Мемлекеттік тіл - менің тілім

Мемлекеттік тіл - менің тілім

Тіл саясатының басты міндеттерінің бірі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның мемлекеттік басқару тілі ретіндегі рөлін нығайту. Бұл бағытта Шымкент қаласында батыл бастамалар қолға алынып, тиянақты тірліктер атқарылды.

Шымкент қаласында Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 4-11 қыркүйек аралығында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі аясында қала көлемінде апталық өтті.

Орталықтың бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес апталық көлемінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» форумы, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауы, «Біз латынды қолдаймыз!» акциясы, «Сөзмерген», «Тілтаным» сайыстары өткізілді.

Апталық өз жұмысын 11 қыркүйекте «Мемлекеттік тіл – менің тілім» форумымен өз жұмысын аяқтады. Форумға этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының ғалымдары, әр түрлі саланың мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Форумда құттықтау сөз сөйлеген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов мемлекеттік тілдің рөліне тоқталып өтті.

«Жазушы Мұхтар Шаханов ағамыз «Тіл — әр ұлттың ең ұлы анасы» — деп бекер айтқан жоқ. Егемендігімізді алғалы бері Қазақстанда жүзден астам әр түрлі ұлттың азаматтары өмір сүруде. Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан саясаттың негізінде барлығы да өзінің тілін дамытуға, сақтап қалуға, салт-дәстүрін нығайтуға жағдай жасалған. Бүгінгі мемлекеттік тіліміз — ол қазақ тілі. Кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру жөнінде біршама мәселелер айтып кетті. Сонымен қатар, мемлекеттік тіліміз ұлтаралық қатынас тілге айналуы керектігін де сөз етті. Сондықтан біз шымкенттіктер бірлесе осы бағытта үлкен жұмыс істеуіміз керек. Осы мерекені тек қана бір күнде насихаттап, ұлықтап қоймай, тыныс- тіршілігімізде, тұрмысымызда өз әрекетімізбен, өз іс-қимылымызбен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет», - деді қала әкімі.

Форумда мемлекеттік тілдің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген қаламыздағы тіл жанашырлары марапатталды. Сонымен қатар, жиналғандар Абай шығармаларының композициясын тамашалап, Қобыланды батыр жырынан үзінді тыңдады.