргізілді. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстық басқармалар, Атырау қалалық, Исатай, Құрманғазы, Қызылқоға және Махамбет аудандық әкімдіктердің қызметкерлері үшін ағылшын тілін деңгейлеп оқыту ұйымдастырылып, 134 мемлекеттік қызметші оқыту курсын нәтижелі аяқтады.
Халыққа қызмет көрсетуші ұйым­дар мен жергілікті мемлекеттік орган­­дарда тіл заңнамасының толық сақта­луын қамтамасыз ету бойынша Атырау қаласында, сондай-ақ аудан орта­лық­тарында халыққа қызмет көрсе­тетін ұйымдардың, соның ішінде қонақүйлердің, сауда орталықтарының, банктердің қызметінде тіл заңнамасының толық сақталуына ай сайын зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр жалпы облыс бойынша басқарма, қала, аудандар әкімдіктерімен 951 (2017 жылы – 763) көрнекі ақпарат құралы зерттелді, оның ішінде тіл заңнамасы талаптарына сай келмейтін 337 (2017 жылы – 248) көрнекілікті анықтады. Яғни әрбір 3-ші көрнекілікте тіл туралы заңнаманың талаптары сақталмай тұрған. Басқарма қызметкерлері зерттеумен 164 (2017 жылы – 122) көрнекі ақпарат құралын қамтып, мәтіні тіл заңнамасына қайшы ресімделген 164 (2017 жылы – 107) көрнекі құралдарын тіл заңнамасына сәйкестендіру жөнінде ұсынымдар берді. Биыл I жартыжылдықта 261 объектіде (яғни сауда орталықтарында, білім беру мекемелерінде, қонақүйлерде, басқа да халыққа қызмет көрсететін орындарда) қоғамдық акциялар өткізіліп, 456 көрнекі ақпарат зерделенді. Олардың 265-де (яғни 58%-да) тіл ­туралы заңнаманың талаптары сақталмай тұрғандығы анықталды. Бұл ретте қоғамдық топ мүшелерімен түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қателерді түзету ұсынылды. Анықталған кемшіліктер «Қазақстан Республикасындағы тіл ­туралы» Заңының 21 бабында көрсетілген талаптардың сақталмауына байланысты. Мәселен, меншік ­нысанына қарамастан, ұйымдардың мөрлерінің, мөртабандарының мәтіні мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылуы тиіс. ­Сонымен қатар бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, ал қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылады. Бұзушылықтың басым көпшілігі ақпарат тек бір тілде (басымдылық орыс тілінде) орналасқаны, мемлекеттік және орыс тілінде жазылған көрнекіліктің орналастыру тәртібі сақталмағаны, мәтін мазмұнында жіберілген қателер, түсіп қалған әріптер, т.б. болып отыр. Өткен жылы Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың қызметкерлері банк филиал­дарында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларын орындаудағы жұмысы туралы зерделеу барысында анықталған кемшіліктерді жойып, алдағы уақытта тіл туралы заңнаманы бұзу фактілерін болдырмау мақсатында әдістемелік көмек көрсетті. Сонымен қатар Жылыой ­ауданы әкімдігінде, Атырау облысының Әділет департаментінде ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын, Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламаларын орындаудағы жұмысы туралы зерделеу жұмыстары жүргізілді.
2018 жылы облыстық ономастика комиссиясының қолдауымен, Атырау облысы әкімдігі мен Атырау облыстық мәслихатының бірлескен қаулы, шешімі шығып, Құрманғазы ауданында бірқатар әкімшілік-аумақтық бірліктердің идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары­ өзгертілді. Нақты айтсақ, Ганюшкин­ ауылы­ Құрманғазы ауылы болып өзгертілді, Дәшін ауылы – Хиуаз а­уылы, Киров ауылдық округі – Жаңаталап ауылдық округі болып қайта тіркелді.
Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің жанындағы республикалық ономас­тикалық комиссиясының жұмысын қамтамасыз ету, ономастикалық атауларды ретке келтіру мақсатында 2018 жылы ұсынылып, былтыр және биыл жыл басынан бері ҚР Үкіметінің қаулысымен облысымыздың 8 білім беру мекемесіне жаңа атау берілді. Атап айтсақ, Атырау қаласындағы №18 Н.Крупская атындағы орта мектепке Хиуаз Доспанова­ есімі берілді; Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжіне Сафи Өтебаев есімі, Мақат ауданындағы ­Доссор балалар өнер мектебіне Рыспай Ғабдиев есімі, Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы жалпы білім беретін Чапаев бастауыш мектебіне Жамбыл есімі, Махамбет ауданында Чкалов атындағы орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлы есімі, Индер ауданында Гребенщик орта мектебіне Әбіш Кекілбайұлы есімі, Атырау қаласындағы аграрлы-техникалық колледжге Оңайбай Көшековтің есімі және Атырау мұнай және газ университетіне Сафи Өтебаевтың есімі берілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының мақұлдауымен, ҚР Үкіметінің қаулысымен Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы Тұщықұдық ауылдық мәдениет үйіне Нариман Үлкенбайұлының есімі берілді.
Былтыр облыстық ономастика комиссиясының 3 отырысы өткізіліп, жаңа атау беру бойынша 304 ұсыныс қаралды, оның 273-і мақұлданды. Барлығы да құрамдас бөліктер атаулары.
Жалпы айтқанда, 2019 жылдың 1 қаңтарына облысымыздың аумағында ­мекенжай жүйесінде тіркелген 238 әкімшілік-аумақтық бірліктер (облыс, қалалар, аудандар, ауылдық округтар, кенттер, ауылдар), 4024 геонимдер (ықшам аудандар, көшелер, даңғылдар, өткелдер, алаңдар, жер телімдері, елді мекендердің басқа да құрамдас бөліктері) бар. ­Сонымен қатар мемлекет меншігіндегі объектілердің саны 810. Олардың ішінде идеологиялық тұрғыдан ескірген 13 әкімшілік-аумақтық бірліктің атауы, 69 көшенің атауы, 21 мемлекет меншігіндегі объектінің атауы.
2018 жылғы 12 қарашадағы ҚР Прези­денті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес өңірлік ономастика комиссиясының жұмысы уақытша тоқтатылды. Яғни қазіргі таңда түсіп жатқан ұсыныстар комиссиямен қаралмайды. Бүгінгі күні жергілікті жерлерде идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен және тек жалпы ұлттық деңгейде танымал тұлғалардың есімдерімен өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мемлекеттік тіл саясатының ұстанымы.
Тағы бір айта кетерлігі, республика­ бойынша ортақ тарихи сананы қалып­тастыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігімен ҚР Президенті Әкімшілігімен келісіліп «Дәстүрлі атаулар» (298 атау), «Тарихи жер-су атаулары» (70 атау) және «Тарихи тұлғалар» (150 есім) тізімдері бекітілді. Бүгінгі таңда ономастика­ саласында атаулар тек осы бекітілген тізімдердің ішінен алынады.
Жалпы облыс бойынша мемле­кеттік бағдарламамен көзделген жұмыстар жалғасуда, қорытындылары жергілікті және республикалық БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер бетінде ақпараттандырылып жатыр.