Қажеттілік тіл қадамын аштырады

Қажеттілік тіл қадамын аштырады

​Президент Қ.Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.

Қазақ тілі болашақта әрі мемлекеттік, әрі ұлтаралық тіл болмақ. Тілді «тізеге салып», қысастықпен үйрете алмаймыз. Тіл саясаты сындарлы, салмақты да ымыралы (пәтуәлі) мәжбүрлеуді қажет етеді. Ұлт тілін тұтынушыларға, үйренушілерге диалогтік, тілдік орта, қолданыстық ая қалыптастырған жөн. Өзге ұлттар мен өз тілін өгейсіп жүрген қандастарымызды бауырымызға тартып, оларға қазақ тілінің сұлулығын, әлеуеті мен қолданыс қажеттілігін шебер ұйымдастыра түсіндіруіміз қажет. Ендеше, алдымен «қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі» (Н.Назарбаев) бүгінгі күн талабы болғаны жөн.

Біз бұған дейін «Тіл – қатынас құралы» деп келдік. Туған тіліміз – ана тілі – қазақ тілі де мемлекеттік тіл дәрежесінде тағы сол қатынас құралы ретінде жұмсалып келді. Мемлекеттік тіл бола тұра, ол толыққанды кеңсе тілі болмады, іс қағаздары қазақ тілінде жүргізілмеді. Белгілі бір мемлекеттік құжат алдымен орыс тілінде жасалып, содан кейін ғана ол қазақ тіліне аударылып берілді, тек әйтеуір сол «аудардық қой» деген көзқарас қалыптасып кетті. Тіпті кез келген мекемеге барсаңыз, толтыруға берілетін бланктердің қазақша нұсқасында қате атаулы өріп жүретініне де көз үйрете бастадық, бұл, әрине, жол беруге болмайтын немқұрайлылық болып саналуы қажет. Сөйтіп, өз ана тіліміз өз жерімізде екінші сұрыпты тілге айналды. Ол қоғамда көшірме, аударма тіл қызметінде жұмсалып келді. Оған ­себеп: тіліміз елде үстемдік құрып тұрған ұлтаралық тіл – орыс тілінің көлеңкесінде қалып қойды, мемлекеттік тілден гөрі ұлтаралық қатынас тілінің дәрежесі, рөлі мен қолданыс аясы артып кетті. Халықтың сұранысы өзге тілге ауды.
Не істеу керек? Сұраныс бар жерде қажеттілік пен қолданыс бар. Ана тіліне қолданыстық ая жасауымыз керек. Ең алдымен,­ таза қазақша балабақша (аралас емес), мектептер (аралас емес) көптеп ашылуы қажет. Аралас деген нәрсенің өзі кейде, менің түсінігімде «дүбәра, қалаймақан, мәңгүрт» сөздерімен астасып жататыны белгілі. Біз аралас балабақша мен мектептерде бала оқытып, тәрбиелеп еш опа таппаймыз. Онда оқыған бала үзіліс арасында, бір-бірімен қарым-қатынас кезінде орыс тілінде сөйлеседі, ұғысады. Ондағы жалпы атмосфера орыс тілінде болады. Ендеше, ұлт тілінде мектеп ашсақ, ол таза қазақша дәріс беретін білім ошағы болуы керек, ал орыс тілінде ашылса, ол таза орыс тілінде сабақ жүргізуі қажет. Мен осы «аралас» мектептерді кім және қандай мақсатта ашқанын әлі түсіне алмай жүрмін. Мүмкін, ұлтаралық татулықты дамыту, орыс балаларын қазақша, керісінше, қазақ балаларына орыс тілін үйрету ниеті болған шығар.
Қазақ және орыс тілінде білім беретін мектептер бөлек орналасса, олардың арасында білім мен тәрбие саласында бәсекелестік пайда болады. Ал өзге тілді үйретпек болсақ, мектептегі сол пәндерді өз дәрежесінде тереңдете оқытудың өзі де жеткілікті әрі тіл үйренем деген бала өз бетінше ізденіс арқылы, тіпті ауладағы достарымен қарым-қатынас жасауда қалыптасатын тілдік ортада-ақ үйреніп алады.
