Өскеменде «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» облыстық байқауы өтті

Өскеменде «Ұлттық басылым – ұлттық тіл»  облыстық байқауы өтті

«Таныстыру», «Тағылымды тарих», «Егемен Қазақстан болашақта», «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» кезеңдері бойынша бақтарын сынады.

Кеше Өскеменде «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығына орай «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» атты облыстық байқау өтті. Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен сайысқа өңіріміздегі бес оқу орнының студенттері қатысып, «Таныстыру», «Тағылымды тарих», «Егемен Қазақстан болашақта», «Ұлттық басылым – ұлттық тіл» кезеңдері бойынша бақтарын сынады.

Сайыс қорытындысында Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Көк түрік» командасы Алғыс хатпен марапатталса, Семей медицина университетінің «Достар» командасы 3 орынды иеленді. Жүлделі 2 орын Семейдегі М.Әуезов атындағы педогикалық колледждің «Руханият» командасына бұйырса, 1 орынды Қазақстан-Америка Еркін университетінің «Ұшқын» командасы қанжығасына байлады. Бас жүлдені Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Алтай ақпарат» командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің барлығына басқарма атынан бағалы сыйлықтар тапсырылды. «Байқаудың аты айтып тұрғандай ұлттық басылым, ұлттық тіл бір ұғымдар. «Egemen Qazaqstan» газеті мен мемлекеттік тіл егіз ұғым десек артық айтпаймыз. Басылым тіл тазалығына әрдайым мән береді. Көп газеттер осы басылымға қарап бой түзейді.

Газеттің бір ғасырлық тарихы үлкен, мағыналы, мәнді тарих. Облыстағы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып отырған басқарма болғандықтан мерейлі датаны ескерусіз қалдыруды жөн көрмедік. Шараны Жастар жылы аясында студент жастардың арасында ұйымдастыруды ұйғардық» дейді басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.