«ЖАЗЫЛЫМ» - ЛАТЫННЕГІЗДІ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ҮЙРЕТЕТІН ОҚУ ҚҰРАЛЫ

«ЖАЗЫЛЫМ» - ЛАТЫННЕГІЗДІ ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІН ҮЙРЕТЕТІН ОҚУ ҚҰРАЛЫ

​Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы қазақ тілінің жаңа графикасы бойынша тұңғыш жаттығулар жинағын құрастырып, «Тілтану» қысқа мерзімді оқыту курсын жүргізіп жатыр.

Қазақ тілінің жаңа графикасы бойынша тұңғыш жаттығулар жинағы «Жазылым» деген атпен қыркүйек айында баспадан шыққан болатын. Жинақтың мақсаты – облыстың ересек тұрғындарына латыннегізді қазақ әліпбиін және емле ережелерін меңгерту.

Жаңа жазуды меңгеру барысында әрбір адамның алдында, ең алдымен, барынша жылдам әрі сауатты жазу және қарқынды оқу дағдысын қалыптастыру қажеттілігі туындайтыны белгілі. Осы орайда, «Жазылым» жаттығулар жинағы жаңа әліпбидің қыр-сырын жазу және оқу дағдысы арқылы меңгертуге бағытталған 2 бөлімнен, атап айтсақ, «Жазылым» және «Оқылымнан» тұрады.Бірінші бөлімінің тараулары: «Әліпбимен танысу», «Дауысты дыбыс әріптерініңемлесі», «Дауыссыз дыбыстар емлесі», «Шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы», «Түбір сөздер, қосымша сөздер емлесі», «Бөлек және бірге жазылатын сөздер емлесі», «Бас әріптер емлесі», «Қысқарған сөздер емлесі», «Сөздердің тасымалдануы». Аталған бөлім 173 жаттығу тапсырмаларын қамтиды. Жаттығулар мазмұны қарапайымнан күрделіге қарай өту қағидасына сәйкес жүйеленген:

  • Бос орындарға түсіп қалған әріптерді жазыңыз;
  • Әріптерді әліпби бойынша ретімен орналастырыңыз;
  • Сандық бейнемен жасырылған сөздерді жаңа әліпбидің реттік жазылуына сүйене отырып табыңыз;
  • Көп нүктенің орнына тиісті әріптерді қойыңыз;
    Берілген сөздерді жаңа әліпбимен жазыңыз;
  • Төмендегі сөздерден сөйлем құраңыз;
  • Сөйлемдерді жаңа әліпбимен жазып, тиісті қосымшаны жалғаңыз және т.б.

Екінші тарау – «Оқылым» бөлімі. Бұл бөлім түрлі қатысым тақырыптарын қамтитын 40-қа жуық шағын мәтіндерден тұрады. Атап айтсақ, «Қымыз», «Құйрық-бауыр», «Байлау», «Тамақ түрлері», «Көбелектің иісі», «Түркістан қаласы», «Ақсақ киік», «Қазақтың тұңғыш суретшісі», «Отбасы – тәрбие бастауы», «Ана әлдиі», «Адай» күйі» деген т.б. көлемі шағын мәтіндер латын графикасында оқу дағдысын жетілдіріп, көзшалымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда аталған жаттығулар жинағын «Тілтану» қысқа мерзімді оқыту курсы тыңдаушылары негізгі оқу құралы ретінде пайдаланып келеді. Бұл курс тыңдаушыларының латыннегізді жаңа әліпби, емле ережеге қатысты базалық білімдер мен дағдыларды қалыптастыра отырып, жаңа графиканы оңай оқып түсінуге, дұрыс жазып үйренуге ықпал етеді,- дейді авторлық ұжым. Авторлық ұжымды Тілдерді оқыту орталығының латын графикасы бойынша тренерлері құрайды, атап айтсақ, К.Серғазина, А.Сүгірбаева, Г.Аяпова, А.Тәңірбергенова, Ш.Түменбаев, Г.Төлегенова, Д.Нұрмұхамедова. Бүгінгі күнде «Тілтану» курсының алғашқы тыңдаушылары оқып жатыр, олар құқық қорғау органдары қызметкерлері. 24 сағаттық оқыту курсы аясында тыңдаушыларға сертификаттар табысталады. Жыл соңына дейін «Тілтану» қысқа мерзімді латынегізді әліпбиді үйретуге арналған курспен 1000-ға жуық адам қамтылады деп жоспарлануда.

А.Сүгірбаева

Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының

Тілдерді оқыту орталығының әдіскері