Президент үкімет пен министрлік алдына мынадай тапсырма-міндеттер жүктеді: білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыру; ауыл мен қала мектебіндегі білім айырмашылығын жою; ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-сыныптан бастау; жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді мектептердің дайындығына қарап жүргізу.
Ауыл мен қала мектептеріндегі білім беру айырмашылығын жою әзірше мүмкін болмай тұр. Өйткені дала емес, қаланың өзінің шеткері аудандарында әлі күнге дейін компьютерлік кластар толық жарақтандырылмаған. Ауыл мектептері кейбір пән мұғалімдерімен толық жасақталмаған. Институт түлектері ауылға ­барудан әлі де қашқақтайды, себебі онда еңбек етуге қолайлы жағдай жасалмай тұрғаны да белгілі. «Дипломмен ауылға» жобасының да соңы сұйылып кетті.
Шет тілін 2-3, тіпті 5-сыныптан бастап оқытуды қос қолдап қолдар едім. Өйткені 5-сынып оқушысы мектепке біртіндеп бой үйретеді, ақылы толысады, ұлт тілінде еркін оқып, жазуды меңгереді, ұлттың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, діні мен ділі жайлы аздаған мәлімет алады. Осы орайда мектептерде болашақта «Ұлт болмысы», «Қазақ салт-дәстүрлері, «Қазақша әдет-ғұрып, ырымдар», «Ұлт ділі мен дініне кіріспе» тәрізді қазақ ұлтын таныстыратын жаңа пәндер оқытылса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана бала өзінің кім екенін, қандай елдің, ұлттың өкілі екенін түсіне бастайды. Қысқасы, 5-сыныпқа дейін бала бойына ұлттық болмыстың құнарлы дәнін сіңіру қажет.
Жоғары сыныптарда жаратылыстану-техникалық пәндерді шет тілінде оқыту үшін мектептерді білікті, үштілді жетік білетін оқытушылар тобымен жасақтап, оқу орында­рының материалдық-техникалық базасын жетілдіру қажет. Бұл – асықпай біртіндеп жүзеге асырылатын үдеріс. Бала ағылшын тілін жетік меңгергеннен кейін ғана оларға жоғары сыныптарда пәндерді шет тілінде оқытуға болар еді.
Бәрімізге белгілі, 2025 жылы мемлекетімізде латыннегізді жаңа ұлттық қазақ әліпбиіне көшу жоспарлануда. Бұл – рухани жаңғырудың нағыз тұрпаттық белгісі, қазақ үшін нағыз тағдыршешті кезең. Алайда біз, қазақ халқы, көп жағдайда немқұрайлылыққа, көбіне асығыстық пен науқаншылдыққа жол беретін халықпыз. Әліпби, емле ережелері толыққанды даярланбай, оларды қолдануға жоғарыдан жарлық шықпай жатып, елді мекен, көше, ­мекеме, жоғары оқу орындары атауларын ­латын қарпімен жазу үрдісі белең алды. Ал кейін әліпбидегі кейбір көзкөрімге ыңғайсыз, жазуға қолайсыз әріптер өзгертіліп жатса, сол жазылымдарды өзгертуге тура келеді. Бұл қыруар қаражатты желге шашумен бірдей болмай ма? Ең болмаса, латыннегізді жаңа қазақ ұлттық әліпбиін салтанатты түрде енгізетін тарихи сағатты неге күте білмейміз?
Қорыта айтқанда, тілімізді ұрпағымызға қайнар бұлақ суындай таза қалпында жеткіземіз десек, оны қолдануды «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп М.Әуезов айтқандай, төменнен – балабақшадан – өскелең ұрпақ тәрбиесінен бастау керек. Тілді қоғамның барлық сатысында қолдануға күш салған дұрыс. Қазақ тілін қолдануды қажеттілік ретінде санауымыз қажет. Ал оның бәрі белгілі бір заңмен бекітілгені ­абзал және ол заңның салтанат құруын мемлекет қатаң қадағалауға тиіс. Сонда ғана ана тіліміз ұлтаралық тіл де, мемлекеттік тіл де дәрежесін толыққанды атқарып, қазақстандықтарды бір тудың астына айрандай ұйыстыратын, темірдей қайнастыра біріктіретін әлеуетке ие бола алады.